Билік

Қала әкімінің есебі басталды

Аманқос Орынғалиұлы,

«Ақтөбе»

Ақтөбе қаласы —  халқының  саны жөнінен еліміздің ең ірі бес қаласының қатарына кірді. Соңғы санақтың қорытындысы бойынша қазір мұнда 400 мыңның үстінде адам тұрады. Қаланың байырғы аудандары тығыздалып, жаңадан қоныстанушылардың есебінен шеткері ауылдары өсті. Олардан бөлек қала маңайында 57 жаңа елді мекен пайда болды. Қазіргі кезде облыс халқының 60 пайызы осы қалада, қала маңындағы ауылдарда тұрады деп есептеледі.

Бас-аяғы бес-он жылдың ішінде аймақтағы халықтың басым бөлігінің бұлайша қалаға шоғырлануы — қала әкімдігіне қай кезде де жеңіл бола қойған жоқ. Өзіндік түрлі қиындықтарымен, қазір мүлде жаңа тұрпаттағы қала қалыптасып жатыр. Іргесі қаланғанына 140 жыл толу мерейтойын қала әкімдігі лайықты табыстармен атап өтті. Сәулеті мен салтанатын асыратын жаңа ғимараттар салынды. Жаңадан сулы-нулы саябақтар, гүлді-су бұрқақты гүлзарлар орнады.Абаттандырылған, ерекше жарық шамдар қондырылған, жаңғыртып қайта асфальтталған көшелер молая түсті. Мұндай сән-салтанат қаланың шеткі көшелері мен қалаға қарайтын іргелес ауылдарды да қаусыра бастады. Әсіресе, тазалық, көгалдандыру жұмыстары бұрын- соңды болмаған қарқынмен жүргізілді. Соның нәтижесінде Ақтөбе таза қалаға айналды. Мұны облыс орталығына жиі келетін қонақтар да мойындап жүр. Ең жоғары баға — қаланың мерейтойына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаланың көркеюі, оның жасампаз адамдары туралы тұрғындармен кездесу кезінде айтқан сөздері дер едік.

Осындай жағдайда да қаланың шаруасы түгелденді деуге болмайды. Жыл келуімен оның жұмысы көбейе береді. Жаңа міндеттер туындайды. Қаланың тірлігі — таусылмайтын, жыл он екі ай жалғаса беретін қиын тірлік. Соның ішінде шеткері аудандардағы, ауылдардағы жұмыстар әлі де  күрделі. Қала әкімі Архимед Мұхамбетов қала бойынша бес жерде тұрғындармен кездесу өткізіп, есеп беруді көздесе, соның алғашқыларын қаланың шеткері ауылдарынан бастауы да осымен байланысты сияқты.

Әкімнің алғашқы кездесуі дүйсенбі күні  Кеңес Нокин ауылында Благодарный селолық округі тұрғындарымен өтті.

Благодарный — қаланың ірі селолық округтерінің бірі. Округ аумағы 102,9 мың гектар жерді алып жатыр. Соның ішінде ауылшаруашылық бағыттағы жерлері 79 мың гектардан асады. Округ құрамында 11 елді мекен бар. Бұл өңірде 10 мыңнан астам адам тіршілік етеді.

Өткен жылы округті көркейту, коммуникациялар құрылысын жүгізу және жөндеу жұмыстары бойынша көп іс тындырылды. Алдыңғы жылдардағыдай, құрылыс жұмыстары өрістеді. Жалпы алаңы 2452 шаршы метр 26 үй салынды.

Әсіресе, елді мекеннің тазалығына көп мән берілді. Тек өткен жылы округ елді мекендері аумағынан 1714 текше метр қоқыс шығарылып, 280 түп ағаш отырғызылды. Жазғы маусымда Пригородный ауылындағы орталық көшелер жөнделіп, ой-шұқырлары  тегістелді. Өлке ауылындағы өзен арқылы өтетін көпір қалпына келтірілді. Ауыл шаруашылық колледжі аумағындағы жол жөнделді.

К.Нокин ауылының Бейбітшілік көшесіне жарық орнатылып, ұзындығы 3700 метр көшеге асфальт төселді. Қызылжар, Украинка ауылдарындағы жаңа тұрғын үйлер ауданында ұзындығы 24 шақырым электр желісінің құрылысы аяқтала келді. Сондай-ақ осы жылы Ақшат кентіндегі жаңа құрылыс ауданына электрмен жабдықтау инженерлік желілері тартылды. «Ақжар-2», «Өлке» елді мекендеріне жоғары кернеулі электр желісі жеткізілді. Қала әкімінің есебінде айтылғандай, бұл өңірлердегі елді мекендерге электрмен жабдықтау инженерлік желілері таяу уақыттың ішінде толық жүзеге асып болады.

Селолық округ тұрғындары арзан көгілдір отынды тұтынады. Тек өткен жылы К.Нокин ауылының жаңа құрылыс ауданына, Красносельский және Ақшат елді мекендеріне газ барды. Ауылдардың ауыз су жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Благодарный селолық округінің Шилісай кентіндегі шахталы құдықты күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге өткен жылы 2 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі сәтте ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін мамандандырылған бригада тәулік бойы жұмыс істейді.

Алдын ала облыс, қала әкімдігі жүргізген тегеурінді шаралардың арқасында бұл аймақтың тұрғындары да дағдарыс зардаптарын сезінген жоқ деуге болады. Қайта, бірсыпыра салалар бойынша игіліктер арта түсті. «Жол картасы» бағдарламасы аясында Пригородный, Белогор, Садовое, Ақшат ауылдарындағы мектептер күрделі жөндеуден өтті. Бұрын пешпен жылытылып келген ғимараттар, ауылдарға газ баруына байланысты газбен жылыту жүйесіне көшірілді.Тек осы мақсатқа 4 млн. 300 мың теңге қаржы бөлінді. Мектептердің материалдық-техникалық базаларын жақсартуға 6 млн. 27 мың теңге қаржы берілді.

Осындай игілік көріп отырған өңір тұрғындарының орта және шағын бизнес, кәсіпкерлік салаларында, өндірісте қол жеткізіп отырған табыстары да аз емес. Округ аумағында 127 шаруашылық субъектісі жұмыс істейді. Соның ішінде 70-тен аса ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер бар. Өткен жылы осы өңірдің шаруа қожалықтары 11,5 мың гектар алқапқа егін егіп, қуаңшылық жылдың өзінде тәп-тәуір өнім алды. Мал өсірумен де жақсы айналысып келеді. Мәселен, «Анисан», «Адай», «Асан и Н», «Эдильбай-Элит» шаруа қожалықтарында өткен жылы мал басы біршама өсті.

Кездесуде қала әкімі жәшіктер мен телефондар арқылы алдын ала түскен сауалдарға толық жауап берді. Айталық, «Пригородный» ауылының тұрғындары осы жылы балабақша салуды сұраған. Оған әкім  Елбасының ұстанған саясатының арқасында әлеуметтік мәселелердің алда да жалғасатынын айта келіп, биылғы жылы қала аумағында республикалық бюджет қаржысы есебінен 3 балабақша салынатынын мәлімдеді. Ал келесі жылы кемінде 6-7 балабақша құрылысын салу көзделіп отыр. Ауыл тұрғындарының бұл өтініші сонда ескеріледі. Әкім балабақшаға деген сұраныстың қала аумағында өте жоғары болып отырғанын да айтып өтті. Тек балабақша емес, алдын ала түскен сұрақтардың басым көпшілігі жаңа пайда болған ауылдардағы электр қуатына, ауыз су мәселесіне, қоғамдық көлік қатынасына, жаңа мектеп құрылыстарын салуға байланысты екен.

— Мұның бәрі бір күнде бола қалмайды. Көп жұмыстардың қалада қарқынды жүріп отырғанын жақсы білесіздер. Сондықтан тілектеріңіздің орындалатыны анық. Тек бірігіп жұмыс жасауымыз керек, — деп қорытты Архимед Бегежанұлы.

Есепті баяндама аяқталып,  алдын ала қойылған сауалдарға жауап беріп болғаннан кейін, тұрғындар әкімге залдың әр тұсынан сауалдар қоя бастады. Және сауал қоюшылар бірыңғай ардагер қауымы болды. Көпшілігі қала басшысы қайтарған жауапты ескермей, қайталап қоюмен болды. Бірсыпырасының облыс, қала әкіміне айтар тілегі, алғысы араласып отырғандықтан, сұрағы айқындалмай, сауалдан гөрі жиналыстағы сөзге айналып отырды. Ақсақалдар негізінен селолық округ аумағында жасалып отырған қамқорлықтарға ризалықтарын білдірді. Қандай да бір тұрмыстық қиындық көріп отырмыз дегендер болған жоқ.

Олардың арасында Жолдығали Ақбұрышов ақсақал сияқты әлі де ортақ игілікке үлес қосып отырғандар да ұшырасатынға ұқсайды. Бұл ардагерді өзінің жеке ауласында өндірген етін, сүтін, көкөніс өнімдерін тұрғындарға жеткізу мәселесі мазалайды. Сондықтан қалада осындай өнімдерді сататын арнайы сауда орындарын ұлғайтуды сұрайды. Қала әкімі бұл бағытта тек өткен жылы 17 сауда нүктесі ашылғанын, алда оны молайту бағытында жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.

Округ тұрғындары қала әкімінің жыл ішіндегі атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, алда да табыстар тіледі.

* * *

Автобустар толықтырылады, үйлер ажарланады

Сейсенбі күні Новый селолық округінде қала әкімі Архимед Мұхамбетов кезекті есеп беру жиынын өткізді.

Басқосуда қала әкімі алдымен биылғы жылдың қорытындысына тоқталды. Аймақтың әлеуметтік экономикалық даму қарқыны  айтылып, келешекте атқарылатын жұмыстар айқындалды. Ақтөбе соңғы жүргізілген санақ қорытындысы бойынша еліміздің бес ірі қаласының қатарына қосылды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, өнеркәсіп өнімінің көлемі 196 миллиард 200 миллион теңге болса, табиғи өнім индексі — 100,5 пайыз. 2008 жылмен салыстырғанда, өткен жылы өнеркәсіп өнімі 30 пайызға көп өндірілген. Ал сыртқы тауар айналымының көлемі 4 миллиард АҚШ долларына жетсе, импорт пен экспорт көлемі де өскен. Индустриалды және инновациялық даму стратегиясы аясында соңғы екі жылда 71 инвестициялық жоба іске асуы тиіс. Осы жобалар аясында 15 мың жұмыс орны ашылмақ. Ал өткен жылы 25 инвестициялық жоба жүзеге асып, 3200 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ кәсіпкерлік, шағын бизнес, ауыл шаруашылық саласы  бойынша да өнім көлемі артқан. Мәселен, Новый селолық округі бойынша 17 шаруа қожалығы, 4 ЖШС-сы, 2 тұтыну кооперативі жұмыс істейді. Былтыр округтің шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері бағаны тұрақтандыру  мақсатында ұйымдастырылған ауыл шаруашылық  жәрмеңкелеріне белсене қатысып, өз өнімдерін жұртшылыққа арзан бағамен ұсынды.  Сондай-ақ қала әкімі округте жол, газ, инженерлік жүйе бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бұдан кейін қала әкімі арнайы орнатылған жәшіктер мен телефон арқылы түскен сұрақтарға жауап берді. Мәселен, Құрашасай ауылының тұрғындары №37 бағыттағы автобустың жиі жүруін сұраса, Новый селолық округінің тұрғындары  №21 бағыттағы автобустардың үлкен сыйымдылықта болғанын қалайды. Қала әкімі №37 бағыттағы автобусқа тағы бір рейс қосылатынын айтты. Ал қазіргі күні округке  №21 бағыттағы 11 автобус қатынайтын болса, оның алтауы үлкен сыйымдылықтағы көліктер екенін, алдағы уақытта олардың қатары тағы  толығатынын жеткізді. Ал көшені жарықтандыруға қатысты сұраққа қала әкімі былай деді:

Былтыр бірқатар көшелерге көше шамдарын орнаттық. Ал округті толықтай жарықтандыру үшін қомақты қаржы керек. Бұған қоса жыл өткен сайын электр қуатының бағасы өсуде. Сондықтан осы бағыттағы шығындарды азайту үшін әзірге жарықтандыру жұмыстары кейінге қалып тұр. Дегенмен, қалада жарықтандыруды қажет ететін көшелер көп. Мәселен,  Құрмыш, Шанхай аудандарының кейбір көшелері жарықтандырылмаған. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың барлығы біртіндеп шешімін табады. Ал жаңа құрылыс салынып жатқан аймақтарға міндетті түрде көше шамдары орнатылады. Өйткені бұл құрылыс жобасына енгізілген.

Сондай-ақ қала әкімі «Бірлік» ауданындағы электр жабдықтау жұмыстарының жуырда аяқталатынын айтты. Жиналғандар тарапынан да сұрақтар қойылды. Мәселен, ауыл мектебінің ескі екені айтылды. 1964 жылы салынған білім ордасы қазір апатты жағдайда тұр. Қала әкімі биыл мектеп күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді. Жиында «Жастар» шағын ауданындағы «В» кварталына көше жолын салу  мәселесі айтылды. Архимед Мұхамбетов округке кіретін жолдың жөнделетінін, ал аталған кварталға көше жолын салу мәселесі алдағы жоспарға енгізілетінін айтты. Сондай-ақ Жеңістің 65 жылдық мерейтойында округтегі соғыс ардагерлері назардан тыс қалмайтынын, қазіргі күні арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатқанын  жеткізді

Қала әкімі жиналғандарға тұрғын үйлердің сыртқы ажарына ерекше мән берілу керектігін, бұған қоса арнайы тексеру жүргізіліп, жобадан тыс салынған үйлер анықталатынын ескертті. Яғни, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің осы өңірден өтуіне орай, қаланың сыртқы келбетіне ерекше назар аударылмақ.

Жиында ауыл ақсақалдары соңғы жылдардағы жетістіктер үшін  қала әкіміне алғыстарын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

***

Түпкілікті жоспарлар, түйінді мәселелер

Мұғалжар ауылдық округі мен Жем қаласында есеп берген кезде  аудан әкімі өзімен бірге, аудандық мәслихат хатшысын, бөлімдердің басшыларын ертіп барды. Кездесулерге  аудан прокуроры, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы  аудандық филиалының өкілі қатысып, әкіммен бірдей, ауыл тұрғындарының өздеріне қатысты сауалдарына жауап берді.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың есебін жұртшылық жылы қабылдады. Өйткені жыл ішінде аудан көлемінде, әр ауылда атқарылған жұмыстар аз емес еді. Оны тұрғындар көзбен көріп, сезіне алғаны анық. Негізгі мәселелердің шешімін табуы сенім ұялатты. Өткен жылы шешілмеген кейбір мәселелер үстіміздегі жылы қолға алынатынына күмән жоқ.

Мұғалжар ауылының тұрғындарының да тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Ауылда 2 мыңдай адам болса, соның дені ауыл іргесіндегі «Көктас» зауытында жұмыс істейді. Сондықтан да халық нәпақасын айырып отырған бұл өндіріс орнының мұғалжарлықтар үшін орны бөлек. Әлемдік дағдарыс жағдайында да бұл аталған кәсіпорын ауылға сүйеу болып отыр.

Елдің әлеуметтік жағдайының жақсара бастағанын да байқау қиынға түспейді. Мәселен, өткен жылы тұрғындарды қуантқан бір жаңалық болды.

Ауылдан темір жол билет кассасы ашылды. Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі жұмыс жасай бастады. Ақтөбе, Астана бағытындағы жолаушылар пойызы тоқтайтын болды.

Ауылдың тұрмысы жеңілдеді. Себебі, ауылға биыл мол отын келді. Енді ел отын іздеп әуре болмайды. Бұған, әсіресе, ауыл ақсақалдары риза.  «Бұрын отын бер деп сұрайтын едік, енді  әкім отын кімге керек деп, бізден сұрайтын болды», — деп күледі ауыл ақсақалдары. Бұл рас, ауылдық округке осы жылы  сапасы жоғары 500 тонна көмір жеткізілген.

Әлеуметтік-материалдық тұрмыспен бірге, ауылдың демографиялық ахуалы да жақсарды.  Алдыңғы жылы 45 бала дүниеге келсе, өткен жылы 54 бала дүниеге келді. Ауыл тұрғындарының саны артып келеді.

Сондықтан балабақшаға сұраныс туды. Ауылда балабақшаның негізі бар: қайта құру кезеңінде есігіне құлып салынған мекеме ғимаратын ауылдағы іргелі кәсіпорын «Көктас» АҚ меншігіне алған.

— Бүгінде ел еңсесін тіктеді, кезінде мүмкіндіктің шектеулілігіне байланысты балабақша ғимараттары жекешелендіруге берілген болатын. Бүгін аудандық атқарушы билік балабақшаларды жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етуге қауқарлы, — дейді аудан әкімі С.Шаңғұтов. Бұған дәлел, күні кеше ғана аудан орталығы Қандыағаш қаласында мұнайшылар қарамағында болып келген екі балабақша жергілікті әкімшілік қамқорлығына алынды.

Дегенмен Мұғалжар ауылында балабақша ашу туралы қажеттілікті өтеу  оңай болып отырған жоқ. Ғимараттың төңірегінде дау бар. Тоқсаныншы жылдары балабақшаның  зауытпен бірге жекенің меншігіне өтіп кетуі бұл мәселені қиындатып отыр. Бүгін зауыт басшылары балабақшаны қайтаруға мүдделілік танытқанымен,  сол екі арада бүліншілікке ұшыраған ғимаратты кәдеге асыру жеңіл іс емес. Ғимараттың іргесін бүтіндеп, сылағын жаңартуға қомақты қаражат қажет екені анық.

Алайда осы жылы Мұғалжар ауылында балабақша ашылады. Мұғалжар негізгі мектебінің жанында 75 орындық балабақша жұмыс жасайды деп мәлімдеді аудан әкімі тұрғындармен кездесу кезінде. Осы мақсатта бюджеттен 28 млн. теңге қаражат бөлінуде. Балабақша мектеп базасында орналастырылады.

Аудандық білім бөлімінің бастығы Қ. Назаров:

Мектеп салқын. Онда оқыту қиын болып отыр. Мәселен, бүгін мектепте 14 оқушы сабаққа қатыспады. Барлығына ортақ бір ғана себеп бар: салқын тиіп ауырып жатыр, — деді.

Мектеп ғимараты «Көктас» зауыты жанындағы жылу қазандығы арқылы жылытылады екен. Ауыл тұрғындары зауыт басшыларына «Материалдық шығынды үнемдеу үшін жылуды жеткіліксіз деңгейде беріп отыр» деп кінә артады. Бұған «Көктас» АҚ-ның бас инженері Асылбек Әміралиев:

— «Көктас» зауыты  жанындағы жылу қазандығы арқылы жергілікті әкімдік, дәрігерлік амбулатория, мектеп, пошта ғимараттары жылытылып отыр. 60 градус температура шамасында жылуды тұрақты беріп отырмыз. Алайда  жылу қазандығының техникалық жағдайы нашар. Қазандық соңғы рет 80- жылдары ауыстырылған. Оның үстіне мектеп ғимаратындағы жылу жүйелерінің де тозығы жеткен. Жылу қысымын  көтеруге мүмкіншілік жоқ, — деп жауап берді.

Аудан әкімі С. Шаңғұтов бала денсаулығын саудаға салуға болмайтынын ескертіп, мектепке дербес жылу қазандығын орнату туралы мәселе қойды.

Ауылдың кем-кетігі көп. Мәдениет үйі керек. Бұл мәселе 2011 жылы шешімін табады деген жоспар бар. Алайда аудан әкімі мәселені жеделдетуге уәде берді. Ауылда телефон байланысы тұрақты жұмыс жасайды. Мұғалжарлықтардың тағы бір тілегі — мектепке  автобус бөлу болды. Бірнеше шақырым  елді мекендер мен разъезден балалар жаяу-жалпы қатынап оқиды. Сол жерде аудан әкімі білім бөлімінің бастығы Қ. Назаровқа мәселені назарға алу туралы тапсырма берді

Жем  қаласы бүгінде жайлы қонысқа айналды. Осы жерге қоныс теуіп, қызмет етсем деушілер бұрынғыдан әлдеқайда басым көрінеді. Оны мынадан да байқауға болады. Қаланың «Балбөбек» балабақшасында 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сұранысқа байланысты оған 25 орын қосу көзделуде. Қаланың үлкен проблемасы — жылумен байланысты  еді. Бірақ биыл қала отын-сумен тәуір қамтылған.

Алайда проблема жоқ емес. Су құбырларының тозығының жетуі тұрғындардың ауыз су сапасына деген секемін тудырады. Алайда бұл бағытта ауданда атқарылған жұмыстар мұнда да істің сәтті шешілетініне сенім туғызады.Себебі, ауыз су мәселесі аудан аумағында жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Мәселен, сумен қамту бағдарламасы негізінде Қандыағаш қаласының ауыз су жүйесін қайта құру мақсатында 3 жылдық бағдарлама жасалып, 2007 жылы республикалық бюджеттен 368 млн. теңге қаражат бөлінді. Әсіресе, тозығы жеткен су құбырларын ауыстыруға аса назар аударылды. Құрылыс жұмыстары нәтижелі аяқталды, жаңа су құбырларына тұрғын үйлерді қосу 2010 жылдың көктем айларына жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қандыағаш қаласының «Болашақ», «Самал» шағын аудандарындағы тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 104 млн. теңге қаржы қарастырылып, ұзындығы 13 шақырым су құбыры салынып, пайдалануға берілді.

Ембі қаласының су құбыры кешенін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен 2008-2009 жылдары 235 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат қала сыртындағы 4 шақырым жерде орналасқан Жалпақ нүктесінен сапалы, санитарлық талаптарға сай ауыз су тарту жұмысына жұмсалды. Жұмысты толық аяқтау үшін 2010 жылға республикалық бюджеттен 48 млн. теңге, облыстық бюджеттен 86 млн. теңге бөлінуде.

Жұрын ауылын орталықтандырылған су жүйесімен «Коммунальщик» мекемесі қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, ауылдың кейбір бөліктері шахталық құдықтарды пайдаланады. Ауылдың ауыз су жүйесін қайта құру мақсатында, сметалық жобалау құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстарына 2010 жылға 100 млн. теңге, 2011 жылға 96 млн. теңге бюджеттен қаралып отыр.

Жем қаласында орталықтандырылған ауыз су жүйесі жұмыс жасайды. Бүгінде қала тұрғындары мен мекемелерді ауыз сумен «Жемжылу» кәсіпорны қамтамасыз етеді. Ауыз судың сапасын жақсарту — солардың міндеті.

Жем қаласы әкімінің түсіндіруінше, қаладағы жерасты су құбырлары көнерген. Оны ауыстыру қажеттілігі туып отыр. Бұл мәселені күн тәртібіне алған аудан әкімі тұрбаларды жаңарту жұмысының сметалық жобалау құжаттарын жасақтауды тапсырды.

Мұнда сөз болған және бір мәселе– Жем қаласын газдандыру болды

— Бұл мәселе  Ембі қаласына газ тарту толық аяқталғаннан кейін қолға алынады, — деді С. Шаңғұтов.

Осы кездесуде  Жем қаласына  шетте жүрген отандастарды шақырту туралы тілегін білдіргендер де болды. Аудан әкімі бұл пікірді қолдады.

— Егер қандастарымыз  Жемге келемін десе, бос тұрған үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, баспана мәселесін шешіп беруге біз әзірміз, — деп мәлімдеді.

Нұргүл ҚАЛИЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button