Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Ұлыстың ұлы күнін Ақтөбе жұртшылығы ерекше тойлады

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақ алаңына, Әбілқайыр хан даңғылының бойына 30-ға жуық киіз үй тігілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Қаланың ірі кәсіпорындары, ұйымдары және  облыстық басқармалардың ұйытқы болуымен 30-ға жуық киіз үй тігіліп, көше бойында  ең үлкен этноауыл  бой көтерді. Бұл күні негізгі мерекелік шара Орталық саябақ алаңында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары осы алаңға жиналып, «Шаттан, халқым, әз Наурыз келді!» атты мерекелік қойылымды тамашалады. Бұл кешке өңірімізден шыққан белгілі азаматтар  Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов, танымал xирург, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев және Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов қатысты. Кештің ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған көпшілікті  Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Құрметті жерлестер және қала қонақтары! Барлығыңызды ырыс пен берекенің бастауы — Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз — ежелден келе жатқан ата-бабамыздың мерекесі. Қай кезде де  молшылықтың, татулықтың мерекесі болып келеді. Бұл —  тек қазақ ұлтының ғана емес, Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттың мерекесі. Ақтөбе жерінде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олар туған өлкенің игілігіне адал еңбек етіп қана қоймай, ортақ мерекелерді де бірге атап өтеді. Күннің салқындығына қарамастан бүгін, міне, әр ұлт ортақ мерекемізді атап өтіп жатыр. 

Ақтөбеліктер өткен жылды  негізгі саяси-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсіммен аяқтап, Наурыз мейрамын лайықты қарсы алып отыр. Наурыз қарсаңында Ақтөбеде әлеуметтік саланың жас  қызметкерлері үшін жатақхана пайдалануға берілді. Жалпы ақтөбеліктердің игілігі үшін салынатын әлеуметтік, мәдени нысандар құрылысы әлі де жалғасатын болады, — деген облыс әкімі мерекеге арнайы келген құрметті  қонақтарды таныстырып, оларға алғысын айтты.

Осыдан кейін мерекелік қойылымдар басталды. Жергілікті өнерпаздар ән салып, би биледі. Жыл басына арналған театрландырылған көріністер қойылды. Облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар киіз үйлерді аралап, наурызкөжеден ауыз тиді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және өзге де басқармалардың киіз үйлеріне кіріп, дастарқаннан дәм татты. Сондай-ақ «Ақтөбе» футбол клубының алғаш рет құрған киіз үйіне барды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жағалай тігілген киіз үйлерде наурызкөже мен ыстық бауырсақ таратылды. Жұртшылық әр үйге кіріп, астан ауыз тиіп жатты. Бұл мерекеде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалардың да ата-аналары киіз үй тікті.  Өткен жылы желтоқсан айында құрылған «Ерекше балалардың аналары» қоғамдық ұйымының киіз үйі келушілерді қарсы алды.

— Алғаш рет «ерекше» балалардың аналары осындай киіз үй тігіп отыр. Барлығын өзіміз ұйымдастырдық. Аналардың бірі көже пісірсе, екіншісі бауырсақ, үшіншісі ет асып әкелді. Бұрынғыдай емес, бүгін олар  өздері тіккен үйге еркін кіріп, көжеден ауыз тиіп жатыр, — деді қоғамдық ұйымның жетекшісі Жәмила Барбосынова.  Оның айтуынша, қазір ұйымға 313 ана мүше болып отыр. Киіз үй ішіне жайылған дастарқанның басына балалар жайғасыпты. Ал  ата-аналары мерекенің керемет өтіп жатқанын айтып мәз.

Этноауылдағы мереке түске таман қыза түсті. Ұлттық ойындар ойнатылды. Жастар күш сынасып, арқан тартысты. Тіпті қазақы тазы  әкелген қала тұрғындары да болды. Ақтөбе тұрғыны Аслан Медетов Сойқан және Айқұлақ атты екі тазысын әкеліпті. Көпшілік қазақы тазымен суретке түсіп мәз болды. Тіпті бұндай итті алғаш көргендер де бар екен.

Осыдан бір жыл бұрын осы екі тазыны күшік кезінде 90 мың теңгеге сатып алдым. Қазір өсіп, аң аулауға жарап қалды. Бұрын көпшілік қазақы тазыны білетін, ал  қазір ұмытыла бастады. Әсіресе, жастар қазақы тазының қандай болатынын, оның қасиетінен мүлде бейхабар. Сондықтан жастар көрсін, білсін деп мерекеге арнайы алып шықтым. Жұртшылық қызықтап, сұрап жатыр, — деді Аслан Медетов.

Аслан сұрағандарға  тазыға таза ет беретінін, уақытында ектіріп тұратынын айтты.

Күн салқын болса да алаңға жиналған көпшліктің көңіл күйі көтеріңкі болды. Атырау қаласынан келген қонақ Мұхтар Бердіхан Ақтөбеде мерекенің ерекше ұйымдастырылғанын айтты.

— Мерекедегі демалысты пайдаланып, Ақтөбедегі құдаларыма қонаққа келген едім. Ақтөбеліктердің Наурыз мерекесін ұйымдастыруы көңілімнен шықты. Күн суық болса да халықтың ықыласы ерекше. Әсіресе, жағалай тігілген киіз үйлер ерекше безендірілген. Тегін көже мен бауырсақ таратылып жатыр. Ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаймын! — деді. Ал Ұлыстың ұлы күнін Ақтөбеде қарсы алу үшін Қызылорданың Арал ауданынан келген Майгүл Боранбаева мерекенің керемет өтіп жатқанын айтып, тамсанды.

Мерекелік концерттер өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Әсіресе, сахналық киімдер, әртістердің ойнау шеберліктері ұнады. Домбырашылар мен бишілерден құралған топ тіпті ерекше болды, — деген Майгүл әлі екі-үш күн Ақтөбеде қыдыратынын айтты.

Жалпы бұл күні  қала және ауылдық округтерде кәсіпорындар мен ұйымдар 70-тен аса киіз үй тікті. Мерекелік бағдарламалар, байқаулар, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Әр киіз үй ұлттық нақыш стилінде безендіріліп, үй ішіне қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыстық ерекшеліктерін бейнелейтін бұйымдар қойылып, дастарқан жайылды. Наурызкөже, бауырсақ таратылды. Сонымен қатар «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығының алаңында, Пушкин атындағы саябақта, «Ретро» саябақта, «Металлург» мәдениет үйінің алаңында, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония алаңында, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының алаңында  мерекелік шаралар өтті.

Сондай-ақ биыл алғаш рет  басқарушы компаниялар өз аумақтарында киіз үй тігіп, наурыз көже таратты. Мәселен,  теміржол вокзалы перронында «Ақтөбе магистральдық желілері бөлімшесі ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы киіз үй тігіп, тұрғындар мен қонақтарды қарсы алды. Әуежай, теміржол вокзалы, «Сапар» және «Экспресс» автовокзалдары территорияларында, орталық аялдамаларда қала тұрғындары және қонақтары үшін жастар ұйымдарының, еріктілердің ұйымдастыруымен мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

 

 

 

 

 

 

 

Жалпы 21-22 наурыз күндері қала аумағында 69 мейрамхана мен кафе наурызкөже таратты.  Бұл күндері тұрғындарға 5 тонна бауырсақ және 7 мың литр наурызкөже ұсынылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button