БілімЖаңалықтар

Жаңа ректор тағайындалды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне жаңа ректор тағайындалды. Сенбі күні  Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева университеттің ғылыми кеңесінің мүшелеріне жаңа басшыны,  филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековті таныстырды. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Алдымен сөз алған вице-министр мемлекеттік жоғары орындарының ректорларын сайлау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның қорытындысымен таныстырды.

Бұрын жоғары оқу орындарының ректорлары министрдің жеке бұйрығымен тағайындалатын. 2016 жылдан бастап жоғары оқу орындарының ректорлары республикалық конкурстық комиссияның ұсынысы бойынша тағайындалады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен байқау кеңесінің қорытындысы бойынша 3 кандидат республикалық комиссияның қарауына жіберілген болатын. Наурыздың 15-і күні республикалық конкурстық комиссияның төрайымы Дариға Назарбаеваның қатысуымен үлкен жиын өтті. Нәтижесінде, Бауыржан Ердембековтің кандидатурасы лайық деп табылды, — деді Эльмира Суханбердиева. Ол одан соң жиналғандарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығымен таныстырып, университет ректорына  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін еліміздегі ең үздік 10 университеттің қатарына қосуына тілектестігін білдірді.

Вице-министрден кейін сөз сөйлеген Бауыржан Ердембеков өзіне артылған сенімді ақтау үшін бар күшін жұмсауға сендірді.

Киелі мекен Ақтөбе өңіріндегі белгілі ғалым Құдайберген Жұбановтың атын иеленген университетке басшы болып тағайындалуым — мен үшін үлкен мәртебе. Тек мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр. Аға, апаларымыздың үлкен сенімін арқалап отырмын. Атқарушы билікпен және университет ұжымымен бірлесіп, өңірді дамыту үшін күш-жігерімді сарқа жұмсаймын, —  деп ректор республикалық конкурстық комиссияға, байқау кеңесіне, министрлікке ризашылығын білдірді.

Бұдан соң Эльмира Суханбердиева бірінші проректор қызметіне Қуанышбек Шүңкеевтің тағайындалғанын айтып, Қуанышбек Шүңкейұлын қызметімен құттықтады.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ректордың жұмысына табыс тіледі. Ректордың міндетін атқарушы болып еңбек еткен Бибігүл Әбеноваға ризашылығын білдірді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында орны бөлек. Ректорға жүктелетін ең негізгі міндет — Ақтөбенің университеті өз атына сай болуы тиіс. Университетке өңірлік мәртебесінің қоса берілуі де көп жауапкершілік жүктейді. Сол себепті, біздің университет еліміздің батыс өңіріндегі ең мықты жоғары оқу орны болуы керек, — деді облыс басшысы.

Ол университет рейтингісінің төмендеп кеткенін тілге тиек етті.

Университетті бұрыннан білемін. Марқұм Мұхтар Арын басқарған кезде бұл оқу орны еліміздегі үздік педагогикалық институттардың бірі болған-ды. Қазір сол көрсеткішті төмендетіп алдық. Он емес, тіпті жиырма университеттің қатарында жоқпыз. Бұл — үлкен ұят. Университтетте 9 мыңнан астам студент білім алады. Солардың 28 пайызы ғана мемлекеттік білім грантының иегерлері. Бұл — аз көрсеткіш.

Мықты ғалымдар, білікті мамандар бар. Университеттің материалдық-техникалық базасы да еліміздегі ең мықты деген университеттің базаларынан кем емес.

Мұндағы ғалымдардың, оқытушылардың мүмкіндіктерін, білімдерін тиімді пайдалану керек. Кетіп қалған мықты ғалымдарды қайта шақырту керек.

Жергілікті билік білім саласына, университетке әр кез қолдау көрсетеді, — деп Бердібек Сапарбаев жаңа ректорға білім сапасын көтеруді тапсырды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button