Мереке

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен Ақжарқын әженің батасы

Биылғы наурыздағы әйелдер мерекесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 102 жастағы тыл ардагері Ақжарқын әженің үйіне арнайы  барып құттықтап, ақ орамал сыйға тартқан еді. Жыл басы қарсаңында сол әжемізді халыққа жақынырақ  таныстырып, ақ батасын алуды парыз санадық.

Доңызтау өңірінде 1915 жылы дүниеге келген Ақжарқын  Дайрабайқызы Тұрғанова әжеміз бір отбасындағы 12 баланың тұңғышы екен. Қазір төртеуінің көзі тірі. Ақжарқын апаның  Нәзира, Сұлу, Әсем деген сіңлілері бар. Әсем апаның өзі 75 жаста.  Әжеміздің әулетінде  ұзақ жасаған адамдар бар, анасы 94 жас жасаған, ал немере ағасы Салих қазір 96 жасқа келіпті.

Өмірде маңдайына шаң тимеген жандар ұзақ жасайтындай көрінетіні бар. Алайда жасынан бейнет көріп, еңбекке піскен, түрлі қиындықты басынан өткізген адамдар ұзақ жасайтын сияқты.

Ақжарқын әже өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейінгі дүрбелеңге толы заманда ұжымдастырудың қитұрқысын да, ашаршылықты да, жұтты да, қуғын-сүргін зобалаңын да, соғыстың лаңын да көзімен көріп, халықпен бірге бәрінің де тақсіретін тартты. Ішерге ас, киерге киім болмаған уақытты да көрді. Ұжымшарда еңбек етті. Соғыстан кейін Айжан Тұрғанов деген азаматпен бас қосты. Өзінен он бес жас үлкен Айжанның бәйбішесінен баласы болмапты, содан Ақжарқынға үйленеді.  Сөйтіп Айжан атамыз 47 жасында, Ақжарқын әжеміз 32 жасында тұңғыш рет сәбилі болып,  қыз балаға Тыныштық деп ат қояды. Айжанның екінші баласы, жалғыз ұлы Жақсылық Айжанов — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Айжанның анасы Сәбилә да көп құрсақ көтеріпті, шетінен әнші-жыршылығымен ерекшеленген 8 баласы тіл-көзден бірінен соң бірі өле беріпті.

Жақсылық 1950 жылы күзде туған. Ол да соғыстан кейін халық енді-енді есін жинай бастаған,  тіршілік тауқыметі жеңілдей қоймаған кез.

Жақсылық айтады: «Ай-күні жақындаған анама жайлаудан қыстауға көшуге өгіз арба жіберген күні мені босанады. Келесі күні жас босанып отырғанына қарамастан, көшу керек.  Әкем қыстауға  мал айдап кеткен. Өгіз арбамен келе жатқан анам  Қарасулы деген жерге жақындай бергенде нәрестесінің  шанадан түсіп қалғанын білмеген. Қыстауға  жеткенде қараса, сәбиі жоқ болып шығады. Әкем атпен шауып барып, мені іздеп тауып алыпты. Ол кісілердің көрген азап-бейнеті аз болмады. Кеше босана салып, бүгін қоныс аудару  деген сұмдық қой.

Әкем сиыр бақты. Кейін қой бақты.  Анам оның көмекшісі болды. 20-30 сиырды бір өзі сауады және күніне бірнеше мәрте.  Сауған сүтінің 10 шақты шелегін Көкпекті деген жердегі үлкен сепараты бар үйге апарып, сүт тартады. Мен шамасы үш жастамын, менің аяғыма байлаған жіптің  бір ұшын көзі көрмейтін Сәбилә әжемнің қолына байлап кетеді. Өздері жоқта, бірдеңеге ұрынып қалмасын деп. Соған да болмай бір күні мен байлаудан босап, далаға шығып кетіппін,  сүзеген бұқаның мүйізіне ілініп қалыппын. Ауылдың адамдары не істерін білмейді, бір мезгілде әлгі бұқа мүйізін шайқап-шайқап жіберсе керек, шыт көйлегім жыртылып кеткен мен жерге топ ете қалыппын».

Ол кездегі аналардың қауырт тірліктен қолдары босамайды, балаға қарайтын уақыт жоқ, кеңшардың тынымсыз тірлігі мойын бұрғызбайды.

Соған қарамастан Ақжарқын әже замандастары тәрізді өрмек құрып, алаша, басқұр тоқыды, жүн сабап, киіз басты, үзік-туырлық тікті, көрпе-төсек, бәрін өзі қолдан дайындады. Ол уақытта қазіргідей дайын тұрған ештеңе болған жоқ.

20-30 сиырды сауып, бір ферманың жұмысын өзі атқарған әженің дастарқанында қазақтың ұлттық тағамдары — қаймақ, ірімшік, құрт, сүзбе, тары-талқан, бәрі табылатын.

Айжан ата мен Ақжарқын әженің бораны мен аязы бет қаратпайтын ақпанда үйі өртенген  Иса деген ауылдасына екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып бергені сол кездегі адамдардың қайырымдылығын, кісілігін көрсетеді. Елдің «Көп жаса!» деген батасын көп алған Ақжарқын апаның көп жасауының сыры бір жағынан осында да жатқан шығар.

Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей көрген анасын айрықша құрметтейтін ұлы Жақсылықтың қолында тұратын Ақжарқын әженің үлкен келіні Әмина мен екі немересінің келіншектері екі Самал үлкен енелерінің бабын жасап, алдында құрақ ұшады.

Ақжарқын әже: «Шырақтарым, бұл бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғой.  Тәңірге тәубе деу керек. Қанағатты ұмытпау керек», — деп отырады. Баланың қадірін бір кісідей білетін кейуана бүгінде  қызы Тыныштықтан  он жиен  Жақсылықтан бес немере сүйіп, отыз шақты шөберелерінің, бір шөпшегінің қызығына тоймай, жатса-тұрса солардың тілеуін тілеп отыр. Ғасырдан аса ғұмыр сүрген кейуананың батасы:

Бата, бата бай болсын,

Төрт түлігің сай болсын,

Мінгенің жорға-тай болсын,

Ішкенің сайлы шай болсын,

Заман тыныш, отбасың аман болсын!

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button