Мереке

Қытайдан келген студенттер концерт ұсынды

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай Қытай Халық Республикасындағы Іле педагогикалық университетінен келген қазақ студенттері мерекелік шара ұйымдастырды. Кешті өткізуге облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы атсалысты.

Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарынан келген студенттер академиялық ұтқырлық оқыту жобасы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде бір жылдан бері білім алып жүр.

«Ұлт мұрасы — ұрпақ жүрегінде» атты концерттік бағдарламада Қытайдан келген 15-ке жуық студент ХІХ ғасырдан бастап, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан салт – дәстүрлерден көріністер қойды.

Кештің шымылдығын мың бұралған бишілер «Шашу» биімен ашып, жұртшылыққа шашу шашты. Іле педагогикалық университетінің студенті Салық Ошанұлы өзінің «Ақтөбе — арман қала» атты арнау өлеңін домбырамен орындап берді.

Өнерлі жастар қазақтың беташар, айтыс, сыңсу тәрізді дәстүрлерін көрермен назарына ұсынды. Театрландырылған қойылым сценарийін де өздері әріп таныған төте жазумен дайындапты.  Айтуларынша, Қытай жеріндегі қандастарымыз  қыз балаға сыңсуды он екі жасынан бастап үйретеді екен.

Шалқар ҚАҺАРМАНҰЛЫ, Іле педагогикалық университетінің студенті:

Іле қазақ автономиялық облысынан келіп осында білім алып жатырмыз. Жыл басы — Наурыз мерекесін ерекше қуанышпен қарсы аламыз. Жастар жағы ұлттық ойындарымызға оралып, арқан тартысады, тоғызқұмалақ ойнайды. Наурыз тойының ең басты ерекшелігі, қамқорлықтың, мейірімнің айы болғандықтан бұл күнді ізгі тілек, таза ниетпен қарсы алу керек. 22 наурыз мерекесі баршамызға құт-береке әкелсін.

 

Ардақ АЗАТҚЫЗЫ, Іле педагогикалық университетінің студенті:

Ұлыстың Ұлы күнін тек қазақ халқы ғана емес, Азияның өзге де көптеген елдері ерекше құрметпен қарсы алады.  Бұл күні қонаққа барып, сан түрлі ұлттық тағамдардың дәмін татып, асық ату, күрес, бәйге сынды ежелгі ойындарымызды тамашалаймыз. Ұлыстың Ұлы күнінде «Наурыз көже» әзірленеді. Адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімді болып, жүректерін мейірімділікке толтыруға тырысады. Себебі, келер жылға адам табиғат сынды жаңарған, таза күйінде қадам басуы тиіс.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button