Мереке

Бұл — нұрлы күндердің бастауы

Көктемнің осы бір күндерінде елең етпейтін, көкірек көзі оянып, көңіліне ерекше бір шуақ енбейтін адам баласы болмайтын шығар. «Самарқанның көк тасы еритін» дейтіндей Наурыздың жыл басы ретіндегі қадір-қасиетінің өзі бөлекше.

Бұл — жаңару, жасару айы. Төл анамыз — табиғаттың өзі осы тұстан бастап түлейді.

Бәріміз де ауылда өстік. Сонау алыста қалған бала шағымызда ата-анамыз бұл күні тым ерте оянып, бірсыпыра таза киімдерін үстеріне ілетін. Үйдің айналасы ерекше бір тазалыққа бөленіп тұратыны есімде.

Сол күні ауыл адамдарының бәрінің жүзінде қуаныш, алыстан бір-біріне ұмтылып, көрісіп  жатады. Наурызды қарсы алу той ретінде өтетін. Бәріміз үлкендерге сәлемдесуге, қолдарын алуға ұмтылатынбыз.

Міне, жасым тоқсанға жақындап қалды. Бала кездегі әсерлер ешқашанда ұмытылмайды екен. Жылда Наурыз келген сайын алыста қалған сол бір шақтар көз алдыма келеді.

Рас, кешегі бір тұстарда салт-дәстүрімізге селкеу түсіріп, көп жайды көмескілендіріп алғанымызбен, Тәуелсіздігімізбен бірге соның бәрін түгендеп жатқанымыз көңілге көп қуаныш әкеледі.

Наурыз бүгінде жаңа мазмұн мен тың сипатқа ие бола бастады. Қазір өңірімізде тұратын сандаған ұлт өкілдері бұл мерекені бірігіп қарсы алады.

Биылғы Наурыз біздің отбасымызға ерекше қуаныш ала келді. Америкада тұрып жатқан немереміз Нұрхат нақ осы тұста елге келіп, бәріміз мәз-мәйрам болып жатырмыз.

Наурыз — бірігу мен табысудың мейрамы.

Ата-бабадан қалған ізгі мұраттар, жақсы жолдар жалғасын таба берсін!

Нұрлы күндеріміз көп болсын!

 Нұрқайыр ТЕЛЕУОВ,

ардагер журналист, баспасөз саласының үздігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button