Мереке

Исламбек Салжанов: Ақтөбенің мен үшін қашанда орны бөлек

Бизнес саласындағы бірегей тұлғалардың бірі, атымтай жомарттығымен қазаққа танылған «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов — Ақтөбенің төл перзенті. Ұлттық ауқымда атқарылып жатқан игі істерге демеуші болып жүрген азамат туған жерінің көркеюіне де орасан зор үлесін қосып жүр. Наурыз мерекесі қарсаңында жерлесімізден қысқаша-сұхбат алған едік.

— Сіз үшін Наурыз мерекесінің маңызы қандай? Қалай атап өтесіз?

— Наурыз —  ежелден келе жатқан қазақтың өз төл мерекесі ғой, жыл басы. Табиғаттың жасарып, күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының қайта жаңғырар тұсы. Ата-бабаларымыз бұл күнді бекерден-бекер «Ұлыстың Ұлы күні» атамаған. Наурыз мейрамында ел бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырады, бір-біріне деген игі тілектерін жеткізеді. Наурызкөже дайындап, бірін-бірі қонаққа шақырады. Бойын да, ойын да түзеп, өзара өкпе-ренішті ұмытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Мерекенің біз үшін маңыздылығы —  осында. Ал өз отбасымызға келетін болсақ, біз Наурыз мерекесін наурызкөжемен қатар жеті нан пісіріп, ет асып қарсы аламыз. Шаңырағымызға үлкендерді, туысқан бауырларымызды шақырып, жаңа жылға аман-есен жеткеніміз үшін Аллаға шүкіршілік айтып, тілек тілейміз.

Исламбек Төлеубайұлы, сізді ақтөбеліктер мақтан тұтады. Облыстың әлеуметтік дамуына қосқан үлесіңіз зор. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын салуға атсалысып жатырсыз. Құрылыс туралы кеңірек айтып берсеңіз?

— Өздеріңіз де білесіздер, біздің компанияның «Алтын Қыран» атты корпоративті қайырымдылық қоры бар. Ол бірнеше жылдан бері республика аумағындағы қайырымдылық шаралар мен әртүрлі әлеуметтік жобаларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатыр.

«Әркімнің туған жері —  Мысыр шаһары» демекші, Ақтөбе кіндік қаным тамған жер болғасын, оның орны мен үшін қашанда бөлек. Мен өз кәсібімді осы жерде бастадым, осы жерде өстім-өндім. Сол себепті, қолымнан келгенше туған топырағыма перзенттік парызымызды адал өтеуге тырысамын. Былтыр өңірдегі кәсіпкерлер болып облыс басшысы Бердібек Машбекұлының ұсынысы әрі қолдау көрсетуі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша бірнеше әлеуметтік жобаны қолға алдық. Сіз айтып отырған өлкетану мұражайы —  соның бірі.  Жалпы осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда Ақтөбе облысы республика бойынша көшбасшы екенін атап айтқым келеді. Мұны Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі атап өтті.

— Алдағы уақытта Ақтөбе өңіріне қатысты  қандай жоспарларыңыз бар? Қандай жобалар сізді ойландырып жүр?

— Мен Ақтөбе облысы аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы ретінде «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасындағы  өз әріптестеріммен бірге облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдан келгеннің барлығын жасауға тырысып жатырмын. Біз әсіресе жастар мен ауылдық жердегі кәсіпкерліктің дамуын басты назарда ұстап отырмыз. Бүгінде мемлекет бизнестің дамуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Облыс әкімі мен жергілікті мемлекеттік ұйымдар да кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап, қолынан келген көмегін беруде. Мен осы орайда облыс жастарын ештеңеден жасқанбай кәсіп бастауға және сол арқылы ауыл-аймақтың өркендеуіне өз үлесін қосуға шақырамын.

— Мерекелік тілегіңіз?

—  Наурыз ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын мерекесі ғана емес, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін де думанына айналса екен деймін. «Ағы бардың бағы бар» демекші, ағымыз мол, бағымыз зор, берекелі ел болайық. Биылғы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесі қазақ елінің мәртебесін асқақтататын мерейлі шараға айналсын. Жастар биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Алаш қайраткерлері сияқты білімді һәм білікті азамат қана емес, жүрегінде от, көзінде жалын ойнаған мемлекетшіл тұлға болып қалыптасса, өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені деген сол емес пе?!​

 Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button