Мереке

«Наурызкөжені екі рет пісіремін»

Наурыз мейрамында қазақ дастарқанының ажарын кіргізетін ұлттық тағамдардың ішінде молшылықтың, берекенің белгісіндей наурызкөженің жөні бөлек. Бұл жолы дәстүрлі тағамды жыл сайын  әзірлейтін Алға ауданының тұрғыны Бибіжамал Шабенованы сөзге тартқан едік.

— Наурыз деген тамаша мейрам, көктем келіп, көңілің жадырап, үйіңнің ішін, айналасын қысқы күл-қоқыстардан тазартып, бітеліп қалған бұлақтың көзін ашып, тал егіп, жан-жағың жаңарып, дүниеге жан бітеді. Кеңес заманында да Наурыз мейрамы деп ұрандатып айтып жатпаса  да, ежелден келе жатқан  мейрамды халық өздері тойлап жататын. Наурыздың 14-і күні көрісу деп көрші-көлем, ағайын-туыс  бір-бірімен көрісіп, сол күні шеке асылып, наурызкөже пісірілетін. Қазір көжені пісіруге барлық мүмкіндік. Халықтың жағдайы қиын уақытта да наурызкөжені қолында бармен жасайтын болған.

Бұрынғы әжелерден естігенім, олардың пісіру әдісі біздікінен басқаша болған. Қыс бойы соғымның етін асқанда жегендерінен қалған  жілік, жамбас сияқты сүйектерді жинап қояды екен, көктемде соларды әбден жуып, қазанға салып бөлек қайнатып, сүйектер ағарғасын оның бетіндегі майды қалқып алатын болған. Басқа қазанда сүр ет асылып, ішіне, бидай, арпа, тары салып қайнатады, піскен соң оның үстіне әлгі майдан құяды екен, сосын  сүзбе қосып беретін болған. Оның себебі, жіліктің майының дәмді әрі  құнарлылығы үшін жасайтын болса керек. Көктемде ұзынсары деген бар  әрі қазақ бұл мезгілді  жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыты дейді.  Сол кезде бойға қуат беретін құнарлы ас ретінде де адам ағзасына пайдалы, иммунитетін көтереді.

— Өзіңіз қашаннан бері наурызкөже дайындайсыз?

— Ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді ұмытпау — әрқайсысымыздың міндетіміз деп есептеймін. Алдымыздағы әжелерімізден, аналарымыздан алған өнегеміз бар. Оның үстіне ел Тәуелсіздік алғалы ұлттық мейрамдарымыз жаңғыртылды. Наурыз да солай. Қазір әр үйде наурызкөже пісіріледі.

Балалы-шағалы адамбыз, келін ұстап отырмыз. Наурыздың 14-і күні көрісу күніне бір наурызкөже пісіремін. Одан күн менен түн теңелген жыл басы Наурызда тағы дайындаймын. Қазақтың ежелгі ырым-сенімдері бойынша Наурызда Қыдыр ата елді  аралайды дейді.

Көрісуге  тума-туыс, көрші-көлем келіп қалар деп   қыстан қалған сүр етті  асып, көже дайындаймын. Көрісуге келген адамдар «Жасың құтты болсын!» дейді, қазақ халқы үшін  жаңа жыл болып есептеледі ғой. «Несібеміз ортаймасын, ақ мол болсын!» деп Наурыз тілекпен келгендерге ақ дастарқаныңды жайып, барыңды қоясың. Наурыз елді біріктіретін мейрам ғой, бір дастарқаннан ас ішкен адамдардың арасында сыйластық, достық одан сайын беки түседі.

Көже пісіру үшін   сүрленген   жылқы не сиыр еті, қазы болса, дәмдірек болады. Наурызкөжеге қосылатын  7 дәм сәттілік, байлық, атақ, кемеңгерліктің белгісі болып табылады. Наурызкөжеге еттен басқа   бидай жармасы, сүт, тұз , мейіз , ұн қажет болады. Негізінен наурызкөженің құрамына  қосылатын тағамдар арнайы бекітілмеген. Бұрынғы ата-бабаларымыз  наурызкөжеге үйде не бар, мысалы, тары, жүгері, бидай қосып пісірген. Заманға сай қазіргі таңда   көжеге картоп,  нан кеспесі, мейіз сияқты әртүрлі  тағамдар қосады.

Өзім ет бірер сағат қайнағаннан кейін, оған бидай салып, жарты сағат пісіремін. Сәлден соң сүт құйып  құямын. Картоп, мейіз қосамын. Көже дайын болып қалды-ау дегенде нан кеспесін саламын. Дайын етті майдалап турап, сорпаға араластырамын. Наурызкөжеден туыс, жекжат-жұрағаттарым ғана емес, немерем оқитын мектептегі сыныптастары да дәм татады. Кейде тапсырыс бойынша да жасап беремін.

Ұлыстың ұлы күнінде наурызкөжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады дейді бұрынғылар. Қалай болғанда әр үйдің қазаны оттан түспесін, тыныш, бейбіт  өмір болсын деп тілеймін.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button