Мереке

Тауық жылы табысты жыл болсын!

Жұлдызжорамал

Жыл он екі айға болжам жасайтын күншығыс елдерінің жұлдызжорамалына сүйенсек, биылғы жыл жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, үміттер ақталатын жыл болмақ. Алайда тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқының басындағы нәубет жылдары көбіне  мешін, тауық жылдарына сәйкес келіпті. Алайда қазақ халқы қашанда жаңа жылды жақсылыққа жориды, жаңа жылдан жаңалық күтеді. Сондықтан биылғы жыл ырыс пен табысқа, құт-берекеге толы жыл болады деп сенеміз. Әлқисса… 

 Тауық қандай құс?

Тауық — ерте оянатын, әрекетсіз отыруға төзбейтін, барлық іс-әрекетте ұқыптылық пен тәртіпті қалайтын құс. Оны еті мен жұмыртқасын, қауырсыны мен мамығын алу үшін өсіреді. Саңғырығы тыңайтқыш ретінде қолданылады. Тауықтың барлық тұқымдарының арғы тегі — бұдан 5 мың жыл бұрын Үндістанда қолға үйретілген жабайы банкив тауығы.

Бүгінгі күні «Тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» деген сұрақ қарапайым жұртты ғана емес, дүниенің «кілтін» қолына ұстаған ғалымдардың да басын қатыруда. Алайда бұл сұраққа ешкім жауап таппаған. Дегенмен шетелдерде осыдан бірнеше жыл бұрын қызық дерек жарияланды. Генетик-ғалымдар «Бірінші жұмыртқа пайда болды» деген қорытынды жасаған. Атап айтсақ, Ноттингем университетінің эволюциялық генетика маманы Джон Брукфилд: «Қазір біздің тауық деп жүрген құсымызға айналған ең алғашқы құс алдымен жұмыртқаның ішінде эмбрион түрінде болған. Өйткені жұмыртқа ішіндегі тірі ағзаның ДНҚ-сы сол жұмыртқаны жарып шыққан құстың ДНҚ-сымен бірдей құрылымда» — деп пікір білдірген.

Енді тауық немесе қоразға өзге ұлттың өкілдері қалай қарайтынын зерттеп көрелік. Орыс халқының фольклорында қораз батыр, әлсіздердің қамын ойлайтын ержүрек құс ретінде бейнеленеді. Мәселен, орыс мультфильм­дерінен тауықтар мен балапандарды түлкі мен қасқырдан қорғайтын оқиғаларды жиі көруге болады. Ал Францияда қораздың бейнесі — ұлттық символдардың бірі. Себебі ол қырағылықтың белгісі саналады. Ал Кавказ елдері мен Өзбекстанда тауық төбелестіру — ойынның бір түрі. Бұл елдерде тауық төбелестіру жасырын түрде ұйым­дас­тырылады. Сондай-ақ шығыс славяндар мен христиандар қоразды «хабар беруші» ретінде құрметтейді. Қытай дәстүрінде қораз алтын қауырсынын қомдап, күніне үш рет шақыруы тиіс.

Ал қазақ халқы тауыққа соншалықты мән бермеген. Алайда қазақ фольклорынан тауыққа қатысты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, «Тауықтың түсіне тары кіреді», «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Біреудің тауығын жесең, қаз байла, малын жесең, қыз сайла», «Табақты үйдің тауығы қос жұмыртқадан туады», т.б.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінде адамдардың мінез-құлқы мен жағымсыз әрекеттеріне байланысты бірқатар тіркестерді де кездестіруге болады. Атап айтсақ, «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы»,  «Көршінің тауығы біреуге қаз боп көрінеді», «Тауық шақырғанға таң атпайды».

Тауық жылы туғандар — үйді де, түзді де басқарғанды ұнататын, ұқыптылық пен жинақылықты ең бірінші орынға қоятын жандар. Кез келген іске білек сыбана кірісіп, ойына алған мақсатын орындамай тынбайды. Сонымен қатар тауық жылында туғандар өзгелердің өзіне көп назар аударғанын қалайды. Кейде тіпті олар дандайсып кетеді. Алайда бұл белгідегілер адамдармен тез тіл табысады.

 Тауық жылы сізді не күтіп тұр?

Тышқан (1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008)

Тышқан жылы туғандар — әділ, кеңпейілді, жомар­т жүректі және өз-өзін бас­қара білетін адамдар. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныс­тары жетерлік. Бірақ олар нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмаға­нымен, алға қойған мақсатына жетпей­ тынбайды.

Тауық жылы тышқан жылы туғандар үшін биік белестерге де, кішігірім жеңілістерге де толы болады. Келер жылы олар жаңа көлікке немесе жайлы пәтерге ие болады. Бұл белгідегілер бір нәрсе қолынан келмесе, көңіл күйі түсіп, күйзеліске ұшырайды. Тауық жылында ондай қайталанатын сәттер тап болған жағдайда бұл белгідегілер көбіне өз-өзін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан көп жағдайда өз-өзіне сақ жүріп, абыройын ойлағаны дұрыс.

Тышқан жылы туғандар бұл жылы денсаулығыңызға бейжай қарамай, үнемі дәрігердің кеңестеріне құлақ асып жүргені абзал. Әсіресе жаз айларында қан қысымыңыз бен жүрегіңізді тексерістен өткізіңіз. Өзіңіздің тым шаршатпаңыз және ауыр жүк көтермеңіз.

Ал махаббат мәселесіне келсек, биылғы жыл отбасын құруға нағыз қолайлы уақыт. Мамандар әсіресе қазан, қараша айларында отбасын құрған ғашықтардың махаббаты мәңгілік болатындығын айтады.

Сиыр (1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009)

Сиыр жылы туғандар — алған бетінен қайтпайтын қыңыр, бірақ өз-өзіне өте сенімді, ұстамды жандар. Олар үнемі көш басы­нан көрінгісі келеді. Сырттай қарағанда бұл жылы туғандар сабырлы болып кө­рінуі мүмкін. Бірақ ашуланғанда жан-жағын жайпап жіберуден тайын­байды. Ондай кезде өз-өзіне есеп бере алмайды. Сондықтан сиыр белгісіндегілерді себепсіз мазаламаған жөн.

Биылғы жыл Зеңгі баба тұқымы үшін жұмыста жетістіктер жылы болмақ. Жұлдызшылардың болжамы бойынша, келер жылда күтпеген жерден бұлар үлкен олжаға кенелмек. Тек бақталастарынан өзін аулақ ұстап, сақ жүргені дұрыс.

Тауық жылында сіз қызметте де, отбасында да аса белсенділік танытам деп, тынығуды естен шығармағаныңыз жөн. Көктем айларында дәрумендер қабылдап, өзіңіздің денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Ал отбасында ұрыс-керіс болған жағдайда аса төзімділік танытқаныңыз абзал.

Барыс (1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010)

Барыс жылы туғандар — мейірімді, қайырымды жандар. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпайды және Аллаға ғана сенетіндер. Терең ой мен сезімнің, көңіл күйдің адамы. Олар адамдардың тілін таба алмайды, соның салдарынан көбіне ұрыс-керіс, кикілжіңнің арасында қалып қояды. Өзіндегі сенімділікті аңғармайды, қиындықтарға тез мойынсұнады.

Тауық жылында барыстар уайымсыз, тоқшылық пен тұрақтылықта өмір сүреді. Десе де, артық шығынға ұшырамаудың жолын тауып, әр қадамын аңдап басқаны дұрыс. Отбасында, жеке өмірінде жақсылықтар болып, бақытқа кенеледі. Ал қызметте аздап құлдырулар орын алуы мүмкін.

Бұл жылы сізге астрологтар айналаңыздағылардың сенімсіздіктеріне, мағынасыз әңгімелеріне назар аудармауға кеңес береді. Сондай-ақ сізге қайнап жатқан қазанның бетін жауып, мақсатқа жеткізер тура жолды таңдайтын уақыт жетті. Сәттілік сіздің жағыңызда. Қысқасы, осы жылы асқан белсенділік танытқаныңыз дұрыс.

Қоян (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011)
Қоян жылы туғандар жақсы сөйлей біледі, талант­ты, ұстамды, тал­ғамы биік және қайырымды. Айналасындағыларға үнемі өз-өзін көрсеткісі кеп тұрады. Шешім қабылдауға келгенде асығып-аптықпайды. Қоян жылы туғандар — көбіне кәсіпкер, заңгер, дипломат мамандықтарының шебері. Олардың актерлік шеберлігі де ерекше.

Қоян белгісіндегілер үшін тауық жылы өзгерістер уақыты боларын қаперден шығармау керек. Әсіресе денсаулық жағдайындағы өзгерістерге аса мән берген жөн.  Жаз айларында шипажайдан алған күш-қуаты жаңа талпыныстарға жетелейді. Түрлі оқиғалар толқынына тап болса да, кез келген жағдайдан жеңімпаз болып шығуға мол мүмкіндігі бар.

Биылғы жылы сіздің батыл қадамдарыңыз бен оптимистік көзқарасыңыз қаржылық әл-ауқатыңызды жақсартып, жұмыс орныңыздағы бағыт-бағдарыңызды бекіте түспек. Толассыз жетістіктен басыңыз айналуы да мүмкін, сондықтан қанағатшыл болыңыз. Өткенініңізді ұмытпаңыз.

Ұлу (1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012)

Ұлу жылы туғандар өзгелерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сый­лайды. Әдетте бұл жылғыдағылардың мансап пен билікті бәрінен артық көретіні рас. Дегенмен кейде олар өз абыройы мен жан тыныштығы үшін кейде бәрінен оңай бас тартуға да барады. Ұлулар екіжүзділікті сүймейді және кешірмейді.

Ұлулар үшін биылғы жыл сәттіліктерге толы болмақ. Әсіресе қызметі шығармашылыққа жақын адамдар үшін жетістікке қол жеткізу мүмкіндігі зор. Жеке өмірінде де күтпеген өзгерістер болуы ықтимал. Жыл бойғы күткен қаржылық мәселелері де оңтайлы шешіледі. Сонымен қатар биылғы жылы оларды жаңа адамдармен кездесу, қызықты саяхаттар күтіп тұр.

Бұл жыл — жылжымайтын мүлік, жөндеу жұмыстарымен байланысты мәселелерді шешуге таптырмас жыл. Қаржыңыз көбейіп, қалтаңыз толады. Соның арқасында күзде тұрғын үй мәселесі шешілмек. Ал жыл соңында отбасыңызда ерекше қуаныш болмақ.

Жылан (1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013)

Жылан жылы туғандар өзінің тәжірибесіне, ақылына ғана сүйеніп, көзімен көргеніне  ғана сенеді. Және өзгенің қатесінен сабақ ала біледі. Олардың жолы болғ­ыштығы сондай, қанша керек, сонша ақша табуға қауқары жетеді. Бір жаманы, құмар ойындардың қызығына түсіп, барынан жиі айырыл­ып қалады. Жара­тылысынан адам баласына сенбейді. Өзінің эмоциясын жасырып, үнемі тек күліп жүреді. Жыландардың ойы мен пейілін де білу мүмкін емес.

Бұл жыл жылан жылы туғандардан үлкен жауапкершіліктен күтеді. Оны сырттан сынайтындар да көп болады.

Бұл жылы жылан жылы туғандарға астрологтар маңызды мәселеге байланысты шешім қабылдауда шорқақтық танытпауға кеңес береді. Өміріңізге кедергі жасайтын, түкке  де керегі жоқ дүниелерден арылыңыз. Пайдалы әрі сауапты іс істеуге тырысыңыз. Бәрі сізден үлгі аларлықтай жақсы шаруа бітіріңіз. Жақындарыңыздың көңіліне қараңыз, сізге ренжулі жандардың санын арттырып алмаңыз. Жаңа жылға жаңа деммен, жаңа мақсатпен қадам басыңыз.

Жылқы (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014)

Жылқы жылы туғандар — бойында күш-қуаты тасып тұрған жандар. Адамдарды тез баурап алады. Сол себептен де жан-жағына шуақ сыйлап жүреді. Ақшаға өте ықтиятты. Махабба­ттың жолында еш аянып қалмайды. Тез ашуланып, тез басыла­ды. Ешкімге тәуелді бол­ғысы келмейді. Біреудің ақылына мұқ­таж емес. Тек өзінің ғана түйсігіне сенеді.

Жылқыға тән күш-қуаты бойында тасып тұрған бұларға тауық жылының берері көп. Адамдарды тез баурап алатын қасиеті арқасында олар көптен күткен жаңа жобаларына жақсы әріптестер таба алады. Сондай-ақ, өміріне кері әсерін тигізетін істер мен адамдардан алшақ болса, бұларға кезігер кедергі болмайды. Өз мүддесі үшін аянбай еңбек етсе, мақсатына қол жеткізеді.

Тауық  жылы жылқы жылы туғандар үшін үйде де, махаббатта да сәтті болмақ. Тек сүйіктіңізге теріс мінездеріңізді көрсетіп қойып жүрмеңіз. Сыңарыңыздың айтқанына көніп, әрқашан кеңестеріне құлақ түріңіз. Ол сізге жамандық тілемейді. Сондай-ақ осы жылы сіздің қаржы мәселеңіз оңай шешіліп, жұлдызыңыз оңынан туады. Жылқы жылы туғандар биылғы жылы жағымды энергиясының арқасында табыс­ты жұмыс атқарады.

Қой (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003, 2015)

Қой жылы туғандар — шынайы, жайдары мінез­ді, өте талантты жандар. Оның үстіне, тұйық әрі керітартпалығы тағы бар. Жоғары талғам иесі, өнердің әр түріне икемді. Өзінің материалдық байлығы асып-тасып жатпаса да, жоқ-жітіктерді жарылқап, жақсы сөзбен болса да, жанына демеу болуға тырысады.

Қой жылы туғандар үшін бұл жыл оңынан басталғалы тұр. Ойындағы мақсаттары мен армандарына қол жеткізеді. Дегенмен жылдың ортасында көңіліне кірбің түсетін жайттардың да орын алуы ғажап емес. Ондай жағдайда бұл белгідегілер өзін байсалды, сабырлы ұстағаны дұрыс.

Тауық жылында қой жылы туғандар зор табысқа кенелмек. Тек оған жетудің жолын өзі таңдайды. Сондықтан тым әсірешілдікке бармай, кез келген жағдайда сабырлы, ұстамды болғаны жөн. Бұл жылы қой жылы туғандардың жанынан табылып, көмек қолын созатын жандар көбейеді. Тек сезімге тым берілмей, ақ пен қараны ажырата білу керек.

Бұл жылы қой белгісіндегілердің күш-қуаты азайып,  әлсіреп, ескі созылмалы аурулары мазалауы мүмкін. Әсіресе, асқазан-ішек, бауыр аурулары бар адамдар күтініп жүргені абзал. Сондай-ақ, көктем айларында дұрыс тамақтанып, асқа аса мұқият болғаны жөн.
Ал отбасында әділ, адал, еңбексүйгіш болыңыз. Реті келіп жатса, жетім-жесірлерге, мүгедек жандарға садақа беріп, табыстарыңызға қанағат етіңіз. Отбасында ақша ұстау мәселесін үлкендерге қалдырып, оларға сенім білдіріңіз.

Мешін (1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004, 2016)

Мешін жылы туғандар — бүгін бір нәрсе айтса, ертең-ақ сол ойынан айнып шыға келетін, мінезі құбылмалы жандар. Оларға сену қиын. Бірақ ақылдылығы жағынан асып түседі. Жолы болғыш, жоқтан барды құрастырып шығаруға бейім. Өз еркі өзінде болып үйренген. Қызба мінезді. Кез келген мәселеден сытылы­п шығады.

Бұл жыл мешіндер үшін аса жағымды болмайды. Алайда көктем айларында жеке өмірі мен тұрмысында жақсы жаңалықтар орын алуы мүмкін. Қолда бардың қадірін біліп, асығыстық жасамағаны жөн. Әйтпесе, барлық несібесі мен табысынан айырылып қалады.

Биыл бастаған жобалары жылдың соңында толығымен жүзеге асады.
Ал отбасында бұл жылы тұрмыстық, қаржылық мәселелер көбейіп, отбасыңыздан береке кетуі ықтимал. Сол үшін жұбайыңызбен тату болып, туысқандарыңыздың кеңестеріне жүгініңіз. Отбасы мәселелерін сырт адамдарға айтпаңыз, сырыңызды көпшілікке жаймаңыз. Ал егер бойдақ болсаңыз, жаңа таныстар тауып, жаныңызға жақын адамдармен араласңыз. Денсаулығыңызға да мән бере жүріңіз. Себебі, ең басты байлық — денсаулық.

Тауық (1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017)

Тауық жылы туғандар — аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл адамдар. Еңбексүйгіш, батыл. Барлық нәрсеге таңданып, білгісі кеп жүреді. Жұрттың назарында болғанды, өзін мақтағанды жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, тек өз дегенімен жүреді. Тапқан-таян­ғанын бейберекет жұмсап, ақыр соңын­да ақшасының қайда кеткенін білмей қалады.

Тауықтар үшін бұл жыл өте табысты болады. Себебі өз жылында олардың жұмысы күз айларында өрлеп, жыл соңында үлкен олжаға кенеледі. Бірақ қолда барды бағалай білгені жөн. Әйтпесе, барынан айырылып қалуы да ғажап емес.

Мамандар тауық жылы туғандарға бұл жылы жаны қалаған іспен шұғылдануға кеңес береді. Сондай-ақ, махаббат мәселесінде аздаған қиындық туып жатса, оны сабырмен шешкені жөн деп санайды. Осы жыл сіздерден көп мөлшерде сабырлық пен төзімділік күтеді. Бастаған істі аяқсыз қалдырмай, еңбегінің жемісін күтуіне тура келеді.

Ит (1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006)

Ит жылы туғандар әділдікті жаны сүйеді, өзінің құқығы үшін күресуге бар күшін сарп етеді. Оны материалдық байлық қызықтыра бермейді. Қатты қажет болып бара жатса, жерден қазса да, қаражат табады. Басқаларға мін тағып, сын айтуға бейім.

Тауық жылында ит жылы туғандардың несібесі мол болады. Бастаған істері мен талпынысы нәтижесіз болмайды: жіліктің майлы жағы бұйырады. Қолына алған кез келген істе табыс пен жеңіске жетеді. Бірақ астрологтар ит жылындағыларға тапқан несібесін шашпауға кеңес береді. Себебі әр адам тапқан несібесін өз игілігіне  жұмсауы тиіс. Сондай-ақ, ит белгісіндегілер бұл жылы көптеген жаңа достар кездестіріп, әрдайым басқа жұлдыздардың назарында болады. Сондықтан сырт көздерден өздеріңізді әр кез қорғап, айналаңызға сақ жүргеніңіз абзал.

Ал Тауық жылында ит жылы туғандар некесін қидырса, онда олардың ғұмыры ұзақ та, баянды болмақ. Сондықтан бойдақтардың осы жылы ойланғандары абзал. Ал сыңары барлар қандай қиындық болсын, бірге жеңіп, отбасы құндылықтарын сақтағаны жөн.

Доңыз (1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007)

Доңыз жылы туғандарға әр кез арқа сүйеу­ге болады. Себебі олар — жақсы серіктес әрі үлкен ақыл иесі. Білім алуға талпыны­сы жоғары болғанымен, ұяң мінезінің кесірінен көп нәр­седен құр қалуы мүмкін. Аз сөйлеп, кез келген мәселені ақылмен шешіп үйренген. Ұрыс-керіс дегенді ұнатпайды. Дос­тары саусақпен санарлықтай. Бірақ олар өмір бойы шынайы дос болып қалады.

Бұл жыл доңыз жылы туғандар үшін ерекше болмақ. Олардың алдына қойған мақсаттары орындалады. Әсіресе көктем айларында еткен еңбегінің жемісін көріп, табысқа кенеледі.

Бұл жылы доңыз жылы туғандардың жеке өмірінде үлкен өзгерістер болмақ. Болашақ жарыңыз болатын жанды кездестіріп қалуыңыз бек мүмкін. Алайда қатына­сыңызды суытып алмау үшін үнемі тұрақтылық танытыңыз. Сондай-ақ жеке өміріңізде  дұшпандарыңыздың арбауынан абай болғаныңыз жөн.
Бұл жылы доңыз белгісіндегілерді көптеген саяхаттар күтіп тұр. Ой-өрісіңіз бен біліміңізді кеңейтіп, жұмысқа керек тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Білгеніңізді басқамен бөлісуде тартынбаңыз, ұжымда бірігіп істеген жұмысыңыз жемісті болады.

Тауық жылында еңбексүйгіштігіңіздің нәтижесін көресіз.

 Ғаламтор материалдары бойынша әзірлеген

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button