«Ақтөбе — құтты мекен»

Бүкілодақтық көрмеге кімдер барды?

10 наурыз күні облысымыздың құрылғанына 85 жыл толды.

Ақтөбе облысының құрылуы ұжымдастыру кезеңі мен тұспа-тұс келді. Алғашқы ауыл шаруашылығы артельдері 1920-жылдары құрыла бастады, бірақ Ақтөбе округінде ұжымдастыру мақсатындағы қарқынды жұмыстар 1929 жылдан басталды.1930-жылдары округте 393 ұжымшар құрылып, ауылға көмек ретінде 800 шамасында маман, яғни тракторшылар, есепшілер, колхоз басшылары жіберілген. Ауылшаруашылығы жабдықтарын жөндейтін 21 бригада болды. Қазақ Өлкелік атқару комитеті Қазақстаннан Башқұртстанға, Ресейдің шекаралас аймақтарына көшіп кеткен кедей және орта шаруаларды қайтару жөнінде шешім қабылдады. Осы мақсатпен Самараға — Меңдібаев, Уфа мен Свердлов қалаларына Орынбаев арнайы өкіл ретінде жіберілді. Елге қайтып оралғандарға көмек ретінде азық-түлік беру, дәнді дақылдар тұқымын тарату, салықтан уақытша босату, колхоздарға тарту секілді шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Сырттан келушілерді барынша жақсы қарсы алу, жағдай жасау керектігі жөнінде колхозшылар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Жаңа құрылған шаруашылықтар қайткенде де неғұрлым мол өнім алу мақсатына жұмылдырылды.Облыстық атқару комитетінің 1932 жылдың 5 сәуіріндегі №1 қаулысы бойынша, Федоров, Қостанай, Семиозерное, Меңдіқара, Ақбұлақ аудандарына дәнді дақылдар тұқымын жеткізу үшін теміржол бекеттерінде үздіксіз ақылы арбалар қызметі енгізілуі тиіс болды. Бұл істі ұйымдастыру аудандық атқару комитеттеріне жүктелді.

Обкомның 15 мамырдағы бюро мәжілісінде негізгі астық өсіруші аудандар — Ақтөбе, Ақбұлақ, Адамов, Қостанай, Федоров аудандарына 2-3 адамнан тұратын арнайы бригадалар жіберіліп, астық дайындау жұмыстарына байланысты тексеру жүргізілсін деген шешім қабылданды. Бұл тексерудің мақсаты«асыра сілтеу мен бюрократизмге тойтарыс беру, жат элементтерден тазарту, сонымен қатар, колхозшылар, батрақтар, кедейлер арасынан ұлттық кадрларды қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ұйымдастыру» екені көрсетілген.

Ақпараттық сипаттағы құжаттарда: «Соңғы мәліметтерге сай, облыстағы барлық 18 аудан бойынша, 1932 жылы тұқым себілген бидай алқаптарының2,5 пайызы — жеке адамдарға, 83,5 пайызы колхоз секторына тиесілі. Ал өткен жылы жеке адамдардың үлесі — 23,1 пайыз, колхоздың үлесі 63,5 болған» — деп көрсетілген. Обком хатшылығы мәжілісінің «1932 жылдың 19 мамыры» деп белгіленген №3 протоколында: «Ырғыз аудандық комитетінен, Тоқтаров жолдастан пайдаланылмаған тары тұқымының қалған-қалмағанын сұрау керек» — делінген. Сондай-ақ, осы жиында Ырғыз, Батпаққара, Торғай, Шалқар аудандарындағы әр шаруашылықта түйелер көлік қана емес, сауын малы ретінде де пайдаланылатындықтан, малды ұжымшарға күштеп алу туралы БКП(б) Орталық Комитетінің 26 наурыздағы қаулысының бұл малдарға қаншалықты қатысы барын Қазақ Өлкелік партия комитетінен анықтау керектігі жөнінде де мәселе көтерілген.

Кеңес өкіметінің сол кездегі саясатына сай, мал ортақ меншікке, мемлекетке өткізіліп, бұдан бас тартқандар қатаң жазаланғаны белгілі.

Мұрағатта сақталған тағы бір құжатта көрсетілгендей, 1933 жылдың 14 наурызында  облыстық партия комитеті хатшылығының жиынында «Аудандардағы етпен қамтамасыз ету туралы тапсырмалар жоспары» қаралып, облыс бойынша үш айда ет өңдеу өндірісіне — 5 мың тонна, әскери қажеттілікке 39,108 тонна шөп тапсыру көзделген.

Облыс құрылған тұста аудандар ауылшаруашылығы саласының даму ерекшеліктері бойынша келесі аймақтарға бөлінді:

1) Егін шаруашылығына басымдық берілген аудандар:

а)Қостанай, Федоров аудандарында ұлты қазақ тұрғындар 10-12 пайызды құрайды, шаруашылығы 95-96 пайызға ұжымдастырылған.

ә) Ақбұлақ, Ақтөбе, Меңдіқара, Семиозерное, Жетіқара, Обаған аудандары халқының жартысы — қазақтар, 80-90 пайызы ұжымдастарылған.

б) Адамов, Қобда, Темір аудандары тұрғындарының 80пайызы — қазақтар, шаруашылықтың 50 пайызы ұжымдастырылған.

2) Мал шаруашылығына басымдық берілген аудандар. Бұл аудандарда, негізінен, жергілікті ұлт, яғни қазақтар тұрған:

а) отырықшылыққа көшкен Ырғыз, Шалқар, Арал аудандарында шаруашылықтар 30 пайызұжымдастырылған.

ә) көшпелі Табын, Торғай, Батпаққара аудандарында шаруашылықтардың 30 пайыздан астамы ұжымдастырылған.

1933жылдың бірінші жартысында ұжымшарлардың саны 158-ге көбейіп, 992-ге жеткен. 1933жылдың 1 шілдесіндегіұжымдастыру көрсеткішінің кестесіне: «көшпелі-жартылай көшпелі аудандардағы ұжымшарлар саны — 264,

отырықшы аудандарда— 690» деп жазылған.

Ал 1936 жылдың 1 қаңтарында облыстағы барлық шаруашылықтар 46920 болса,  соның ішінде ұжымшарлар саны — 853, серіктіктер 522 болды.

Ауылшаруашылығы жетістіктерін насихаттау мақсатында облыста ауылшаруашылығы көрмелері ұйымдастырылды. 1936жылы 15-18 қазанда Темір қаласында өткен көрмеге Темір, Жұрын, Ойыл аудандары, №52 жылқы зауыты, Темір №12 тұқымшаруашылығы қатысты.

Ақтөбеде 24-25 қазанда өткен көрмеге Степной, Ключевой, Қобда, Новоресей, Мәртөк, Ақтөбе аудандары, №1 Темір қойкеңшары қатысты.

4 қазанда Ново-Алексеевка поселкесінде Қобда аудандық көрмесі өткен. Темірде — 141 мал (32 шаруашылық), Ақтөбе көрмесіне — 140 мал (30 шаруашылық),  Ново-Алексеевкада103 мал (20 шаруашылық) көрмеге қойылып, сыйақылар берілді. Осы көрмелердің нәтижелері арқылы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне 13 экспонат таңдап алынды: 4 бас ірі қара және 9 бас қой. Егін шаруашылығы саласы бойынша, Мәртөк, Қобда, Степной, Ақтөбе, Ключевой аудандарынан 90 экспонат Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне апарылатын болды. 1939 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне облыс бойынша озат малшылар мен диқандар жіберілген. Құжаттарда сол озаттар қатарында №52  жылқы зауытының жылқышылары Түктіғұлов, Сапар Көшебаев, Әбдіғапар Нарықов, Жанұзақ Батыров, Әбдікерей Бекеновболғаны баяндалады.

 Бақытгүл ЕШМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік мұрағаттың

құжаттарды пайдалану және жариялау 

тобының меңгерушісі. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button