Мереке

Облыстағы аудан басқарып отырған жалғыз қыз

Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева қазіргідей талабы көп, талғамы биік уақытта тізгін ұстап отырған санаулы қыздарымыздың бірі. Ат үстінде жүрген атпалдай азаматтардың өзі нар көтерер жүкке арқасын төсей алмай жүрген кезде қаршадай нәзік жанның жігерін жаныған бір жағы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың берік сенімі болса керек.

Негізінде ойшылдардың есебінше, адамның есімі мен оның мінезін және тағдырын байланыстырып тұрған құпия байланыс бар екен. Ауылдағы өнерлі отбасында дүниеге келген оның есімінің қойылуында осындай мән болса керек.

Бүгінгі облысқа танымал «Сазды әуен» халықтық Күзембаевтар отбасылық  ансамблінің бастауы Бисембай ақсақалдан өрбігенін екінің бірі біле бермес.

Қарапайым еңбек адамы болса да, уақытында Шалқар өңірінде Бисембай күйші атанған дәулескер домбырашы талантын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Тіпті ол кісі нотасыз, табиғи дарыны, құймақұлақ қабілетімен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі күйшілерін де таң қалдырыпты. Гастролдік сапармен жүрген оркестрдің алдында дирижердің таяғының қимылын түсінбесе де, жеке күй орындап, соңында оркестрдің қостай кетуі оның орындаушылық шеберлігін көрсетсе керек…

Міне, осы талант иесі Бисекеңнің Бұлбұлы да кішкентайынан өнерпаздығымен танылған.

Шалқар ауданындағы Байқадам ауылының Қорғантұз орта мектебінің түлектері білімімен талай белеске көтерілгенін бүгінде жұртшылық жақсы біледі. Сол ұлағатты ұядан ұшып шығарда мамандық таңдауда көп ойланған жоқ. Қарапайым, еңбекқор ата-анадан тәлім алған Бұлбұлдың өнер жолын қууы – ұяда көрген тәрбие мен қанмен берілген қасиет. Сондықтан, алдымен Оралдағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, еңбек жолын Мәртөк ауданындағы қазақ мектебінде бастады. Алғыр да, тынымсыз қызды мектеп басшылығы да көп кешікпей орынбасар деңгейіне көтерді. Жеті жыл мектептің «қазанында қайнаған» маманды аудан басшылары да ұдайы бақылауда ұстаса керек. Өзінің өнерге жақындығын ескеріп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшы қызметіне тағайындады. «Білім мектебінен үлкен «өмір мектебіне» өткендегі жауапкершіліктің толқынысын әлі ұмытқаным жоқ» – деген Бұлбұл Бисембайқызы қашанда адал қызметті арындай биік қояды. Ол — өмірлік ұстанымы. Одан соң облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінде қызмет етіп, соңғы жылдары  Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары болды. Әлеуметтің әртүрлі тобының ортасында болғанда қарапайым адаммен сөйлесудің мәдениетін жетік меңгеруі де оның отбасындағы тәрбиенің жемісі, әке мен шешенің үлгісі. Өйткені, оның ұстамдылығы, байсалдылығы кез-келген мен деген азаматқа үлгі бола алады. Бұлбұлдың ата-анасынан дарыған тағы бір қасиеті – тарыққанға демеу, мұқтажға қамқор болуы. Оған біз оның Ойыл ауданын басқарған тоғыз айдан астам уақытта бірнеше мәрте куә болдық. Мүгедекті мүсіркеп емес, өзі ұйытқы болған акциялар арқылы шынайы көмек берудің үлгісін көрсетті десек артық айтқандық болмас.

«…Уақыт талабына сай «А» корпусына өткенде тап бүгін-ертең әкім бола қоямын деп ойламағаным рас», — дейді әңгіме арасында ол. Бірақ, іштей дайындық әлемдегі «Көш бастаушы қыз-келіншектер» тәжірибесіне үңілуден басталыпты. Бұрынғы көркем әдебиетке деген құштарлық қазір осындай тағылымдарды оқуға ойыстырып отыр. Себебі, Ойыл ауданының әкімі болып қызметке келерде, ең бірінші «Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының сенімін ақтай аламын ба?» — деген қорқыныштың болғанын да жасырмайды.

Сенімді ақтау мен абыройды сақтау саналы адамды үнемі ізденуге мәжбүрлейді. Сондықтанда, қандай болмасын шешім қабылдарда өзінің ішкі түйсігіне сенеді. Ал, «адам тағдырына қатысты мәселені шешкенде алдымен өзімді сол адамның орнына қойып, ойланамын» — дейді.

Ел сенімін ең биік мәртебе санайтын Бұлбұл Бисембайқызы сөз арасында бірлігі бекем, ынтымағы ұйысқан, халқы дархан Ойыл ауданында жұмыс жасау бақыты бұйырғанын тағдырдың өз өміріндегі тамаша тартуы деп ойлайтынын да айтып қалды…

Оны сонау балаң кезінде өнер сайыстарында жүлде алып жүрген кезінде Байқадамның Бұлбұлы деп атайды екен. Бұл күнде өмір сайысында өнеге көрсетіп жүрген Бұлбұл Бисембайқызы бір ауданның көшбасшысына айналды.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button