Мереке

Жанар және оның «командасы»

Жанар Қожабаева өзі басшылық ететін компаниядағы жұмысшылардың 90 пайызы ер адамдар екенін, тиісінше қызметте «жеңілдің үстімен» деген түсініктің өзі оларға жат екенін айтады. Қашанда темірдей тәртіпті бірінші орынға қоятын кәсіпкер жеке өмірін ұмытпаса да, мансабы үшін бірталай құрбандыққа барғанын жоққа шығармайды…

Телекоммуникация саласындағы инженерлік желілер құрылысын салумен, су және газ жүргізумен, жалпы кез келген нысанды тұрғызуға қажетті бұйымдарды әзірлеумен айналысатын «Абзиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2007 жылы құрылған. Аталған компанияға осыдан 5 жыл бұрын бас есепші болып қызметке орналасқан Жанарға құрылтайшылар былтыр ұжымды басқаруды сеніп тапсырыпты. Оған дейін кәсіпорынның жай-күйімен, ішкі-сыртқы жұмыстарымен танысқан ол осыған тынбай еңбектенгенінің арқасында жеткенін келтіреді.

— Біздің серіктестік байланыс желілерін айтпағанда, темірбетон бұйымдарды, соның ішінде құдықтарды, оның қақпақтарын жасайды. Осыдан-ақ жұмыстың қаншалықты қиын екенін аңғаруға болатын шығар. Ұжымдағылардың 10 пайызы ғана — қыз-келіншектер, олардың өзі негізінен әкімшілік бөліміндегілер. Бірақ, біз қай кезде де мықты болып, ширақ қимылдауға дағдыланғанбыз. Талап сондай. Бүгінде қарамағымда 25 адам еңбек етеді, — дейді әңгімелесушіміз.

Өндірістен бөлек, құрылыс саласында да жұмыс істейтін серіктестік қазіргі таңда еліміздегі ірі байланыс операторларымен, өңірдегі жетекші компаниялармен әріптестік орнатқан. Соның нәтижесінде қазіргі таңда олардың өнімдерін еліміздің барлық аймақтарынан табуға болады. Бұған жету үшін 2014 жылы «Даму» қоры арқылы 6 пайызбен несие алып, жаңа цехтарды ашып, материалдық-техникалық базасын нығайтқан кәсіпкерлік субъектісі енді мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылай қолдауға сұраныс білдіріп отыр. Мақсат — өндіріс жүйесін автоматтандыру. Серіктестік қожайыны өз сөзінде бұл жағынан облыстық әкімдіктің үлкен демеу болып отырғанын, соңғы жылдары кәсібімді кеңейтемін дегендерге Үкіметтің көмегі ерек екенін тілге тиек етті.

Мамандығы бойынша қаржы менеджері Жанар оңай жұмыстың жоқтығын, сөйте тұра, қызметте анау айтқандай қиындық көрмегенін жасырмайды. Бұл туралы оның өзі:

— Қарапайым жұмысшы болмағаннан шығар, үлкен ауыртпалықты сезіндім деп айта алмаймын. Қанша айтқанмен, лауазымым жоғары. Әрі бұған дейін басқа жерлерде жұмыс істегенімнің септігі тиген болуы керек. Бәрінен бұрын, меніңше, егер адам өз кәсібін сүйсе, ол анау-мынау қиындықтарға мән бермейді. Әйтпесе, нарықта біз сияқты компаниялардың көптігінен кейде демалыс күндері, тапсырыс берушілер қалаған уақытта тер төгетініміз бар. Қайткенде де жоспарланған жұмысты өз мерзімінде аяқтауға тырысамыз. Мысалы, өзімді айтар болсам, бірнеше жылдан бері еңбек демалысы дегенді ұмыттым. Тек декреттік демалысқа шыққанымды есептемегенде, ылғи осында жүремін. Жалпы, әйел заты болсам да, өндірістің бүкіл жұмысына араласып кете беремін (күліп), — деп ағынан жарылады.

Мемлекеттік деңгейдегі мерекелердің ешқайсысын ескерусіз қалдырмайтынын айтқан кәсіпорын басшысынан, әсіресе, Әйелдер күні мен Наурыз мейрамын жылда айрықша сән-салтанатпен қарсы алатынын білдік. Айталық, сол күні кең дастарқан жайылып, қызметкерлерге жаппай бөлме гүлдері табысталып, сосын міндетті түрде ақшалай сыйлықтар ұсынылады. Және бұлардың аталған қызық-қуаныштарды әдетте бір күн бұрын тарту ететін «дәстүрі» бар…

— Халықаралық Әйелдер күнін біз 7 наурызда-ақ тойлап кетеміз. Сол күні барлық жөн-жоралғысын жасап, бір думандататынымыз бар. Өйткені мереке күні жұмысшылар әдеттегідей демалуы тиіс. Атаулы күннің қызығы да сол емес пе, әр адам жақындарымен бірге болып, бір сәт тыныққысы келеді.

Тағы бір жазылмаған заңымыз бар. Біз қыз-келіншектерге осындай кезде үнемі сұлулық салондарына, дүкендерге сертификаттар береміз. Яғни әр адам сонда көрсетілген сомаға өзі қалаған дүниені алады немесе қызмет көрсетіледі. Қазір — дамыған заман. Әр жанның талғамы биік. Сол себепті, осы бір әдісіміз дұрыс деп ойлаймын, — деп түйгенімен бөліседі Жанар Қожабаева.

Айтпақшы, жұмыспен қатар, іскер адамдарға арналған түрлі семинар-тренингтерден де қалмайтын кейіпкеріміз негізгі міндетіне де уақыт тапқан. Ол — сүйікті жар, екі баланың анасы. Тұрмыс құрғанына 13 жылдан асқан келіншектің сөзіне қарағанда, адамда ынта болса, бәріне де үлгеруге мүмкіндік бар. Оған «тірі» дәлелдің өзі — осы Жанар…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button