Мереке

Ләззат Оразбаеваның хоббиі — тігіншілік

Қыз-келіншектер үшін сыйлықтардың ішінде хош иісті гүлдің орны ерекше. Кейіпкеріміз раушан гүлін жақсы көреді. Бөлме гүлін өсіріп, оларға күтім жасау да оның жанына жақын іс. Айналасын гүлге толтырып жүретін жандардың бірі — Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева. Мереке күні Ләззат Аманжолқызын сөзге тартқан едік.

— Өмір жолыңызда жеткен жетістігіңіздің құпиясы неде?

— 1986 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Менің бағыма сол жылы училищенің бастауыш мектеп бөлімі жабылып, оның орнына сызу және еңбек деген жаңа бөлім ашылыпты. Сол бөлімге құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылдандым. Жалпы, көбісі еңбекті қарапайым пән ретінде санайды. Шын мәнісінде еңбек — өте қиын пән. Ол құрастыру-үлгілеуден тұрады. Бұл — менің жаныма жақын іс. Кезінде педагогикалық  училищенің білімі кез келген жоғары оқу орнының берген білімінен мықты болды.

Кейін оқуымды Ақтөбе педагогикалық институтында жалғастырдым. Алайда институтты сырттай оқуға бел байлап, еңбекке ерте араластым. Сөйтіп, еңбек жолымды Шалқар ауданының Шілікті селосындағы Тоғыз орта мектебінен бастадым. Бұл ауылға біз 1982 жылы әкемнің жұмыс бабымен көшіп келген едік. Әкем ауылда селолық кеңесте және әкімдік қызметте болды. Ал анам мектепте ұзақ жыл кітапханашы болып, осы жерден зейнеткерлікке шықты.  Ауылда табан аудармастан еңбек еткен алты жыл менің маман болып қалыптасып, шыңдалуыма, тәжірибе жинақтауыма үлкен әсер етті. Тоғыз орта мектебі білім беруде мықтылығымен дараланды. Мектепте Жұпар Амантүгелова, Бақытжан Қалуов,   Құлтасбай Төребаев, Төрежан Мәндібай секілді кәсіби тәжірибелі әрі білікті ұстаздар еңбек етті. Сол кісілердің  қатарында жүріп еңбек етудің өзі біз үшін үлкен мәртебе еді. Педагогиканың қыр-сырын осы ауыл мектебінен жинақтадым десем де болады.

Содан кейін мен қызметімді Ақтөбе қаласындағы №24 орта мектепте жалғастырдым. Аз уақыттың ішінде осы мектепте бірінші болып оқу-тігін комбинатын ашуға ықпал еттім.  2003 жылы Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектепке басшылық қызметке ауыстым. Сол тұста бұл мектептің проблемалары өте көп болды. Соның бірі — мектеп балабақша ғимаратында орналасқан, материалдық-техникалық базасы өте төмен болды. Маған ұжыммен ақылдаса  отырып, осындай мәселелерді шешу керек болды. Сөйтіп, ұжым боп бірлескен тынымсыз еңбектің нәтижесінде 2009 жылы мектеп түгелдей  жаңа ғимаратқа көшірілді. Мұндай күрделі проблемаларды шешу арқылы еңбектің қазанында қайнай түсетініңді сезінеді екенсің.

— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

— Ең бастысы — өтірік айтпау. Мүмкіндігінше адамдарға адал қарау, әр нәрсені қандай түсте болса, сол түсте қабылдау. Біз ақ түсті ақ күйінде, қара түсті қара күйінде қабылдай алмай жатамыз. Ең қиыны — сол. Әкем ылғи: «Ешуақытта өзіңді-өзің алдама, өзіңе-өзің адал бол, өтірік айтпа», —  дейді.

— Бизнес саласында өзіңізді елестете аласыз ба?

— Ақтөбе педагогикалық училищесінде оқығанда жатақхананың бір бөлмесінде төрт қыз тұрдық. Арамыздағы Фатима өте сұлу қыз болды. Сол төртеуімізді тағдыр тоғыстырды ма, сабақтан тыс уақытта тігіншілікпен айналысу хоббиіміз болды. Фатимаға қарап Гүлнар киім үлгісін салады. Қазір Алматы қаласында тұратын оның бойында дизайнерлік қабілет мықты болды. Ал мен сызуға шебер болдым. Гүлнар киімнің сызбасын жасаса, мен негізінен сыртқы киімдердің үлгісін сызамын. Сөйтіп, сол кезден бастап Гүлнар екеуіміз киімдердің үлгілерін дайындаумен айналыстық. Сол үшін Тұрмыстық үйден тігін мәшіңкесін жалға алатын едік. Сәнде қандай киім болса, соның бәрін тігуге тырысатынбыз. «Burda» сән журналының әрбір санын жібермей, сатып алатынбыз. Әуелі киімді өзімізге, содан соң құрбыларымызға  тігетінбіз.

Училищеге қарама-қарсы «военторг» болды, сонда  түрлі мата сатылады. Ол кезде тығыздығы жағынан мықты «тик», крепдишин, табиғи үнді және сыртқы киімдерге арналған матаның небір түрі сонда болатын. Өз басым сыртқы киімдерді тіккенді ұнататынмын. Әрине, «военторгта» тауар ашық сатылмайды, мұндағы заттар әскери қызметтегілерге ғана беріледі. Сондағы қызмет ететін Алла Ивановна бізге мата алуға көмектесетін. Сөйтіп, жатақханадағылар бізді «модельдер келе жатыр» деп атайтын. Әрине, ол кезде біз бұл істі  бизнес деп қабылдамаппыз. Санамызда ондай ұғым болған да емес.

Тігіншілік —  мақсатты түрде бет бұрмасам да, қатты сүйсініп, қызығып жасайтын ісім. «Хобби» десем де болады. Алайда менің бұл ісіме әке-шешем үнемі қарсы болды.

— Неге?

— Олар кеңестік тәртіппен, яғни менің оқып, білім алып, тек тікелей балалармен жұмыс істегенімді, көбірек кітап оқығанымды, тек қызметтен ғана көруді қалайтын. Әкем тігін мәшіңкесінің басында мені көргісі келмейді. Қанша көзі ашық, көкірегі ояу жан болғанмен, мүмкін өнерді дұрыс түсінбегендіктен шығар деп ойлаймын. Кейде әкеме: «Егер мен сол кезде тігіншілікке біржола бет бұрғанда, қазір Қауменова секілді мықты бір модельер болар ма едім?», — деп қалжыңдаймын. Қызметімді қалаға ауыстырып, алғашқы болып оқу-тігу комбинатын ұйымдастырғанымда, әкем ерекше қуанды.

— Қазір киім тігесіз бе?

— Жоқ. Киім тігуге уақыт жоқ. Бірақ, бұрынғы «Burda» журналдарын қолыма алып,  ондағы сән үлгілерін көрсем, кәдімгідей демалып қаламын. Бұрын киім тікпесем, отыра алмайтынмын.

— Өзіңізді қалай күтесіз?

— Салонға барып, күтім жасауды мақсат еткен емеспін. Егер құлпынай жесем, аз уақыттан соң бетіме сол құлпынайдан маска жасай саламын. Балдан маска жасағанды ұнатамын. Кейде бетіме айран жағамын. Салонға баратындай уақытым бола бермейді. Табиғатымнан шығар, бетім көп күтімді қажет етпейді. Дегенмен бетіме неғұрлым табиғи өнімдермен күтім жасауға тырысамын.

— Мерекелік тілегіңіз.

— Барлық аналарды, қыз-келіншектерді көктемнің көрікті мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір отбасыға бақ-береке тілеймін!

— Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button