«Ақтөбе — құтты мекен»

Алыс жылдар мен алыс жолдар

Өткен ғасырдың 30-жылдары ел тарихындағы ең бір қайшылықты кезең болғаны белгілі. Ұлы Даланың бір бөлшегі — Ақтөбе өңірініңшежіресі саналатын «Социалистік жол» және «Актюбинская правда» газеттерінің сарғайған беттерінде сол кезең іздері сайрап жатыр…

«Жаңа әріптің жауы, арапшаның шын досы»

Ғасырлар бойы араб графикасын қолданып келген жұрт1929 жылы латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшті. Бұл ұлттың өз таңдауы емес-тін. Алфавит ауыстырудың зардаптары жөнінде қазір жазылып жүр. Таяқтың бір ұшы сол тұста онсыз да аз ұлттық кадрларға тиген. 1933 жылдың 5 маусымында «Социалистік жол» газетіне шыққан «Мен жаңа әріпті білмеймін» атты мақала — соның айғағы.

Онда былай делінген: «Қобда ауданының жер бөлімінің түрлі бөлімшелерінің жалпы қызметкерлерінің санын қосып есептегенде 17 қызметкер бар екен. Оның ішінен қазақ қызметкері — 5 адам. Орыс қызметкерлеріне қазақ тілін үйрететін кружок ұйымдастырылмаған. Оның үстіне, қолдағы 5 қазақ қызметкерінің өзі де жаңа әліпті білмейді. Жер бөлімінің хатшысы Махметұлы қазақ колхоздарына қатынасты араб әрпімен жазып жіберумен келеді. Оған сен неге жаңа әліппен жазбайсың десең, «мен жаңа әліпті білмеймін және жазбаймын да» дейді. Махметұлы — жаңа әріптің жауы, арапшаның шын досы».

«Қобдалық» деп қол қойған автор «жаңа әріптің жауын» әшкерелеумен ғана қоймай, тиісті орындарға «жаңа әліпке мойны жар бермейтін Махметұлы секілді сұмырайларды тез аластау» керектігін ескертеді.

Ең семіз мал — мемлекетке!

1933 жылдың ортасына дейін газеттер бетіндегі қаптаған «жаулар» — «жаңа әріптің жауы», «колхоздың жауы», «тап жауы», т.с.с. келсе, шілденің соңғы тұсындағы нөмірлерден бастап «халық жауы» деген сөзді кезіктіреміз. «Актюбинская правда» газетінің 30 шілде күнгі санында сот-тергеу орындарының астық үшін күресте әлі де өз ролдерін түсінбей отырғаны сыналған. Сол сында кейін талайды жалмаған «халық жауы» деген суық сөз алға тартылыпты.

30-жылдары «халық жауы» атану тіпті де қиын болмаған. Мысалы, мемлекетке өткізетін малды семірте алмасаң… айыбың дайын.Жоғарыда аталған басылымның 15 тамыз күнгі санында «Ең жақсы, ең қоңды мал — мемлекетке!» деген мақала бар. Мақалада келтірілген деректерге сай, ол тұста облыста мал өсірумен айналысатын 26 совхоз болған, олардағы мал басы 178 499-ға жеткен екен. Бұл — сол кездегі облыстағы барлық малдың 52,4 пайызы. 26 совхозға мемлекетке, жалпы алғанда, 6 мың тонна ет тапсыру міндеті жүктеліпті. Ал бұл шаруашылықтар ет жоспарына, келісіп алғандай-ақ, шетінен бір арық-тұрық, көтерем малдарды «жөнелткен». Мысалы, «Қызыл қайың» совхозы тапсырған малдың12 пайызы ғана қоңды болып шыққан.

Халықтың ішерге ас таппай, босып кетуіне, одан қалды, белгілі жазушы, жерлесіміз Тобық Жармағамбетовтің «Қызыл ай» повесіндегі сиыршы Шалпық секілді қарапайым малшы адамдардың да «халық жауы» атанып, жазықсыз айдалуына соқтырғанет тапсыру науқанының ұраны осындай болған…

Жетімдер, жетімдер…

Егер 1932 жылы өңірде 23 жетімдер үйі бары, бұл мекемелерде 2 мың бала тәрбиеленіп жатқаны жөнінде дерек берілсе, 1933 жылдың соңында жетімдер үйіне тапсырылғандар саны күрт артып, 7,5 мыңға жеткен. ОблыстықатқарукомитетініңтөрағасыИвановжетімдерүйлерінде балалар саны орын санынан 3-4 есе көп екенін айтып, дабыл қаққан.

Панасызбалаларқатарыныңбұлайшакүрткөбеюінсол кездегібилікқазақтардыңкөшпеліөмірсалтының «ерекшеліктерімен»түсіндіреді.

22 қазан күнгі мәліметке сай, жетімдер үйлері қысқа дайын емес болып шыққан: не жылытатын отын жоқ, не есік-терезе қымталып, жөндеу жүргізілмеген. Азық-түлікпен қамту жағы да мардымсыз. Ырғыз бен Қарабалықтағы жетімдер үйінде балаларға жеуге жарамсыз ет беріліп келген, ал Ақбұлақ ауданының басшылары жетім балаларға азық-түлік алуға бөлінген ақшаны «басқа мақсатқа пайдаланды» деп айыпталған. Арада бір ай өткенде, 22 қарашада облыстық атқару комитеті қаулысымен Ақбұлақ аудандық қамту бөлімінің бастығы мен аудандық тұтынушылар одағының басшысы орындарынан алынып, партиядан шығарылған. Сондай-ақ, облыстық халық ағарту бөліміне жетімдер үйлері үшін 70 тәрбиеші оқытып-даярлау тапсырылған.

Қала сыртындағы музей

Ақтөбе облыстық музейінің, ашылған күннен бастап, басты мұңы жеке ғимарат болды. Бұл мәселе 1933 жылы да көтеріліпті. «Актюбинская правда» газетінің 13 мамыр күнгі санында облыстық музейдің «социалистік құрылыстың алға қойған міндеттерінен кенжелеп» отырғаны айтылыпты. Жалдап отырған баспанасы тар, сондықтан жәдігерлердің басым бөлігі жабық қоймада сақталады, келушілерге тек аз ғана дүние көрсетіледі. «Оның үстіне, музей үйі қаланың сыртында тұр. Сондықтан музейге келушілер де сирек. 1930 жылдың 1 қазаны мен 1932 жылдың 1 қазаны аралығында музейге небәрі 6200 адам келді. Бұл, орташа есеппен, күніне 12 адам келеді деген сөз» — делінген газетте.

Сол тұста музейге қызметкерлер де жетіспепті. 5-6 адамның орнына екі-ақ адам — музей меңгерушісі мен сыпырушы — жұмыс істеген.

Музейге дұрыс ғимарат тауып беру мәселесін шешу облыстық халық ағарту бөліміне жүктелген.

Асылтұқымды түйелер

1932-33 жылдардағы аштықтан кейін, 1-2 жыл өткенде, ел еңсесін қайта тіктей бастапты. 1935 жылдың күзінде Еркеқұлов пен Батталовтың (аттары көрсетілмеген) жетекшілік етуімен Ақтөбеге Батыс Қазақстан облысының Орда ауданынан  асылтұқымды түйелер әкелінген. ХХ ғасыр басында көрші облыста түйе тұқымын асылдандырумен айналысқан адамдар болғаны тарих пен әдебиеттен белгілі. Мысалы, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романына жүгінер болсақ, бас кейіпкер Хакімнің нағашысы Ахметшенің осындай іспен айналысқаны айтылады: «…малдың түрін жақсартқан деуші еді, рас екен, ауладағы нарлардың кеспірін-ай, көруге көз керек, бәрі біркелкі, өңшең қызыл аруана! Аруана емес, біртума нарлар!». 1935 жылы Ақтөбеге әкелінген түйелердің бұл қызыл нарларға қатысы бар болуы да әбден мүмкін. Бірақ қолымызда ол жөнінде нақты дерек жоқ.

Асылтұқымды түйе әкелу үшін ұйымдастырылған керуеннің бастығы Еркеғұлов пен комиссары БатталовАқтөбеге келгеннен кейін, республика басшылары — Мирзоян, Құлымбетов және Исаевқа түйелердің аман-есен жеткізілгені жөнінде жеделхат жолдаған. «Партияның Ордадан Ақтөбеге 115 бас асылтұқымды түйе әкелу жөніндегі жауапты әрі құрметті тапсырмасы орындалды. Түйелер керуені Қазақстанның елсіз, сусыз даласымен 1100 шақырым жол жүріп, екі облыс пен алты ауданның аумағын басып өтті. Тапсырманы орындауға аттанған 34 адамның барлығы да аман-сау оралды, түйелер совхоздан алып шыққан кездегіденгөрі қоңдырақ», — делінген жеделхатта.

 Киноны бірінші рет көрді

Жоғарыда аталған құжатта көрсетілгендей, Ордадан түйе әкелуге тапсырма алған керуен жол-жөнекей ауылдарда бұқаралық-саяси жұмыстар да атқарған. Соның ішінде, түйе бағудың қыр-сыры жөнінен 15 рет баяндама оқылған. 8350 адаммен жеке кездесулер өткізілген. 21 рет кино көрсетілген. «Киноны 6 мыңнан астам адам тамашалады. Олардың көпшілігі — кино дегенді бірінші рет көріп отырғандар…  Сонымен қатар, біз ауылдарда жаңа мектептер, клубтар мен моншалар салынып жатқанын көрдік. Бір ғана Ойыл ауданында биыл 36 жаңа мектеп, 19 клуб салыныпты. Мұндай көрсеткіштерді тағы да айтуға болады. Мал шаруашылығы да жаңа деңгейге көтерілген. 1933 жылы Ойыл ауданында 5 мың бас мал болса, қазір 22 мың бас мал бар» — делінген жеделхатта.

 Әзірлеген И.ӨТЕМІС.

(Деректер облыстық мемлекеттік мұрағаттан алынды.)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button