«Ақтөбе — құтты мекен»

Алғашқы басшы

1932 жылы құрылған Ақтөбе облысының алғашқы басшысы, яғни облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Шаяхмет Ярмұхаметов болды.

Облыстық мемлекеттік мұрағатта оның БКП(б) мүшесі ретіндегі есептік карточкасы сақталған. Шаяхмет Ярмұхамбетов 1902 жылы Жетісу губерниясындағы Қаракөл деген жерде дүниеге келген. Ұлты қазақ. Шыққан тегі жөнінде «шаруа отбасынан» деп көрсетілген.

Шаяхмет Ярмұхаметов Кеңес өкіметін орнату ісіне 17 жасынан араласқан екен. 1919-1921 жылдар аралығында Алматыдакомсомол жұмысында болады. 1921 жылы губерниялық комсомол комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалған. Кейін Ташкент қаласына ауысып, қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

1922 жылы оны жоғары білім алу үшін Ленинградқа жібереді. 1923-1924 жылдары Қызыл армия қатарына қабылданады. Құжатында 23-атқыштар батальонында болғаны көрсетілген.

1924 жылы Түркістан КСР-і Халық ағарту комиссариатының саяси-ағарту жұмыстары жөніндегі бас басқармасын басқарыпты, одан соң Қызылорда уездік-қалалық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ал 1928 жылдың қаңтарында Семей губерниялық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.

1929 жылдың 14 сәуірінде ол Алматыға оралған. Осында Алматы округтік партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Округ жойылғаннан кейін, өлкелік партия комитетінің нұсқаушысы болып істеген. Ал 1932 жылдың 6 маусымында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші пленумы өтіп, осы пленумда обкомның бірінші хатшысы болып сайланады.Бұл қызметті 1934 жылдың 9 наурызына дейін атқарған. Одан соң Алматы облыстық партия комитетіне екінші хатшы боп ауыстырылған. Осы қызметте 1936 жылға дейін істеген.

Кейіннен Ш.Ярмұхаметов өндіріс саласына қызметке ауысыпты. 1940-1943 жылдар аралығында Новосібірдегі Кузнецк металлургия комбинатында істеп, 1943 жылы Қарағанды облысындағы Теміртау металлургия зауытына директордың орынбасары болып келген. Облыстың алғашқы басшысы осындай қызметтік жолдан өткен. Ол 1953 жылы қайтыс болды.

 Сағыныш ТӨРЕМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button