«Ақтөбе — құтты мекен»

Астық үшін күрес…

1932-33 жылдар туралы қазіргі тарихшылар, жазушылар, журналистер айналып өте алмайтын бір тақырып бар: аштық.

Ал нақ сол кездегі баспасөзге үңілсек, облыс жұртшылығы бір ғана тірлікке жұмылған секілді көрінеді: астық… «Астық үшін күрес — социализм үшін күрес», «Партия ұйымдарының астық жолындағы күреске әзірлігін тексереміз!» сынды қаптаған ұрандар… Бірақ, ұрандаған сайын, астық үшін күрес жолында кедергілер көбейе береді, көбейе береді. Мысалы, Ақбұлақ ауданындағы №1 колхоздың егіс алқаптарында өнім дұрыс жиналмай, көп бөлігі ысырап болып, дереу арнайы бригадалар жасақтау қажеттігі туындап отыр-мыс; ал Ақтөбе ауданында №145 совхоздың бақташысы Иван Польшин нағыз «қаскүнемнің» өзі болып шыққан — Ворошилов атындағы колхоздың егін алқаптарына мал жаюды әдетке айналдырып алыпты; Ақбұлақ ауданы Сталин атындағы колхоздың екінші бригадасы аз айдың ішінде соқаға жегілетін 11 атты бірінен соң бірін жоқ қылған; колхозшы Никуловтың хабарлауынша, «Бедняк» колхозында шаруалар қара бидайды уақытынан бұрын, піспеген күйінде орып алып, ақырында астықсыз қалған; тағы бір колхозшы Иващенко Қарақобда машина-есептеу стансасының егін ору науқаны қарсаңындағы жұмыстарға кіріспей, атап айтқанда, қажетті техниканы жөндеуді бастамай отырғанын айтып аттандайды… Міне, осындай хабарлар «Социалистік жол» мен «Актюбинская правда» газеттерінің әр нөмірінде  жүр. Жай шаруалар, қарапайым еңбеккерлер тарапынан да жіберіліп жатқан қателік, олқылық көп, тіпті қаскөйлік әрекет те бар, алайда соның бәріне кінәлі ретінде бай-кулак аталады. Төңкеріске, Кеңес өкіметіне қарсы үгітті күшейтіп, жұртты айдап салып отырған солар-мыс. Бастапқыда бұл тек даурықпа сөз ғана болып, 1932 жылдың ортасынан әрі жаппай жазалауға ұласқан. 1932 жылдың 26 тамызы күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ш.Ярмұхаметов партактив жиналысын өткізіп, прокуратура мен сот органдарын сынға алады. «Прокуратура мен сот органдары астық ұрлығына қарсы әрекет жасамай отыр. Бүгінге дейін астық ұрлаушыларға қарсы бірде-бір процесс ұйымдастырылған жоқ» — дейді ол жиында сөйлеген сөзінде. Арада аз күн өтісімен-ақ, 4 қыркүйекте Ақтөбе облыстық сотының көшпелі сессиясы Темір ауданында «ауыл шаруашылығы науқанына қарсы қастандық ұйымдастырғаны үшін» Алманиязов деген байға ең жоғары жаза беру үкімін кеседі. Ол «екі жыл бойы колхоздың астығын ұрлаумен айналысты» деп айыпталған. 5 қыркүйекте «Красный Октябрь» колхозында жиын өтіп, колхозшылар Штаинеров, Вагнер деген «зиянкестерді» «ең жоғары жазаға кесуді» сұрапты. 11 қыркүйекте «Актюбинская правда» газеті Жетіқара ауданында «колхоз астығын ұрлаумен жүйелі түрде айналысып келген» Шукумбаев деген байдың ұсталғанын хабарлайды. Желтоқсан айының басында Торғайда Байғабылов, Әбдірахманов, Сырбаев және Есжанов сынды ірі байлар мен соларға «сыбайлас болған» бұрынғы аудан басшылары Бурабаев, Сүгіров және Сүлейменовтерге үкім шықты. «Аудан шаруашылығын толықтай дерлік күйретіп, тұрғындарды бостырып жібергендері және кедейлер мен орта шаруаларды қу тақырға отырғызғандары үшін» Байғабылов пен Есжанов ату жазасына кесілген, басқалары әртүрлі мерзімге сотталған.

Яғни сол кездегі шаруашылықтың күйреуіне, елдің босуына, аштыққа ұрынуына нақты кінәлілер күн сайын «анықталып» отырған: тап жаулары — байлар мен солардың ықпалындағы топтар. Ал сол қасіретті тұсты зерттеген қазіргі тарихшылардың сөзі басқа.

Ол заман мен бұл заманның шындығын саралап, пікір айтуды біз тарихшы-маманның еншісіне қалдырдық. Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің аға оқытушысы Айшуақ Дәрменұлы былай дейді:

Иә, сол жылдардағы баспасөздің сарғайған беттерін парақтар болсақ, барлық сәтсіздіктерге кінәлі ретінде ірі байлар, буржуазия құйыршықтары, кулактар мен зиянкес элементтер аталады. Ал сталиндік-голощекиндік «Кіші Қазан» саясатының басты идеясы қазақ даласында таптық алауыздықты жылдам өршіту, шаруа баққан қарапайым жұрт арасына іріткі салу, мыңдаған жылдардан бері көшпелі өмір салтын ұстанып келе жатқан елді тез арада, зорлықпен отырықшыландыру болатын. 1925-33 жылдардағы қат-қабат нәубеттер төркінін осы зымиян саясаттан іздеген дұрыс. Соңғы зерттеулерде бұл «арнайы жасалған геноцид және этноцид» деп айтылып жүр. 1929-1933 жылдардағы шаруалар көтерілістері беріге дейін тыйым салынған тақырып болды. Тек Кеңес Одағы ыдыраған соң ғана сең сөгіле бастады. Академик Манаш Қозыбаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі, қазақ шаруаларының қарулы көтерілістерінің тарихын тарихшылар экономист, заңгер, тіл ғылымы және әлеуметтанушы мамандармен бірлесе отырып, кешенді түрде зерттеуі қажеттігін баса айтқан еді. Жалпы, 1929 жылдың күзінен 1932 жылға дейін Қазақстанда, шамамен, 380 көтеріліс, шаруалар толқулары болған. Профессор Қайдар Алдажұмановтың еңбектерінде «ірі көтерілістерге қатысқаны үшін ғана, ОГПУ үштігінің шешімімен, 5551 адамның сотталғанын, оның 883-і атылғанын» айғақтайтын деректер бар.

Біз қазақ тарихының ең қасіретті тұстарының бірі саналатын ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы зобалаңға қатысты зерттеулер алда толыға түседі деп ойлаймыз. Облыс шежіресінен алынған жоғарыдағы оқиғалар сол зобалаң жылдардың мыңнан бір мезеті ретінде ғана ұсынылды…

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button