ЖаңалықтарЭкономика

Өндірістік жобалар және жоғары өнімділік

Кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының бірінші және үшінші бағыттары бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде жалпы несиелік сомасы 80,06 млрд теңге болатын 659 жобаны субсидиялау туралы оң шешім шығарылған. Соның ішінде 192-сі — ауылдық жердегі жобалар. Бүгінгі күні аймақта аталған бағдарлама бойынша өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Кәсіпкерлер мұндай мемлекеттік қолдауға «Даму» қоры арқылы қол жеткізеді.

Сейсенбі күні «Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының өкілдері шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын халыққа кеңінен насихаттау мақсатымен баспасөз турын ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-Өндіріс» бағдарламалары бойынша қолдауға ие болған бірқатар өндірістік бағыттағы жобалардың жүзеге асырылу барысы таныстырылды. 

Ақтөбе қаласындағы «Назарбаев Б.Б.» жеке кәсіпкерлігінің кондитерлік цехы, «Бакишева К.О.» жеке кәсіпкерлігінің тігін шеберханасы және «Наси С.М.» жеке кәсіпкерлігінің пенопласт шығаратын өндіріс орындарының тізгінін ұстаушылар — «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-Өндіріс» бағдарламасына қатысқандар. Аталған бағдарлама бойынша несие алған кәсіпкерлерге несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялау, несие бойынша кепілдік беру секілді мемлекеттік қолдау көрсетіліпті.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы — кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Бұл — экономиканың басым секторында ерекше орынға ие шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған бағдарлама. Бағдарламаның несие және лизинг пайыздық мөлшерін субсидиялау, несие бойынша кепілдік беру, әлеуетті және жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерді оқыту, бизнесті сервистік қолдау, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған гранттар секілді қолдаулар бар, — деді «Даму» қоры Ақтөбе филиалының менеджері Әліби Сабыр.

Ақжардағы «Ақжар» печеньесі

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Ақжар ауылында өндірістік мақсатта ғимарат салған «Назарбаев Б.Б.» жеке кәсіпкерлігінің иесі биыл қыркүйектен бастап кондитерлік цехты іске қосты. Кәсіпкердің өз ісін жүргізуіне «Даму» қоры ықпал етіп, мемлекеттік қолдаудың үлесі зор болыпты.

— Біз бұрын да кондитер өнімдерін шығарумен айналыстық. Кейін өзге салаға бет бұрып, бұл істі уақытша тоқтатқанмын.  Кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Сбербанк» акционерлік қоғамынан бес жылға несие рәсімдедік. Несиелік қаражаттың жалпы сомасы — 20 миллион теңге.  «Даму» қорындағылар  біздің бұл бастамамызды қолдады.

Биыл қыркүйек айынан бастап іске кірістік. Бұған дейін өндірістік ғимаратты өз қаражатымызға тұрғызған едік. Несие қаражатына Ресейден арнайы қондырғы сатып алдық. Ресей-Польша біріккен кәсіпорны жасап шығарған кондитерлік қондырғы заманауи үлгіде жұмыс жасайды. Шикізаттың дені — отандық. Бидай ұнын Орал қаласынан аламыз. «Белес» атауымен шығарылатын ұн кондитер өнімдері үшін жоғары сапаға ие. Қантты Алматы қаласынан аламыз. Бізге әзірге оралдық кәсіпкерлермен жұмыс жасаған тиімді болып тұр. Олар өнімді өздері жеткізеді, —  дейді Болатбай Назарбаев.

Кәсіпкердің атына берілген несие қаражатының 14 пайыздық сыйақысының 10 пайызы субсидияланған. Сонымен қатар, ол мемлекеттің несие бойынша кепілдемесіне қол жеткізген.

— Қазір цехта 5 адам жұмыс жасайды. Тағы 3 адам тәжірибе жинақтап жатыр. Кондитер өнімдерін шығаруда қалада бәсекелестік өте жоғары. Соған төтеп бере алатындай сапалы әрі отандық өнім шығаруға тырысып бағудамыз, — дейді Болатбай.

Қазіргі таңда кондитерлік цехта «Ақжар» маркасымен 7 түрлі печенье шығарылады. Заманауи қондырғының көмегімен өнімнің түрін молайтуға мүмкіндік мол. Алдағы уақытта мұнда тәтті тағамдар түрін көбейту жоспарда бар.

Б.Назарбаевтың айтуынша, қазір цехта бір кезеңде 700 келіге дейін өнім шығарылады. Алайда цехтың қуаттылығын бір кезеңде 1,5-2 тоннаға дейін жеткізуге болатын көрінеді.

— Цехқа арнайы кондитерлік білімі бар мамандарды жұмысқа алдық. Жалақы уақытында төленеді. Жұмысшылар — Ақжар ауылының тұрғындары. Қазір жан-жақтан тапсырыстар қабылдап жатырмыз. Әзірге біздің өнімдер қаладағы ірі-ірі сауда желілерінде емес, шағын дүкендерде сатылады. Аудандарға көптеп жөнелтеміз. Әсіресе Шалқар ауданынан тапсырыс көп түседі. Орал, Қызылорда қалаларының сауда нүктелеріне де тапсырылады, — дейді кәсіпкер.

Күләш және «Klass»

 Ақтөбелік кәсіпкер Күләш Бәкішева биыл «Қазақстанда жасалған» атты көрмеге қатысып, оның иелігіндегі тігін цехының өнімдері сол көрмеде жоғары бағаланған. Бүгінде кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы арнайы бизнес оқуларынан өткені былай тұрсын, былтыр «Даму-Өндіріс» бағдарламасымен 6 пайыздық сыйақысымен несие рәсімдеді. Несие қаражатының жалпы мөлшері — 9,5 миллион теңге. Қазір осы несие қаражатына сатып алған ғимаратта Күләш ісін дөңгелентіп отыр.

Тігін цехының негізгі ісі — мектеп формасы мен ұлттық және арнайы киімдер тігу. Мектеп формасы «KLASS» маркасымен шығарылады.

— Қарамағымда 10 тігінші бар. Бәрі де арнайы курстан өткен, он саусағынан өнер тамған жандар. Жеке тапсырыстар қабылдамаймыз. Өйткені біз тұтас бір мектеп оқушылары немесе ұжымдар үшін киім тігеміз. Алдағы уақытта оқушыларға арналған спорттық киім тігуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік қызметкер үшін, мұғалімдерге арнап киімдер де тігіледі. Болашақта классикалық үлгідегі киімдерді тігу жоспарымызда бар, — дейді К.Бәкішева.

К.Бәкішева мемлекеттік қолдауға ие болғанына риза. Бұл игілікке ол «Даму» қоры арқылы қол жеткізген, сол үшін де қор мамандарына ерекше алғыс білдіреді.

— Қазір елімізде мен секілді кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Тек тәуекелге барып, іске кірісу керек. Өз алдымызға ғимаратымыз бар, қазір алаңсыз жұмыс жасап жатырмыз. Болашақта кәсібімді кеңейту жағын  ойластырып жүрмін, — деді Күләш.

Қазір бұл тігін шеберханасының өнімдеріне қала мектептерімен қатар, Мұғалжар ауданының Ембі қаласындағы, Ойыл, Әйтеке би, Қобда секілді аудандардың білім беру ұйымдары тапсырыс беріпті.

Субсидияның көмегі

Баспасөз туры кезінде журналистердің барған тағы бір өндіріс орны — Ақтөбедегі «Наси С.М.» жеке кәсіпкерлігінің пенопласт шығаратын орны. Өндіріс орнының иесі Самат Наси 2010 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысып, 24 миллион теңге несие алған. Аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен кәсіпкерге берілген жылдық сыйақысы 14 пайыздық несиенің бүгінде 7 пайызы субсидияланыпты.  Кәсіпкер бұл несие қаражатына пенопласт шығаратын құрал- жабдықтар мен «КамАЗ» көлігін сатып алған. Қазір мұнда 5 адам тұрақты жұмыс жасайды.

Баспасөз туры кезінде біз өндірісте пенопласттың қалай дайын өнім ретінде шығарылатынын көзімізбен көрдік. Әп сәтте-ақ дайын болатын бұл өнімді өндіру ісі бір қарағанда жеңіл көрінгенмен, арнайы шикізатты мөлшерлеу, жоғары қысымда буда ұстау секілді механизмдерді іске қосу, өнімді дер кезінде арнайы мөлшермен кесуге дайындау, жинақтау, тиеу секілді жұмыстардың өзі жұмысшылардан шапшаңдықты қажет етеді.

— Мұндағы автоматтандырылған қондырғы бір кезеңде 150-180 текше метр пенопласт шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда біздің кәсіпорын —  Ақтөбедегі ең ірі пенопласт шығаратын цех. Өзге кәсіпорындармен салыстырғанда, бұл цехтың қуаттылығы 3-4 есе жоғары. Сондықтан біздегі баға да қолжетімді. Жаз айларында, яғни құрылыстың нағыз қызатын шағында бір кезеңде 100 текше метр пенопласт шығарамыз, — дейді цех өкілі Нұрлан Құсайынов.

Ақтөбенің пенопласы Атырау, Орал, Ақтау қалаларында сатылымға шығарылады.

P.S. Бүгінде кәсіпкерлер үшін мемлекеттен қаржылай да, қаржылай емес те көмек алуға болады. Жоғарыдағылар — мемлекеттен қаржылай көмек алып, өндірістік жобаларын тиімді жүзеге асырып, одан мол өнімділікке қол жеткізіп отырған кәсіпорындар. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы бүгінгі күнге дейін аймақта 31 мыңнан астам адамға қаржылай емес қолдау көрсетіліпті. Яғни, бұлар әртүрлі жобалар бойынша кәсіпкерлік білімін толықтырып, бірқатары шетелде  тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған. Айтпақшы, «Аға сеньорлар» жобасы аясында Канада мен Нидерланды елдерінен келген беделді кәсіпкерлер де ақтөбелік бизнес өкілдері үшін өз тәжірибесімен бөлісіп кетіпті.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button