ЖаңалықтарЭкономика

9 жоба субсидияланатын болды

Сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде кеңес мүшелерінің қарауына мемлекеттік қолдау алуға үмітті шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 9 жаңа жоба ұсынылды.

Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылған өтінімдердің көбісі екінші деңгейлі банктерден алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау. Олар — айналым қаражатын толықтыру, өндірістік базаны сатып алу, гофро қаптама өндірісіне, сондай-ақ, медициналық, ауыл шаруашылығына қажетті құрылғыларды сатып алу мақсатындағы жобалар. Бұл жобалардың қай-қайсысының да облыс экономикасын дамытуда маңызы зор, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Асыланбек Ұлықпанов.

Кеңес мүшелері қараған жобалардың бірі — өңірімізде 2013 жылдан бері бизнесін жүргізіп келе жатқан «Каспий плюс»  ЖШС-ның ұсынған жобасы. Бұл кәсіпорын бүгінде металдан түрлі тау-кен өндірісіне қажетті анкер тіреуіштерін, бекіткіштер мен тор шығарады. Осы істі кеңейту мақсатында аталған отандық компания өндірістік базаны сатып алу және жөндеу жұмыстарына «АТФ Банк» акционерлік қоғамынан жылдық 18 пайызбен 100 миллион теңге көлемінде несие алған. Енді жылдық пайыздық сыйақының 7 пайызы өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелерінің шешімімен субсидияланатын болды. Алайда кеңесте аталған кәсіпорынның Ақтөбе қаласындағы индустриалдық аймақта орналасуы турасында да ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сондай-ақ, кеңесте «Паксервис Актобе» ЖШС-ның  гофро қаптама өндірісіне қажетті желім жапсыратын құрылғыны сатып алуға субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсету туралы өтінімі өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелері тарапынан оң шешім тапты.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Әйгерім» сұлулық және денсаулық орталығында неврологиялық, терапиялық және хирургиялық бөлімдер бар. Аталған орталық облыс тұрғындарына көптеген медициналық қызметтер көрсетеді. Атап айтсақ, мұнда тұрғындарға дәрігерлік кеңес беріліп, эндоскопиялық зерттеулер мен ультрадыбыстық зерттеулер сынды қызмет түрлері жүргізіледі. Бүгінгі таңда орталықта 170-ке жуық адам жұмыс жасайды. Қазір бұл орталыққа көрсетілетін қызметтер көлемін кеңейту мақсатында медициналық құрылғылар сатып алу жоспарлануда. Осы мақсатта орталық басшылығы «АТФ Банк» АҚ-дан жылдық 16 пайыз сыйақымен 125,0 миллион теңге көлемінде несие алған. Үйлестіру кеңесінің шешімімен аталған несиенің жылдық пайыздық сыйақысының 7 пайызы мемлекеттен субсидияланатын болды. Осының нәтижесінде орталықта жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды.

Кеңес отырысында бұдан өзге де жобалар қарастырылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің жалпы құны 40 миллион теңге құрайтын 2 өтінімі мақұлданды.

Сондай-ақ, кеңес отырысында ауыл кәсіпкерлерінің де ұсынған жобасы қарастырылды. Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған жобалардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қолдауға ие болды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.      

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button