Билік

Бердібек САПАРБАЕВ: Ақтөбеде жағдайдың тұрақты екендігіне көз жеткіздім

Жаңажолдағы жүздесу

Министр Бердібек Сапарбаевтың өңірге келген сапарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының нысандарымен танысуға ниет етуі түсінікті-ақ еді. Өйткені қазіргідей дағдарысты деп аталып жүрген кезеңде мұнай саласындағы өнімнің өткізу бағасындағы ауытқушылықтар жұмысшылардың тірлігіне қалай әсер етуде деген сұрақ кім-кімді де ойландыратыны анық.

Министрдің мұндағы алғашқы қадамы жақсы жаңалықтың куәсі болуымен басталды. 2007 жылы құрылысы қолға алынған қуаты 45 мВт болатын газ құбыры электр стансасының пайдалануға беру тұсаукесер рәсімі мәртебелі қонақтың және облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қатысуымен жүзеге асырылды.

Бұл газ құбыры электр стансасының енді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Жаңажол және Кеңқияқ кен орындарындағы барлық тұтынушыларын өзінің электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

Пайдалануға берілген стансаның ерекшелігі – газ құбырлары қозғалтқышты қондырғылары Италияда, ал генераторлары Қытайда жасалынған. Жаңа станса технологиялық процестерінің жоғары автоматтандырылуымен ерекшеленеді. Қысымы 10 кВ болатын қуат Жаңажол энерготорабының локальды жүйесімен және облыстың электр жүйесімен қосылған үшінші газ өңдеу зауытының көмекші стансасына беріледі. Ең басты оңды жағдай – осында алпыс жаңа жұмыс орнының ашылатындығы.

Мұнайлы өңірдегі еңбек ұжымымен жүздесу аталған өндіріс орнында бүгінгі күні жұмыссыздыққа немесе жалақы мәселесіне қатысты өткір проблемалардың орын алып отырмағанын көрсетті. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы біріккен кәсіподақ ұйымының төрағасы Мырзағали Қаражанов ұжымдық келісім-шарт арқылы жасалып отырған шараларға толығынан тоқталды. Қазіргі уақытта акционерлік қоғамда 8298 адам еңбек етеді, оның ішінде 4881 адам вахталық әдіспен жұмыс істейді. Мекемеде орташа еңбекақы тоқсан сегіз мың теңге деп есептеледі.

Министр кәсіподақ жетекшісіне ұжымдық келісім-шарт талаптарының орындалу барысы, меморандум жайы, жергілікті жұмысшылардың еңбекақысының шетелдіктермен айырмашылығы туралы сауалдар қойды. Сондай-ақ, жұмыс кестесінің сақталуына назар аударды.

Жүздесу соңында Бердібек Сапарбаев жұмысшылар тұрып жатқан жатақханаларды көріп, қоғамдық тамақтандыру қызметі жұмысымен танысты, жұмысшылар асханасындағы ас мәзірін көзімен көрді.

248 нысанның бірі

«Ситал-2» ЖШС-ның кірпіш зауыты маусым айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл – облыста биыл пайдалануға берілетін 248 нысанның бірі.

Бердібек Сапарбаев облыс басшысы Елеусін Сағындықовпен бірге аталған нысанға барды.

Бір жылда серіктестік 30 миллион кірпіш шығаруды көздеп отыр. Зауыт құрылысына 15,6 миллион АҚШ доллары (1887,6 млн. теңге) көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарлануда.

Кірпіш құрамы жағынан алғанда экологиялық таза өнім, әлдеқандай қосындылардан және химиялық реактивтерден ада. Өз бойынан тұз бөлмейді, яғни құрылыстың сыртқы эстетикалық қалпы бұзылмайды. Кәсіпорынның іске қосылуымен 140 жаңа жұмыс орны ашылады. Екі ауысымда 300 адам жұмыс істейді.

«Борышкерлерге мемлекет тарапынан көмек болады»

Министр Бердібек Сапарбаевтың ат басын тіреген кәсіпорындардың бірі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ болды. Астаналық қонақ өңір жетекшісі Елеусін Сағындықовпен бірге негізгі өнімі экспортқа арналған зауыт жұмысшыларымен кездесіп, елімізде әлемдік дағдарыс салдарын жоюға арналған іс-шаралар жоспарын баяндаумен қатар еңбек ұжымының мұң-мұқтажына құлақ түрді.

Қонақтарды күтіп алған акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Алексей Химичтің көңіл-күйінің көтеріңкі болуы заңдылық. Өйткені химиялық өнімдерді тұтынатын алыс-жақын мемлекеттердің жер жүзін шарпыған дағдарыстан күйлері тайып, біздің өнімге сұраныс азайғалы, бұл кәсіпорын облыс әкімінің күнделікті бақылауына көшкені белгілі. Себебі осы бір зауыттың толық қуатында жұмыс жасауына өндіріс орнындағы жүздеген жұмысшылардың отбасылары бірінші кезекте тәуелді. Алайда Химичтің сендіруіне қарағанда, зауыт ұжымы қашан да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген. Ұжымның һәм басшылықтың міндеті – кәсіпорын өнімінің өзіндік бағасын төмендету мен хром тұзының сапасын арттыру арқылы зауытты толық қуатындағы кезге көшіру.  Ең бастысы, ұжымды сақтап қалу – №1 мәселе.

– Егер бұл үдеден шығып, белгіленген жоспарға қол жеткізе алсақ, өнімге сұраныс бұрынғысынша жоғары болмақ. Бізде шикізат қоры да, адам ресурстары да жеткілікті. Алайда дайын өнімді өткізуге байланысты күрмеуі қиын мәселе бар. Бұл бағыттағы жұмыс күн сайын жүргізіліп жатыр. Осындай қысылтаяң уақытта кәсіпорынды арзан электр қуатымен, арзан көгілдір отынмен, арзан жылумен қамтамасыз етуге көмегін аянбай отырған облыс әкіміне ұжымның алғыстан басқа айтары жоқ, – деді зауыттың тынысына шолу жасаған А. Химич.

Әкімнің химия зауытына деген еңбегі мұнымен шектелмейтіндігін кездесуге қатысқан тараптар анық біледі. Мысалы, қазір зауыттың салықтық міндеттемелері есебінен мұнда миллиондаған теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Нәтижесі тайға таңба басқандай. Күні кеше болашағы буалдырлана жаздаған кәсіпорын қазір елу пайыздық қуатында жұмыс жасап тұр. Жұмысшылардың еңбек уақыты мамыражай күндегідей. Жалақы жөнінен де борыш жоқ. Тұрақтылықты сақтау үшін облыс әкімінің қолдауы есебіндегі қаражат әлі де 3-4 айға молынан жетуі тиіс.

Азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы Ақтөбеде тұрақты. Тіпті, электр энегриясының бағасы арзандаған үстіне арзандай бермек. Ең бастысы, жергілікті дүкендерді аралап көргенімде, нанның бағасы былтырғыша 38 теңге көлемінде сақталып қалғандығына ішім жылып қалды. Мысалы, 4 ақпаннан бастап өзге аймақтардағы баға 10-20 пайызға көтеріліп кетті емес пе? Ал Ақтөбеде  тұрақты. Енді сырттан тасымалданатын өнімдерге амал жоқ. Себебі экспортшылар өз шығындарын да есепке алады. Сондықтан да осындай өлара кезеңде халық тарапынан түсіністік болуы тиіс. Ал кәсіпорын жұмысшылары өз басшылары мен облыс әкімінің соңынан ерсе, ұтылмайды, – деді министр. Министрлер кабинетінің мүшесіне сауал қоюшылар да табылды. Солардың бірі несиеге қатысты.

– Біздің министрліктің бірнеше ұсынысы бар. Біріншісі – банк борышкерлеріне «каникул» беру. Мысалы, алты айдан бір жылға дейінгі мерзімде қаржы ұйымдары тұрғындардың берешектеріне бір тиын да пайыз қоспауы тиіс. Бұл жөнінде екінші деңгейлі банк басшыларымен жұмыс жүргізудеміз. Екіншісі – несиені жабуға зейнетақы қорларындағы жинақталған қаражаттың белгілі бір бөлігін жұмсау. Аталған мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін күш саламыз, – деген министрдің жауабына қол соқпаған жан жоқ.

Әрине, хром қосындылары зауытының алдағы айларға жоспарлап отырған толық қуатындағы жұмысқа көшуі – маңызды ілгерілеу.

– АХҚЗ – тау-кен кәсіпорындарының әлжуазы. Сондықтан да нақты ұсыныспен шыққан басшыларының меселін қайтарған кезім жоқ. Оның сыртында адам тағдыры, мемлекет мүддесі тұр. Ал қаражат қашан да табылады. Тек нақты жоспары мен ынта керек. Облыста атқарылып жатқан игілікті істер бұл зауыт жұмысшыларын да айналып өтпейтіндігі анық. Мысалы, азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы көтерілмейтіндігі анық және ол жеңілдікті кәсіпорын жұмысшылары да пайдаланады емес пе. Бүгінде қалалықтар тек күнбағыс майының өзін желтоқсан айына қарағанда 40 теңгеге арзандау алып отыр. Мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу арқылы еттің бағасын тұрақтандырдық. Ал осындай қысылтаяң уақытта мұндай өнімдерді және дәрі-дәрмек сияқты ең қажетті тауар бағасын негізсіз көтерген компаниялардың лицензиялары қайтарылып алынады немесе басшылары заң бойынша қудаланады, – деп облыс әкімі жиналғандарды бір марқайтып тастады.

Елеусін Сағындықовтың айтуынша, «арық сөйлеп, семіз шық» қағидасына сай келетін облыс экономикасының мүмкіндіктері зор. Мәселен, биылдың өзінде жүздеген кәсіпорын ашылып, мыңдаған адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады.

Осындай жағымды әңгімелермен қорытындыланған кездесуге риза болмағандар кемде-кем.

Министр мектепке барды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған топ бұдан кейін «100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған №40 орта мектепке ат басын тіреді.

Алдымен Бердібек Сапарбаев екінші қабаттағы 750 орындық мәжіліс залын және  жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген спортзалды аралады. Компьютер сыныптарын көріп, жаңа заманға сай балалар асханасынан дәм татты. Еңселі ғимаратты түгел аралаған Б.Сапарбаев білім ордасының сәулетіне риза болды. Ал өз кезегінде облыс басшысы Елеусін Сағындықов бұндай білім ордасының бұл өңірде жоқ екенін айтты.

Қазіргі күні аталған оқу орнында  821 бала оқиды. Жалпы, білім ордасы бір мезетте 1200 бала оқуға арналған. Ашылғанына көп уақыт болмаса да қазір мектепке қажетті жабдықтар келіп болған.

Мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар келіп жатыр. Жақында 4 музыкалық аппарат пен рояль және домбыралар әкелінді. Сондай-ақ, 6 копьютерлік, 4 ағылшын кабинеті жұмыс істейді. Сыныптарға интерактивті тақталар орнатылуда. Оқу залы мен кітапхана, дөңгелек үстел өткізуге арналған зал бар. Ал кітапханаға кітаптар қоры енді әкелінеді. Алдағы қыркүйекте 10 сынып ашылады, – деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Еркешова.

Қазір мектепте аз қамтылған отбасынан шыққан 160 бала оқиды. Олардың ішінде бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндерге ыстық тамақ беріледі. Қазір мектепте 64 мұғалім жұмыс істейді.

Енді шеберханасы бар үй салынады

Министр жақында пайдалануға берілген Маресьев көшесі бойындағы жергілікті бюджеттің қаржысына салынған 33 пәтерлі мүгедектер үйіне де бас сұқты. Желтоқсан айында Ақтөбеге іссапармен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін өзі тапсырған болатын. Қамкөңіл жандарға арнап үй салып берген тұңғыш облыс біздің Ақтөбе екені де сол кезде айтылды.

Осы үйдің құрылысымен айналысқан «Континент» ЖШС мүгедектердің арбамен еркін кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін пандус салып, арнайы лифті қондырған.

Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Елеусін Сағындықов осы үйдің бірінші қабатындағы мүгедектерге арналған бейімдеу орталығының әр кабинетін аралап көрді. Басшылар құрамына орталық жайын таныстырған қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова:

Бірінші қабат түгелімен осы орталыққа берілді. Бұл жерде қоғамдық қабылдау, әдістемелік кабинет бар. Мұндағы медициналық блокта дәрігерлер – массаж бөлмесі мен тренажер залы жұмыс істейді. Егер мүгедектер ауыра қалса, осы жердегі күндізгі стационарда ем қабылдай алады, – деді. Медициналық блокта сәл аялдаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев:

– Бұл жерде дәрігерлер Гиппократ антына екі мәрте адал болуы қажет. Мұнда жарымжан адамдар келеді. «Жылы сөз – жарым ырыс». Оларға екі-ауыз жылы сөз айтып, жағдайын сұрасаң, дәріге қосымша шипа бергенің. Бейімдеу орталығындағы көзқарас та әдеттегіден гөрі ерекше болуы қажет. Елеусін Наурызбайұлы, сізге рахмет! Қазақстанның басқа жерлерінде арнайы жабдықталған осындай үй жоқ. Өзге облыстар үшін бұл үлкен бастама болып отыр, – деді.

Бұл үйде көлемі 53 шаршы метрлі 14 бір бөлмелі және ауданы 76 шаршы метр 19 екі бөлмелі пәтер бар. Басшылар екінші қабаттағы осындай екі бөлмелі пәтердің иесі І топ мүгедегі Мейрам Смағұловтың үйіне кіріп, ақ дастарқаннан дәм татты.

– Сіздерге осындай жағдай жасалғаны біздің мемлекетіміздің экономикасының, ел тұрмысының жақсы екенін көрсетеді. Елбасымыздың тапсырмасы бар, арнайы бағдарлама бар – осының бәрі  әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Елеусін Наурызбайұлы енді жүз пәтерлі үй салып берем, оның ішінде шеберханасы мен дәріханасы болады деп отыр.

Біздің елімізде бес жүз мыңдай мүгедек бар, соның 70 пайызы жұмыс істеуге қабілетті. Соған жағдай жасауымыз керек. Осыны ескерген Елеусін Наурызбайұлы тағы да республикада бірінші боп бастайын деп отыр.

Біз биыл Астанада үлкен бейімдеу орталығын салғалы жатырмыз. Мамандық беру, емделу, кеңес беру – бәрі бір кешенде орналасқан, тиімді. Осындай игі істердің бәрі де мемлекетіміздің жақсылығы. Бәрі де егемендіктің арқасы, – деді Бердібек Сапарбаев.

Басшылар екінші қабаттан арнайы жасалған лифтімен түсті. Сол үйдің тұрғындарымен және ақ халатты абзал жандармен естелік суретке түсті.

Жағдай толық бақылауда

Бұдан соң Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев қала жұртшылығымен кездесті. Мәдениет орталығында өткен кездесуде қаладағы ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының, мекемелердің басшылары мен бизнес өкілдері бас қосты. Кездесуді ашқан облыс әкімі Е.Сағындықов министрдің Ақтөбе облысына келген сапарының мақсатын аз сөзбен түсіндіріп, бұған дейін де министрмен болған бірнеше кездесудің сәтті өткенін, облыста дағдарысқа байланысты қобалжитын жағдайдың жоқ екендігін айтып өтті.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары С. Нұрқатова кездесуге қатысып отырғандарды қазіргі облысымыздың жағдайымен, дағдарысқа қарсы облыс әкімдігінің қолданып жатқан шараларымен таныстырды.

Кездесуде сөз алған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өзінің Ақтөбе облысына келу мақсатына тағы тоқталып өтті.

– Біздің мақсат жалпы облыстағы істеліп жатқан жұмыстармен, дүниежүзілік дағдарысқа байланысты облыстың дағдарысқа қарсы жасаған бағдарламасының жүзеге асу барысымен, біздің тапсырмалардың қалай орындалып жатқандығымен танысу болатын, – деді Еңбек министрі. – Кешеден бері оннан астам әлеуметтік, өндірістік нысандарда болып, кездесулер өткіздік. Жалпы алғанда, облыста жұмыс өз деңгейінде жүріп жатыр. Айқайлап, шулап жатқан немесе жалақысыз қалған адамдар жоқ деуге болады. Қарапайым жұмысшылармен болған кездесулердегі адамдардың әңгімелерінен облыстағы тұрақтылық байқалады. Біздің осында келгендегі екінші мақсатымыз – Елбасының халықты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалуы, дағдарыстың біздің халқымызға зиянын тигізбеуі жөніндегі үкімет бағдарламасымен таныстыру, үкіметтің істеп жатқан жұмыстарын сіздерге баяндау.

Бұдан әрі Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбедегі жағдайдың тұрақтылығын атап өтті. Жаппай жұмыстан шығып кету фактілерінің, наразылықтардың жоқ екендігін айтып өткен министр жұмыс істеу кестесі қысқартылған жерлердің өзінде де адамдардың үмітпен еңбек етіп жатқандығына тоқталды.

– Кеше бірнеше дүкендерді араладық, – деді министр өз сөзінде. – Теңге құнсыздандырылған 4 ақпаннан кейін де төртінші ақпанға дейін әкелінгеніне қарамастан кейбір қалада тауар түрлері 20-30 пайызға қымбаттағаны байқалды.  Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақтөбе облысында азық-түлік белдеулігі құрылып отыр. Халықты бірінші кезекте тұтынылатын тамақ өнімдерімен қамтуда облыс басшылығы тарапынан тиісті шаралар алынып жатыр. Ақтөбе ет өңдеу зауытында, хром зауытында болдық. Жағдайлары жаман емес.

Қазіргі жағдайда тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған облыс басшыларына ризашылығын білдірген Б.Сапарбаев кездесуге қатысушыларды дағдарысқа қарсы Үкімет қабылдап жатқан шаралардан хабардар етті. Елімізде жыл сайын әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы көлемі ұлғайып келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік салада еңбек ететіндердің еңбекақысы 25 пайызға өсіп отыр. Мүгедектерге берілетін жәрдемақы да мүгедектік түрлеріне қарай 15 пайызға көбейтілді. Қазір жұмысшыларды дағдарыстан қорғау жөнінде ҚР бойынша 2840 меморандумға қол қойылып отыр.

Б.Сапарбаев өз сөзінде елімізде жасалып жатқан азық-түлік қорына да тоқталып өтті.

– Осы уақытқа дейін біз етті, сүтті, көкөністі басқа елдерден алып келдік, – деді министр, – Бұдан былай Елбасының тапсырмасы бойынша оларды өзімізден өндіруге күш саламыз. Қазірдің өзінде отандық өнімдерді қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Отандық өнім өндірушілерге салықты төмендету жолға қойылмақ. Ал шетелден тасушыларға қосымша салық салынуы мүмкін. Облыстардың барлығында аса қажетті азық қорлары ұйымдастырылған. Бұған 120 млрд. теңге бөлінген. Кіші және шағын бизнесті қаржыландыру көздері іздестірілуде. Сонымен бірге жеке тұлғаларды жұмысқа орналастыруға көңіл бөлініп отыр. Ақтөбенің өзінде биыл 12 мыңнан кем емес жұмыс орны ашылады. – Бір сөзбен айтқанда, облыстағы жағдай қалыпты.  Қазақстанда бірінші рет мүгедектерге арналған тұрғын үй де осында салынған. Бұл үшін облыс басшыларына рахмет, – деді Б.Сапарбаев. – Бәрі де өзімізге байланысты. Ауыз біршілік мықты болса, кез келген қиын жағдайдан шығуға болады.

Бұдан соң Бердібек Мәшбекұлы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңында Еңбек министрі Б.Сапарбаев жұмысшыларға еңбекақы төлеу жөнінен 7 млн. теңге бережақ болып отырған «Копиертекнолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 8 млн. теңге еңбекақыны төлеуді кешіктіріп отырған «Хобос Иайк» серіктестігінің басшыларын ортаға шақырып, оларға бұл бережақтардан тезірек құтылу керектігін ескертті. Сонымен бірге министр кездесуге келіп отырған коммерциялық құрылымдар мен бизнес басшыларына ескертулер жасап, Ресейде жұмысшыларға айлық бермеген басшылардың бас бостандықтарынан айрылатындығын еске салды.

Кездесуді облыс әкімі Е.Сағындықов қорытындылады.

«Әлеуметтік салаға қарастырылған қаржы қысқартылмайды»

Министр Бердібек Сапарбаев екі күндік іссапарының қорытындысы ретінде жұмыс берушілермен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, мемлекеттік органдар жетекшілерімен, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық құрылымдарының қызметкерлерімен кездесті.

Қазіргі күрделі уақытта халықты жұмыспен қамту және әлсіз топтарға көмек көрсету бағытында облысымызда істеліп жатқан шаруалар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова баяндады.

Облысымызда биыл 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар тұрмысы төмен азаматтарға тегін кәсіби білім беру және ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жұмыссыздар қатарын азайту көзделген. Өткен жылы кәсіби білім беру үшін бюджеттен 1 млн. 200 мың теңге қарастырылса, биыл бұл қаржы 2 млн. теңгеге дейін көбеймек.

Облысымызда түрлі әлеуметтік көмектерді пайдаланатындар саны – 240 мың адам, бұл – әрбір үшінші тұрғын деген сөз. Халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсету мақсатында, республикалық бюджеттен қарастырылған көмектер мен жәрдемақыларға қоса, жергілікті билік тарапынан да көптеген игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып отыр. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Ауған соғысы жауынгерлері, Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқандар, т.б. бар – барлығы 11 санат коммуналдық төлемдерден түгелдей босатылған. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, мүгедектердің, көп балалы аналар мен зейнеткерлердің қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етілген. Мүгедек балаларға жергілікті бюджет есебінен ай сайын 3 мың теңге жәрдемақы беріледі. Өткен жылы мүгедектікке ұшыраған 100 адам пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы да 60 адамға пәтер беру көзделіп отыр. Аз қамтылған отбасылар үшін арзан азық-түлік сататын 3 дүкен ашылды, тағы да бірнеше дүкен ашу жоспарда бар. Тек азық-түлік қана емес, арзан бағамен киім-кешек сататын орталықтар ашу да жоспарланған.

Жалпы, халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсету мақсатындағы шаралар ауқымы жөнінен Ақтөбе облысы басқа өңірлерден озық тұр.

Министр Бердібек Сапарбаев өз сапарының мақсаты жөнінде тағы да атап өтті.

Министр екі күн ішінде оннан астам әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралапты.

– Ақтөбе облысында жағдай тұрақты екеніне көз жеткіздім. Мұнда жаппай жұмыстан шығару, қысқартулар жоқ,- деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Министр әлемдік дағдарыс жағдайында Үкімет қабылдаған шаралар туралы әңгімеледі.

Елімізде жұмыспен қамтылған халықтың саны – 7,8 миллион адам. Олардың ішінде 5,2 миллион адам жалдамалы еңбеккерлер де, ал 2,6 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Әлемдік дағдарыс салқыны, әсіресе, тау-кен өндіру және өңдеу салаларын шарпуы мүмкін.

Ал 1,7 млн. адам қызмет ететін мемлекеттік сектор мен 2,4 млн. адам еңбектеніп жатқан ауыл шаруашылығы саласында қысқарту болмайды деп күтілуде.

Жиында кәсіподақтар мүшелері, студенттер, мүгедектер, басқа да аз қамтылған топтар өкілдері ұсыныс-өтініштерін ортаға салып, өздерін толғандырып жүрген түрлі мәселелер бойынша сауалдар қойды. Олардың сауалдарына министр Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Елеусін Сағындықов жауап берді.

Сондай-ақ, ұжымдық келісім-шартқа қол қоюды кейінге ысырып жүрген және еңбеккерлеріне жалақыны кешіктіріп отырған бірнеше компаниялар басшыларына сын айтылды. Келісім-шартқа қол қою мәселесіне немқұрайлы қарап жүрген, негізінен, шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар екен. Әйткенмен Қазақстан жерінде еңбек етіп жатқандықтан, олардың Қазақстан заңдарына бағынуы қажеттігі қатаң түрде ескертілді.

Жалақыны кешіктіріп отырған компаниялар басшыларына да ескертулер жасалды. Заң бойынша жұмыс берушілерге жалақыны кешіктіргені үшін жаза ретінде айыппұл салынады. Бұл – жұмсақ жаза. Ал кейбір елдерде мұндай кінәсі үшін жұмыс берушілер бірнеше жыл бас бостандығынан айырылады. Министрдің айтуынша, бізде де болашақта заңға осындай өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Сөз соңында министр Бердібек Сапарбаев қазіргі күрделі жағдайларға қарамастан республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға қарастырылған қаржы көлемінің қысқартылмайтынын атап өтті.

«Ақтөбе» газетінің тілшілер қосыны.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button