Билік

«Нұротандықтар» көңілінен шықты

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есебі

Мемлекетіміздің бүгінгі саясатының негізіне арқау болып, халық мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Нұр Отан» ХДП соңғы жылдары үлкен бастамалардың иесі болды. Елбасы басшылық ететін партия халықтық Тұғырнама жасап, «100 мектеп, 100 аурухана», «Жол картасы» бағдарламаларын ұсынды.

1 желтоқсан, сейсенбі күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов еліміз бойынша облыс әкімдерінің арасында бірінші болып аталмыш бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы есеп берді. Есеп беру жиналысына «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Иран Әміров, Мәжіліс депутаттары Майра Айсина, Мұрат Итеғұлов қатысты. Жиынға партияның облыстық және қалалық филиалдары Саяси кеңестерінің Бюро мүшелері, мәслихаттар хатшылары, депутаттық фракциялар жетекшілері, облыстық және аумақтық атқарушы органдар басшылары, ардагерлер, жастар, БАҚ өкілдері шақырылды.

Өндіріс өрге басуда

Жиынды «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының төрағасы Амангелді Есіркепов ашып, облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа сөз берді.

— Мемлекет басшысы 2009 жылы да «Гүлдену, қауіпсіздік және барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үш тұғырлы міндет болып қала береді» деп анықтама берген болатын, — деді Елеусін Наурызбайұлы. — Облыстың барлық билік органдарының қызметі алға қойылған міндеттерді орындауға жұмылдырылды. Соның нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсімге қол жеткізілуде.

Атап айтқанда, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың 10 айында негізгі капитал инвестициясы 234,0 миллиард теңге құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті. 304,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсім — 108,8 пайыз.

Мұнай, газ, мыс және хром рудаларын, мыс қоспаларын өндіру көлемі ұлғайды. Индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы аясында жалпы инвестиция көлемі 2,0 миллиард АҚШ долларын құрайтын 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл нысандар пайдалануға берілгенде 5800 жұмыс орны ашылатын болады. Жыл басынан бері құны 1,4 миллиард доллар 37 инвестициялық жоба орындалып, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры, газтурбиналық электр стансасы, мұнай өңдеу кешені, күйдірілген хром өндірісі фабрикасы сияқты өндірістердің облыс экономикасында алатын орны бөлек..

«Жол картасы»: биылғы 242 жоба

Осы жылдың 1 желтоқсанына «Жол картасы» бағдарламасына бөлінген инвестицияның 11,7 миллиард теңгесі, яғни биылғы жылға қаралған қаржының 99,8 пайызы игерілді. Бұл 24,2 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді.

«Жол картасы» бойынша барлығы 242 жоба іске асырылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта жобалау және дамыту бойынша 5,0 миллион теңге құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жалпы айтқанда, жаңадан ашылған әрбір екінші жұмыс орны, еңбекке орналасқан әрбір екінші адам осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің үлесіне тиеді. Бұл жүйені қайта жобалап, дамыту тұрғындар мен өнеркәсіп орындарына су беру көлемін тәулігіне 15 мың текше метрге ұлғайтты. Мұнымен қатар, жылу шығынын 23,7 мың Гкал азайтты. Бұл — жалпы шығынның 16 пайызы.

Жолдарды жөндеу, қайта жобалау және жол салу бағытында 23 жоба жүзеге асты. Бұл жоба бойынша 6 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 5500 адам жұмыс тапты. 254,4 шақырым жолға күрделі жөндеу мен қайта жобалау, 355,5 шақырым жолға орташа деңгейдегі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, «Алға-Павловка» жолының 25 шақырымы орташа жөндеуден, «Самара-Шымкент-Аққұдық» автожолының 29 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының 90 шақырымға жуық жолы жөнделді. Жоспарланған жөндеу жұмыстарын толық аяқтаудың нәтижесінде автокөлік жолдарының жағдайы дұрысталып қалды. Облыс орталығы мен елді мекендер арасындағы қатынас жақсарды, ал қала көшелеріндегі көліктердің жүру тығыздығы азайды.

Бағдарламалар бойынша жүзеге асырылған жобалардың негізгі көлемі мектептерді, ауруханаларды және басқа әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге арналды. Қаралған қаржы есебінен 145 білім беру нысаны, оның ішінде 93 мектеп, 29 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекеме, 8 интернат және 12 кәсіби лицейге күрделі жөндеу жүргізілді. 50 білім беру нысанының шатыры, 64 нысанның жылу жүйесі жөнделіп, 13 бу қазандығы бүгінгі заманғы экономикалық тиімді қазандықтарға алмастырылды, бірқатар жерлерде су жүйелері, кәріздері, электр желілері жүргізілді.

Денсаулық сақтау саласының 9 нысаны жөндеуден өтті. Мәселен, Ырғыз аудандық ауруханасының қазандығы дизельді отынға көшірілді. Мәртөк, Қобда, Мұғалжар аудандық ауруханаларының терезелері, жылу жүйелері алмастырылды. Алға ауданының ауруханалары және Ақтөбе қаласындағы № 4 кеңес беру-диагностикалық емханасы жөнделді.

Сондай-ақ дене тәрбиесі және спорт бағытында 8 нысан және 29 әлеуметтік-мәдени нысан жөндеуден өтті.

«Жол картасы» жұмыстарының аяқталуына байланысты босап қалған адамдарды еңбекпен қамту мәселесі алаңдатқан болатын. Қазіргі кезде облыстың еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне 6060 адам өтініш берген, оның 3846-сы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. 240 адам қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға тартылды, бірқатары қайта даярлау, кәсіби шеберлігін жетілдіру курстарына жіберілді.

«Жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде тіркелген жұмыссыздар саны өткен жылмен салыстырғанда азайды. 1 желтоқсанға 2100 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Келесі жылдың жоспары

Халық үшін біраз шаруа тындырылған «Жол картасы» бағдарламасы келесі жылы да жалғасатын болады. 2010 жылы 79 нысанға жөндеу жүргізіліп, соның нәтижесінде тұрғындар 6 мың жаңадан ашылатын және 2400 әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылатын болады. 1200 адам кәсіби және қайта даярлауға жіберіледі. Алдағы жылға бекітілген қаржы тұтастай алғанда, республика бойынша облыс тұрғындары санына қарай қаралады. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлінетін болды.

Бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің 34 нысанын, оның ішінде ауылдық жерлердегі 12 нысанды жөндеу көзделуде. «Самара-Шымкент-Аққұдық» автожолын жөндеу жалғасады. Мұнымен қатар, «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автожолының учаскелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. 42 мәдени-әлеуметтік нысанды жөндеу де жоспарлануда.

Алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзір, мемлекеттік сараптамалардан өткен, енді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен келісім жұмыстары жүргізілуде.

«100 мектеп, 100 аурухана»: біздегі табыстар

«100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірінде бүгінгі заман талабына сай сәулетті мектептердің бой көтеруіне себепкер болды. Ұстаздардың, оқушылар мен ата-аналардың қуанышына айналды. Әрқайсысы 1200 орындық және  әрқайсысының сметалық құны миллион жарым теңгеге жуық әсем мектеп ғимараттары Ақтөбе және Шалқар қалаларында салынып, өткен жылы пайдалануға берілді.

Ал облыстың денсаулық сақтау саласында да бұрын осындай аз уақыттың ішінде тұрғызылмаған нысандар халық игілігіне жарап жатыр. Соның бірі — Ойыл селосындағы емханасы бар 60 орындық аудандық аурухана. Мұндағы емхана бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Ақтөбе қаласындағы «Тұрғындар қалашығы» ауданында салынған қалалық емхана емі бұл күндері науқастарға шипа болуда. Ал «Авиақалашық» ауданында тұрғызылып жатқан қалалық емхана таяу уақытта пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 200 кереуеттік қалалық көпсалалы балалар ауруханасының, 300 кереуеттік облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде. Мұның біріншісі жыл аяғына дейін тапсырылса, екіншісі 2011 жылы пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі, міне, осындай деректерді жиынға қатысушыларға баяндап берді. Жарыссөзге шығып сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Құдайберген Бекенов, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Келдібай Еспағамбетов, облыстық мәслихаттың депутаты Тәттігүл Талаева облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың жұмысына қанағаттанарлық деген баға беру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Майра Айсина шығып сөйлеп, Ақтөбедегі зор өзгерістерді, «Нұр Отан» ХДП ұсынған бағдарламалардың облыста орындалуын жоғары бағалады. «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков партияның басты бағыты болып табылатын халықтық Тұғырнамада көрсетілген бағдарламалардың еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына апаратын жол екенін айта келіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңілі толатынын жеткізді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button