Жастар

«Шұғыла» жастарды жинайды

Бастама

 Бүгінгі қоғамда белең алып отырған жағымсыз жайлардың алдын алу үшін  жастармен тыңғылықты жұмыс атқару керек. Оған бәріміз атсалысуға тиістіміз.  Бұл — «Шұғыла» жастар шығармашылығы клубына жиналғандардың басты ойы.

Жуырда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, облыстық жастар ресурстық орталығы және облысымыздың талантты жастары бірігіп «Шұғыла» жастар орталығын құрды. Мұндағы мақсат — жастарды мәдени құндылықтарға тартып, олардың патриоттық сезімдері мен рухтарын ояту.

Алдымен С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина сөз алып, бұдан бұрын да, бес жыл бойы жас ақындар өзара кездесіп, саябақтар мен алаңдарда жиналып, өлең кештерін өткізіп жүргенін алға тартты. Ал бұл жолы ел дамуына тек жас ақындар ғана емес, жалпы өнерлі жастар үлес қосу үшін  арнайы жоспар бекітіліп, сол мақсатта жұмыс жасасақ деген ойын айтты. Сонымен қатар тәуелсіздіктің құрдастары Нұрбол Ибраев пен Арай Ғалымбекқызының жеке кітаптарын шығарып, шығармашылық кешін жасауға мүмкіндік қарастыру, өзге облыстардағы шығармашылық орталықтармен тығыз байланыс жасауды алға тартты.

Бұдан соң облыстық жастар ресурстық орталығының бас маманы Айгүл Есетова жастар орталығына 15-36 жас аралығындағы талантты жастарды мүшелікке алу туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, клуб мүшелері қайырымдылық кештерін, поэзия сағаттарын өткізуді жоспарласа, мүмкіндігі шектеулі жандармен рухани кеш өткізсек  деген ұсыныстарын да білдірді.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Тілектес Тоқсанбаева мектептердегі әртүрлі үйірмелермен тығыз жұмыс жасауды ұсынса, ақын Гүлімай Әбішқызы «Қыздар клубы», «Жасөспірімдермен жұмыс» деген секілді секциялардың да жастарға оң бағыт беретінін тілге тиек етті. Ақын Индира Кереева әр оқу орнынан тікелей байланыс жасап тұратын үйлестірушілер тағайындау туралы ойын жеткізді. Сонымен қатар студенттер де бұл орталықтың жарнамасы көп болса, түрлі кештер ұйымдастырып тұрсақ деген ойларын да ортаға салды.

Кеш соңында жиналғандар бір ауыздан шығармашылық клубтың жетекшісі етіп Гүлжайнар Қалдинаны сайлады. Ақылдастар алқасы тағайындалып, алдағы күнге жоспарлар құрылды. Сол жерде арнайы желілерге қосылып, «Шұғылалықтар» өз жұмысының аясын кеңейтуді қолға алды.

Жиын соңы поэзия кешіне ұласты. Жастар өз қалауларымен ортаға шығып, өлеңдерін оқыды. Гүлімай Әбішқызы кітапханаға өзінің кітаптарын сыйға тартты.

 Аяулым АСЫЛ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button