ЖаңалықтарЭкономика

15 жоба талқыға түсті

 «Бизнестің жол картасы — 2020»

 Еліміз дағдарыс қиыншылықтарын сезінуде. Соған қарамастан, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында әр кәсіпкердің мемлекеттік қолдауға ие болуға  мүмкіндігі бар. Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысына қатысқандар бұған толық көз жеткізді.

Аймақтың іскер қауымының үлкен тобы қатысқан осы жиында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекттік қолдау алуға үміткер шағын және орта бизнес субъектілерінің жобалары талқыланды. Әрине, оның тізімдегі саны әлдеқайда көп еді. Іріктеу барысында 15 жоба таңдауға ілікті. Жобаны жүзеге асыратын кәсіпкерлер, қаржыландыратын екінші деңгейдегі банк өкілдері несиелендірілетін жаңа жобалар жөнінде баяндады. Іскер топтар жаңа кәсіпорындар туралы айта бастағанда, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Әскербекұлы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болу арқылы ашылатын кәсіпорындардың жаңадан қанша жұмыс орнын ашуға септігі тиетінін, өндірістік сипаттамаларын, пайда, табыс табудағы деректерін, салық төлеу мөлшерлемелерін нақты баяндауды талап етті.

Кәсіпкерлердің кеңеске ұсынылған жобаларының басым бөлігі — екінші деңгейлі банктерден құрал-жабдықтар алуға, өндірісті іске қосуға, айналым қаражатын толықтыруға алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды көздейді. Бұл жерде мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын айтуымыз керек.

Кәсіпкерлердің кеңесте қаралған әрбір жобасы облыс тұрғындарын қызықтыратыны даусыз. Өйткені олар өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан да жергілікті жерлерде үлкен сұранысқа ие. Мәселен, Мұғалжар ауданында бірнеше жоба бастау алғалы отыр. Олардың әрқайсысы ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады. Жеке кәсіпкер Ғалым Айтымбетов 2013 жылдан бері корпустық жиһаз жасаумен айналысады. Бүгінгі таңда оның осы цехында 4 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер өз өндірісін кеңейтпек. Ең әуелі осы шығарып жатқан жиһаз бұйымдары сататын арнаулы дүкен ашпақ. Осы мақсатта ол «Жинақбанкі» акционерлік қоғамы екінші деңгейлі банктен 14 пайызбен несие алған. Оның 7 пайызы бүгінгі кеңесте «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында субсидиялау үшін мақұлданды.

Ал «Қандыағаш коммерция груп» ЖШС директоры А.Есенаманов өңірлік үйлестіру кеңесіне Қандыағаш қаласында шұжық өндіру бойынша цех ашуға «Халық банкі» арқылы алған несиесіне кепілдік алу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуі үшін жүгінді. Кәсіпкер тарапынан жүзеге асатын жоба аудан тұрғындарын экологиялық таза ет өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір қызықты жоба — Қарғалы ауданының Қосестек ауылындағы аудан тұрғындары мен туристерге арналған демалыс базасының құрылысы. Бұл демалыс базасының құрылысын аяқтау үшін ұзындығы 6786 метр құрайтын газ құбырын тарту керек. Мұны тек мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ғана тиянақтауға болады. Осы сияқты, «Ардағым» шаруа қожалығы басшысының шаруашылыққа инфрақұрлым тарту жөніндегі тілегі қанағаттандырылды.

Кеңесте өзге де кәсіпкерлер мәселе көтеріп, әр сала бойынша өз өтініш-тілектерін білдірді. Олардың ұсыныстарын өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері ескерусіз қалдырмай, өз орнымен шешуге тырысты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button