Билік

Жұмыссыздық болмайды! Кеше министр аралаған нысандардың басшылары мәртебелі қонақты осылай деп сендірді

Кеше облысымызға екі күндік жұмыс сапарымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келді. Астаналық мейман  сапарының басты мақсаты – әлемдік дағдарыс жағдайында халықтың әлеуметтік қорғалуы мен облыста жұмыссыздықты болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижелілігін көзімен көру.

Түлектері «жерде қалмайтын» лицей

Сапарының алғашқы күні түс ауа министр облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге Хромтау ауданында болып, жергілікті іргелі кәсіпорындардың тынысымен танысты, жұмысшыларымен жүздесті.

Министр мен әкім бас сұққан алғашқы мекеме – аудан орталығындағы №4 кәсіби лицей. Жаңа заманның талабына сай оқу ордасының іргесі 1979 жылы қаланған және биыл іргелі шаңырақтың отыз жылдығы тойланбақшы.

Әрине, Елбасының бастамасымен елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін, яғни аса жоғары сұранысқа ие болып отырған жұмысшы мамандарды даярлауға бейімделген оқу орындарына ерекше мән беріліп отырғандығы белгілі. Ал Хромтаудағы лицей – сол талаптарға толығымен жауап бере алатын оқу орындарының бірі.

Лицей басшыларының лауазымды қонақтарға мәлімдегеніндей, түлектердің жұмыссыз қалатыны жоқ. Нақтырақ айтқанда, бұл лицейді тәмәмдаған жастардың 95 пайызы тұрақты түрде жұмыспен қамтылып келеді. Ал еңбекпен қамтылған өткен жылғы түлектерінің 87 пайызы «Дөң» тау-кен байыту комбинатының жұмысшысы атанып үлгерген. Өйткені оқушылардың басым бөлігі аталған комбинаттың тапсырысы бойынша білім алуда және қазірдің өзінде өндірістік тәжірибесін сол компанияда жетілдіріп, ай сайын мемлекеттікінен бөлек стипендия алып келеді. Біз тілдескен осы лицейдің оқушысы Асылжан Меңдіғарин де ертеңгі күні жұмыссыздар қатарын толықтырмайтындығына бек сенімді.

– Өзім Хромтау қаласының тұрғынымын. Мамандығым – машинист. Биыл оқуды тәмәмдаймын. Жақында ғана комбинаттың өкілдері келіп біздің қатарымыздан 25 маман алатындығын айтып қуантып тастады. Бұған ата-анама ерекше қуанып жүр,  – дейді Асылжан.

Асылжан тәрізді мамандардың қуанышы министр үшін де бөтен емес. Қанша дегенмен, әлемдік қаржы дағдарысының салқыны шарпыған елімізде жұмыспен қамту мәселесі атқарушы биліктің иығына қазір біраз жүк түсіріп тұр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, дайын мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету жөнінен Ақтөбе облысы қашан да алда келеді. Бұл туралы лицейдің оқытушылар құрамымен кездескен Бердібек Мәшбекұлы да айтып берді:

– Үкімет дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдады. Осы құжаттың шеңберінде халықты еңбекпен қамтуға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, оның басшылығы маған тапсырылды. Менің ойымша, кәсіби-техникалық білім – жалпы білімнің «көкесі». Кәсіби мамандар сіздердің қолдарыңызда шыңдалады. Егер біз шын мәнінде бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылғымыз келсе, білікті мамандарға сұраныс жоғары болуы тиіс. Кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындары тек жаңа мамандарды даярлап қоймай, өзге мамандарды қайта оқытуға да ден қоюы керек. Бұл лицейде мемлекеттік органдардың тапсырысымен 114 маман қайта оқытылғандығы көңіл қуантады. Бұның өзі – жұмыссыз адамды еңбекпен қамтудың амалы. Маған Ақтөбе облысының осы бағыттағы шамасы жақсы таныс. Өйткені біздің жұмыс тобымыз апта сайын мониторинг жүргізіп отырады. Сондықтан да сіздердің облысыңыздағы адамдарды жұмыспен қамтуға байланысты жағдайды қалыпты деп бағалауға болады.

Әрине, министр тек қана бұл оқу орнына жергілікті бюджеттен бөлініп отырған қаржының былтырғымен салыстырғанда үш есеге жақын өскендігіне де ризашылық білдірді. Мысалы, лицейге 2008 жылы 28 миллион теңге қаржы қарастырылса, биыл бұл сома 62 миллионға жеткен. Ал қазір аталған білім шаңырағында 535 оқушы білім алып жатыр. Лицей агроөндіріс кешені үшін 6 мамандық бойынша, тау-кен өндірісі және қызмет көрсету саласы үшін 11 мамандық бойынша мамандар даярлайды.

Бердібек Мәшбекұлы оқытушыларға бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге байланысты жаңа есептеулердің жүргізілетіндігін айтып, бір серпілтіп тастады. Қазір елімізде бұл мәселенің өткір тұрғаны да рас. Ақтөбе облысының әкімі тәрізді өзі де бір кезде Білім министрінің орынбасары қызметінде болған Б.Сапарбаев ұстаздардың әлеуметтік жағдайының артуына күш салатындығын аңғартты.

Білім саласына қашан да жанашырлықпен қарайтын облыс әкімі министрдің жақсы жаңалықтарын үстемелей түсті. Ең бастысы, ұстаздар жалақысының уақытында берілуі туралы пікірлер ұжымға ерекше әсер етті.

– Алдағы уақытта ең керекті, ең кәдеге жарайтын орын болашақ жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орындары болатындығы даусыз. Біздің міндетіміз жоғары кәсіби білікті мамандарды әзірлеп, өмірге жолдама беру. Біз күні бүгінге дейін кездескен экономикалық ауытқуларды енді артта қалдырып, даңғыл жолға түсеміз. Биыл облыс бойынша әлеуметтік салаға бөлінген қаржы былтырғыдан екі есе көп. Енді ортақ табысымызды әлде де еселей түсу үшін билік пен халықтың ауызбіршілігі қажет, – деді Елеусін Наурызбайұлы.

Осындай жайлы сөздерден соң қонақтарға ұстаздар қауымы атынан отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалім Қарашаш Өксікбаева алғысын айтты.

«Қазхромның» қаупі: сәуірде жұмысшы жетіспеуі мүмкін

Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы мен Елеусін Наурызбайұлы бастаған топ «Дөң» тау-кен байыту комбинатының спорт кешенін аралап көрді.

Бұл кешен Хромтау сияқты шағын қаланың үлкен жетістігі. Соңғы үлгідегі спорттық жабдықтардың игілігін қаланың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін көріп жүр. Тегін жаттығу залдары жұмысшылардың еңбекке қабілеттілігін арттыра түседі. Осынау әлеуметтік қамқорлыққа әсіресе, комбинат ардагерлерінің ықыласы бөлек. Осындай жетістіктермен жете танысқан министр бұл салада да Ақтөбе облысының өзге аймақтарға үлгі боларына көз жеткізді.

Бүгінде Хромтау өңіріне дем беріп отырған кәсіпорын – «Қазхром» трансұлттық компаниясына қарасты «Дөң» тау-кен байыту комбинаты. Жергілікті тұрғындардың негізгі бөлігі осында тер төгіп жүр. Бердібек Мәшбекұлы комбинаттың жылдық қуаты 700 мың тонна болатын күйдірілген хромдық шекен тастар өндіретін цехының жұмысымен танысқанда, жоғарыдағы әңгіме мазмұны ашыла түсіп, іргелі кәсіпорындардың  әлеуметтік салаға дем беретіні анық көрінді.

Жалпы, хромдық шекен тастар – ферроқорытпа өндірісі үшін құнды шикізат. Ағымдағы жылдың маусым айында толық қуатындағы жұмысына қосылатын нысан Қазақстанның ішкі және сыртқы рыногында күйдірілген хромдық шекен тастар өндірісін арттырады. Жалпы құны 111 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба компанияның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Цех басшыларының айтуына қарағанда, жаңа нысан қазіргі Хромтау қаласының айналасындағы жасанды тау жоталарының көбеймеуіне кепіл. Облыс әкімі осындай өндіріс орындарындағы модернизация тек ел игілігін еселей түсетінін айтты. Демек, хромның қалдығы табыс та бола алады. Ең бастысы, бұл жерде жаңадан 120 жұмыс орны ашылмақшы.

Ресми топ мінген кортеж мұнан соң «Молодежный» шахтасына бет алып, ол жерде министрдің кеншілермен кездесуі өтті. Кездесу емен-жарқын әңгімеге айналды. Бұл саланың жұмысшылары облыстың индустриялық саясатына қомақты үлес қосып келеді. Әлеуметтік саладағы бағдарлама да Елбасының тапсырмасы мен саясатына сай жүзеге асырылып жатыр.

Жұмысшылармен кездесуде «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тиль қонақтарға қысқаша хабарлама жасады:

– Жалпы алғанда, 2008 жылға жоспарланған міндеттемелерді толық орындадық. Акционерлік қоғамның табысы біздің жоспарымыздағыдан екі есеге жоғары болды. Тек салық үшін қазынаға 84 миллиард теңге төленді.

Ал «Дөң» тау-кен байыту комбинатында бүгінде екі шахта жұмыс жасап тұр. Әлемді шулатқан дағдарыс өткен жылдың тамыз айында сезіле бастағаны рас. Оның басты себебі – ферроқорытпасына сұраныстың төмендеп кетуі. Өткен жылдың қараша мен желтоқсан айлары біз үшін өте ауыр болды. Бір ғана желтоқсан айында сыртқа жөнелтетін өніміміз 50 пайызға әрең жетті. Ал қаңтар айында ферроқорытпа зауыты толық қуатына көше бастады. Ал Дөңдегі комбинат толық қуатының тоқсан пайызын орындады. Алдағы наурыз айында 100 пайыздық жұмыс қуатына көшіреміз. 2008 жылы Дөңде басқа мекеменің екі комбинаты ашылып, білікті жұмысшыларымыздың сонда кеткендігі оңайға соққан жоқ. Сондықтан да сәуір айында жағдай түзелген соң мамандар жетпей қалатын қаупі бар. Жергілікті лицейдің түлектері де аздық ететін шығар.

Министр бұл мәлімдемеден соң Виктор Тильді жұмысшылар санының, жұмыс уақытының қысқартуларына байланысты сұрақтың астына алып, олардың барлығына тұшымды жауап алды. Мысалы, әлемдік дағдарыстың салқыны тигеніне қарамастан, акционерлік қоғамда бірде-бір жұмысшы қысқартылмаған. Тіпті, комбинатта өткен жылдың соңында «он үшінші» жалақы да төленіпті. Үстеме ақылар мен сыйақылардың да қысқарған кезі жоқ.

Ал жекелеген жұмысшылардың бірқатарына сұраныс қашан да бар. Мысалы, дәнекерлеушілер мен слесарьлар қашан да қат.

Компания басшысының ұжымдық келісім-шарт талаптары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, облыстық әкімдік пен кәсіпорын арасындағы меморандумның талаптарын орындауға қатысты негізгі сауалдарға қатысты жауабына меймандар қанағаттанған секілді.

Мысалы, облыс әкімі алдағы уақытта да қысқартулардың болмайтындығына сендіріп, облыста 2007 жылы ғана 38 адамның бір жұмыстан босап, келесісіне орналасуы сияқты «миграцияның» тіркелгендігін тілге тиек етті. Былтырғы жылы ешқандай дағдарысқа қарамастан облыстағы кәсіпорындарға 18 мыңдай жұмысшының жетіспегендігін атап өтті. «Білікті маман – қашан да жоғары жалақы иесі», – деген Елеусін Наурызбайұлының айтуынша, облыстағы өндіріс орындары саны артқан күнде кәсіби мамандар тапшылығын шешу қажет.

Мұнан соң Б.Сапарбаев жұмысшылардың сауалдарына жауап беріп, еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау саласындағы республикалық көрсеткіштерге тоқталды. Мемлекеттің бұл саладағы негізгі бағыттарын түсіндірді. Ресми топ осындай жолмен «Восход-Ориел» ЖШС тау-кен байыту комбинатын тынысымен танысты.

Осындай орнықты әңгімемен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің облысымызға сапарының алғашқы күні қорытындыланды. Ертең Б.Сапарбаев Мұғалжар ауданында орналасқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өндіріс орындары мен облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындарды аралайды.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button