ЖаңалықтарСпорт

Қазақ спортының биігі

Қазақ спортшылары Рио төрінде осыдан төрт жыл бұрынғы, Лондондағы  орасан табыстың, кейбіреулер ойлағандай, бір жолғы ғана сәттілік емес, біздің спортымыздың шын мәніндегі биігі екенін дәлелдеп жатыр.

Сәрсенбі және бейсенбі күндері ел қоржынына тағы 5 жүлде түсті: Данияр Елеусінов (бокс) — алтын, Әділбек Ниязымбетов (бокс) пен Гөзел Манюрова (еркін күрес) — күміс, Элмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова (екеуі де еркін күрес) қола жүлдеге ие болды.

Күрестен әйелдер құрамасының табысын ерекше атап өту керек. Олар Риоға төрт спортшы апарып, үш жүлде алып отыр. Яғни, төрт жолдаманың үшеуін Олимпиада жүлдесіне айналдырды. Қыздарымыздың арасынан, өкінішке қарай, Жұлдыз Ешімова ғана жүлдесіз қалды.

Ал үш жүлденің алғашқысын Элмира Сыздықова (69 кг) еншіледі. Ол сәрсенбі күні жарыс жолына шығып, бірінші белдесуінде ресейлік Наталья Воробьевадан жеңіліп қалды. Кейіннен Воробьеваның финалға шығуына байланысты, ережеге сай, біздің қызымыз қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуінде моңғол қызы Насанбурнаа Очирбатты 3:2 есебімен жеңді. Одан соң қолаға күресте египеттік Энас Ахмедпен белдесті. Тәжірибелі Энас Ахмед Элмираға тіпті де оңай қарсылас болған жоқ. Бірақ сабырлы, ойлы күрескен қызымыз одан айласын асыра алды. Элмира қарсыласын 7:4 есебімен жеңді.

Элмира Сыздықоваға дейін қазақтың балуан қыздары арасынан Олимпиада жүлдегері шыққан жоқ.

63 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Екатерина Ларионова да алғашқы белдесуінде жеңіліп, кейіннен қола медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Жұбаныш белдесуінде швециялық балуан Хенна Йонхенсонды 5:0 есебімен жеңді. Ал қола үшін күресте АҚШ балуаны Елена Пирожкованы таза жеңді.

Ал тәжірибелі Гөзел Манюрова (75 кг) финалға дейін барлық қарсыластарынан басым түсіп, финалдық белдесуде канадалық Эрика Уибиден жеңілді. Сөйтіп, күміс жүлдеге ие болды. Риоға дейін әйелдер күресінен қоржынымызда екі-ақ жүлде болды: 2008 жылы Пекинде — Елена Шалыгина (63 кг), ал 2012 жылы Лондонда Гөзел Манюрова (75 кг) жүлдегер атанды.

Кеше Қазақстан 15 жүлдемен жалпы есепте 20-орында тұрды. Біздің спортшылар 3 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль иемденіп отыр. Бұл 15 жүлдеге тағы екі жүлденің қосылары анық: боксшыларымыз — Иван Дычко (+91 кг) мен Дариға Шәкімованың (75 кг) жартылай финалға шыққанын білесіздер.

Бұл жолы спортшыларымыз Олимпиададағы жүлде саны жөнінен рекорд жасады. Қазақстанның бұған дейінгі жоғары көрсеткіші — 13 медаль (Пекин мен Лондон Олимпиадалары) болатын.

Сөйтіп, қазақ спортшылары өздерінің әлемдегі ең мықты спортшылар қатарында екенін Рио Олимпиадасында да дәлелдей білді. Әзірге алтын санының Лондондағыдан кем екенін есепке алмаймыз. Өйткені біздің кейбір спортшылар  қол жеткізе алатын, қол жеткізіп тұрған алтындардан ВАДА (Илья Ильиннің Олимпиадаға жіберілмеуі) мен АИБА төрешілері (Василий Левит) тарапынан жіберілген қиянат салдарынан айырылып отырмыз.

 Олимпиада күнделігін әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button