Ауыл

Қосжан атаның ақтерегі

Көктау ауылы қашаннан жасыл желек жамылып тұрады. Ауылда жайқалған талдар көп. Әр үйдің ауласынан сүмбіл терек, қараағаш, алма, шие, қарақат ағаштары өсіп тұрғанын көруге болады. Осы барғанымызда ауылда соңғы жылдары сұңғақ та сұлу ағаштардың бой көтергенін көрдік.  

Көктау ауылдық округінің әкімі Сейсенбай Бердалиннің айтуынша, әдемі теректерді осы ауылға «Нұрлы көш» бағдарламасымен Қарақалпақстаннан көшіп келген Қосжан Төребеков әкеліп, жерсіндіріпті. Ол кісі бұл талды Қоңыратта «ақтерек» деп атайды дейді.

Айтса, айтқандай-ақ. Бір қарағанда терек түсі аққайыңдай күміс секілді көрінеді. Бірақ, бұл теректің төменгі жағы жалаң, биікке ұмтылып өсетіні көрініп-ақ тұр.

— Теректің түрі көп қой. «Тополиный пух» деп жатамыз ғой, кейбір терек жазда тозаң ұшырса, мына ақтерек «тазайын» екен. Қосжан Төребеков осы ауылға келгеннен бері жыл сайын мектеп ауласына осы ақтеректің көшеттерін егіп келеді. Биыл мектепке 85 көшет сыйлады. Негізі, біп-биік боп өсетін болғандықтан ақтеректі көбіне бөрене, арқалық жасауға пайдаланылады екен. Біздер бұны енді ғана көбейтіп жатырмыз. Жылдар өте келе ауылымыз одан сайын көрікті болмақ, — дейді Сейсенбай Бердалин.

Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» дейді. Қосжан ата осы ұстанымды ұстанады. Осыдан үш жыл бұрын Қарақалпақстаннан ақтеректің 30 түп көшетін әкеліпті. Бұл жақта да теректің түрі бар ғой. Бірақ, сұрпы бөлек ақтеректің жапырақтары жалпақ, сұңғақ әрі әдемі көрінеді. Ауыл тұрғындары ақтеректің  Көктаудың салқынына мыңқ етпегенін, ауа райының өзгергеніне тез бейімделгенін де айтып берді.

Қазір осы ауылға ақсақал еккен ақтеректің саны 200-ден асып кетіпті. Ол көшеттерді көршілерге, балаларының достарына, таныстарға сыйлайтын көрінеді. Көшет алған адамға оны қалай отырғызу керектігін, күтіп-баптауды, суаруды,  бәрін өзі тәптіштеп түсіндіреді екен. Қосжан атаның кеңесі: ақтеректі егілген бірінші жылы суық пен желден қорғаған абзал. Ал екінші жылы жас көшет күш жинайды, үшінші жылы бес метрге дейін булығып өседі. Осы кезде ыстық күндері сая болуға жарап қалады екен. Осындай кездері ақтеректің жаңа иелері Қосжан атаға рақмет айтатын көрінеді. Ондай кездері былтыр ғана алпысты алқымдаған ақсақалдың жанын жастардың алғысы емес, оларға ой салатын мұра қалдыратыны жадыратады.

Төребековтердің тамыры қазір тереңге тартты. «Нұрлы көш» бағдарламасымен жаңа үйге қоныс тепкен Қосжан ата әуелі Көктаудағы жаңа мектепке күзетші боп жұмысқа тұрды. Зайыбы — зейнеткер. Балалары Ақтөбе мыс компаниясында жұмыс істейді.

Туған жердің құшағының ыстық екенін жырақтан елге келгендер ғана біледі. «Үйіміз бар. Ерінбей ексең, жемісін беретін жеріміз бар. Жұмыс та бар. Шүкір, адамға одан асқан қандай бақыт керек?» — дейді ақсақал.

Айнұр Ілиясқызы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button