Ауыл

Дариғаның көк гүрбегі

Көктау ауылындағы жаңа қоныс халық арасында Көктау-2 ауылы аталып кеткен. Ауылдың көркін келтіре бой көтерген коттедж типтес әдемі үйлерге  «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша  шет жерден келгендер қоныс тепті. Солардың бірі — Дариға Артықова. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ол бау-бақшаның бабын біледі.

— Біздің ауыл атына заты сай. Көкке бай. Жері құнарлы, тамаша. Бұл жерге не ексең де, шығады. Үйімнің алдындағы бақшамды көріңіздер, — деп ол бізді бақшасына қарай бастады.

Қауын-қарбыз, қияр-қызанақ, асқабақ, баклажан, тағы басқа да бақша өсімдіктері көктеп, гүлдеп, жайқалып тұр. Қияр мен қызанақ түйнек-түйнек болып, қауын-қарбыздар да домалақ-домалақ болып жапырақтар астында қараңдап жатыр. Көктаулықтар Дариғаның үйінен ерекше қауын жегендерін әңгімеледі. Қызықтап, өзінен сұрадық.

— А-а. Иә. Айтып жүргендері —  мына көкшіл қауын ғой. Мұны Қарақалпақстанда гүрбек деп атайды, — деп бақшасында өсіп жатқан гүрбекті көрсетті. Біз де суретке түсіріп ала қойдық. Қауын әлі кішкентай, пісе қоймаған екен. — Енді бір аптадан соң, алып жеуге болады. Қауын түрі көп қой. Гүрбек — үлкен қара қошқыл торлама қауын. Әңгелек секілді қауынның ерте пісетін сұрпына жатады. Көк гүрбек, ақ гүрбек деген түрлері болады. Мұның тұқымын сол Қарақалпақстаннан көшіп келгенде алып келгенмін. Содан ауладағы бақшама егіп, жыл сайын бұйырғанын жеп отырмыз. Гүрбектің дәмі ұнағасын, көршілеріме де  қауын дәнін бердім.

Дариға Артықова отбасымен бірге Қарақалпақстанның Қоңырат қаласынан 2011 жылы  көшіп келіпті. Оған дейін 2007 жылдан бері жолдасы Ақтөбеге келіп, Жаңажолдағы бір мұнай компаниясында вахталық әдіспен көлік жүргізуші болып жұмыс істепті. Отбасындағы үш бала ер жетіп, қазір әрқайсысы — бір-бір маман. Айталық, қазір ұлдары Қанат пен Ринат Көктаудағы Ақтөбе мыс компаниясы фабрикасында слесарь болып жүр. Әкелері де осы фабрикада көлік жүргізеді. Ал туған жерге көшіп келуге себепкер болған қыздары қазір Ақтөбедегі бір ауруханада дефектолог болып қызмет етеді.

— Қызымыз Қоңыраттан мектеп бітіргесін, осы Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсуге талпынды. Содан мен қызыммен бірге Ақтөбеге келдім. Осы жақта жүргенімізде бізге көші-қон полициясының қызметкерлері «Нұрлы көш» бағдарламасын түсіндіріп, осы бағдарлама аясында Көктау ауылында салынып жатқан үйдің суреттерін көрсетіп, мән-жайды тәптіштеп айтып берді. Содан біз жолдасымыз екеуміз ойласа келе, осы ауылға көшіп келдік. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты тиді. Тарихи Отанымызға келдік. Әрине, ол жақта да жаман болмадық. Ешқандай қысым көрмедік. Балабақша тәрбиешісі, мектеп асханасының меңгерушісі болып еңбек еттім. Балаларымыз оқыды. Дегенмен, атамекенге не жетсін?! Елге келгеніме қуанбасам, еш өкінбеймін, — дейді Дариға Артықова.

Айнұр Ілиясқызы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button