БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Кезекті оқу жылы басталар тұста базарларда сауданың қызып, ол жақта адам қарасы көбейетіні баршаға белгілі. Мұнда жоғын іздегендер мен барын саудалағандар, әсіресе, балаға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарының маңын торуылдайды. Сатып алушылар неғұрлым тауардың сапалысын һәм қолжетімдісін іздесе, саудагерлер өз затын өткізіп әлек. Газет тілшісі мектепке даярлық маусымының қалай жүріп жатқанын біліп келген еді…

 

«Біздерде мынадай бар…»

Нарық заманында кез келген адам онша көп шығындалмауды тәуір көреді. Бұл қатарда ұл-қызын жаңа оқу жылына даярлап жатқан ата-аналар да бар. Содан болар, «Шығыс» базарына келушілердің саны жылдағыдай баршылық. Тиісінше сатып алушыларға ұсынылып жатқан тауардың түрі де аз емес. Мұндағылардың басым көпшілігі киім-кешекті, өзге де қажетті жабдықтарды Қырғызстаннан тасиды. Сөйте тұра, әрқайсысының белгілеген бағасы әр алуан. Жомарттығы һәм қанағатшылдығы жағынан әр қилы саудагерлер мектеп жәрмеңкесін әдеттегідей тамыз айынан бастап кеткен. Олардан сұрап білгеніміздей, ұл балалардың бешпет-шалбары — 5 мың теңгеден, жейдесі — 2 мың теңгеден, қыздардың мектеп формасы 4 мың теңгеден жоғары екен. Оқушылардың сабаққа ұстайтын сөмкесі 2-10 мың теңгенің аралығында болса, спорттық киімдердің ең арзаны — 4 мың теңге. Бұдан да сапалы болғанын қаласаңыз, әмияныңыздан әлдеқайда көп соманы шығаруға тура келеді. Өйткені біз тізбелегендер — киімдердің орташа бағасы.

— Бұл жолы мен Бішкекке жылдағыдан ерте барып, қажетті деген киімдерді алып келдім. Соған сай, былтыр мектеп формасының 7-8 түрін әкелсем, биыл соның жартысын ғана саудаладым. Ең бастысы, оның барлығының сапасы жақсы. Тігісі, матаның беріктігі көңілімнен шықты. Сатып алушылар да риза.

Бағада айырмашылық бар. Орташа есеппен алғанда, өткен жылғымен салыстырғанда, 500-700 теңгеге қымбат. Жалпы алғанда, қыздарға арналған мектеп формасының құны 4500 теңгеден басталады. Сұраныс қазірдің өзінде бар. Қазір тамыз айының басы ғана екенін ескерсек, бұл — жақсы көрсеткіш.

Бүгінде сатып алушылардың талап-тілегі ерекше. Бәрінің жоғары деңгейде болғанын қалайды. Біз болсақ, жақсы тауардың қашанда арзан болмайтынын айтамыз, — дейді саудагер Ақгүл Төлегенова.

Саудамен айналысқанына он жылға жуықтаған Ақгүлдің өзінің киімдерін жарнамалауы таңдай қақтырады. Бұл жағынан әбден ысылған саудагер сөз арасында жыл сайын келіп, тұрақты сатып алушыға айналған адамдардың қатары біршама екенін білдірді. Онысына бірден иландық та, жанына жуыған келушілерді тауарын алмай жібермейтін ол, көңілі қаласа жеңілдік жасайтынын да қосты. Айтпақшы, ұл-қыздардың барлық киімдерін сататын Ақгүл биыл бантиктердің мол түрі келгенін айтып мақтанды. «Қараңызшы, біз оқушы болған кезде мынаның біреуі де болған жоқ. Қандай керемет, ә!» — деген ол бұған әзірге қызығушылық танытып жатқандардың аз екенін, енді 1-2 аптада бұлай болмайтынына үміттенетінін жеткізді…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дәптер, қалам және карандаш…

Баласын жаңа оқу жылына дайындаған әке-шеше сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды да ұмытпасы хақ. Оның қанша тұратынын білмек болып, Орталық базарға барғанымызда, қыз-қыз қайнап жатқандарға тап болдық… Күннің ыстығына қарамастан, мұнда саудасын жасап жүргендерден көз сүрінеді. Өйткені, арнаулы дүкендермен салыстырғанда, базарда сәл арзан. Мектеп оқушысына қажетті  дүниенің бәрі бар: қаламнан бастап түрлі заманауи қондырғыларды табуға болады.

Кеңсе бұйымдарына кеңінен тоқталсақ, орташа есеппен алғанда: қалам — 10-250 теңге, карандаш — 20-70 теңге, түрлі-түсті карандаш — 100-800 теңге, дәптер — 9-90 теңге, күнделік — 70-450 теңге, сурет салуға арналған альбом — 90-500 теңге, сызғыш — 15-150 теңге, ұштағыш — 25-80 теңгенің аралығында бағаланыпты. Оқу құралдарына кіретін географиялық карта, есептегіш, сызба құралдарының құны жоғарыда аталғандардан қымбат, әрине. Оның есебін шығаруды оқырманның өзіне қалдырдық…

— Оқушылар ғана емес, орта арнаулы білім ордаларында оқитындар мен студенттер де бізден келіп алады. Таңдаудың мол болғаны сондықтан. Егер бір келгенде 5-6 мың теңгеге сауда жасайтын болса, жеңілдік жасауға тырысамыз. Әйтпесе, бізде ұсақ-түйек қой, бағаны түсіруге келмейді.

Жасыратыны жоқ, биыл тауарлар едәуір қымбатқа түсті. Амалсыздан бағаны көтеруге тура келіп тұр. Жоқ дегенде әр кеңсе бұйымына 5 теңгеден қостық. Біз де осы арқылы күнімізді көріп отырмыз ғой…

Саудамыз әлі қыза қойған жоқ. Жылда солай. Біздегілер әдетте жаңа оқу жылына 2-3 күн қалғанда ғана қимылдап, керегін іздейді. Әр жерде дүкендердің көптеп ашылып жатқанынан болар, оқу құралдарына сұраныс бұрынғыдай емес. Бұны осындағы әріптестерім де түсінген сияқты, қосымша сөмкелер де сатып, тірлік қылады, — деп сыр бөлісті Орталық базар сатушысы Жұмабике Бейсенғалиева.

P.S. Көп ұзамай жаңа оқу жылы басталатынын базардағы тіршіліктен-ақ байқауға болады. Баласын жетектеген ата-ана, немересін бауырына қысқан ата-әже үйдегі кішкентайларын мектепке әзірлеп, шыр-пыр боп жүр. Маңдай тер, жұмсалатын қаражат жазға қарай қайырын бергей…

 

 

Сауалнама

…ҚАНША КЕРЕК?

Сәбит Мұқанов,

облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары:

— Орташа есеппен алғанда, әр баланы мектепке даярлау үшін 45-50 мың теңге керек. Оған мектеп формасын, спорттық киімін, аяқ киімін және оқу құралдарын аласың. Бұл жұрт қатарлы еңбекақы алатын ата-аналардың есебіне келетін сияқты. Ал ауқаттылар, әрине, ең қымбат дегенін саудалайды ғой.

Биыл мемлекет оқулықтармен толық қамтамасыз етеміз деп отыр. Сондықтан бұл да біраз демеу болады деп ойлаймын. Бірақ, қай кезде болсын, баланы жаңа оқу жылына дайындау оңай емес.

 

Рабиға Сүлейменқызы,

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі:

— Былтыр екі балаға 130 мың теңгеге жуық қаражат жұмсадым. Биыл да сол шамада шығындаламын деп ойлаймын. Дегенмен, бұрынғыдай емес, барлығы қымбаттап жатыр. «Тартып-тартып», көзтаныс саудагерлерден алғанның өзінде, осындай сома шығады-ау.

Бір байқағаным, әсіресе, аяқ киімдердің құны «ұшып» тұр. Осы жылы да бағасы едәуір өсіпті… Базарға қыркүйек айы жақындағанда бір-ақ барамыз, сонда былтырғымен айырмашылықты байқармыз.

 

Жандос Еспанбетов,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр директорының орынбасары:

— Екі балам бар, үлкені биыл 8-сыныпқа көшті. Жасыратын несі бар, ұл-қызымызды жыл өткен сайын жаңа оқу жылына даярлаудың машақаты көбейіп барады. Бағалар да артпаса, кеміген жоқ. Біз сияқты аға-апасынан қалған киімге шүкіршілік ететін бала қазір атымен жоқ. Қатарынан қалмасын деп жылда жаңа киім формасын алып береміз. Онсыз болмайды.

Санап отырсам, әрқайсысына шамамен 30-40 мың теңге кетеді екен. Мектеп формасы, басқа да киімдер, сабаққа қажетті жабдықтарың бар, әйтеуір әлгі соманы жеткізуге тырысамыз. 4-5 баласы барлар қайтетінін тіптен білмеймін. Оларға екі есе қиын ғой.

Базарға барып, сауда жасауды осы айдың екінші жартысына жоспарлап отырмыз.

 

Айжан Шауқұлова,

облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі:

— Жақында ғана мектеп жасындағы екі балама дәптер, қалам, карандаш сияқты сабаққа қажетті заттарды алып қойдым. Осы жолы жолым болды, қызыма мектепте оқулықтарды тегін беретін болды. Әйтпесе, он мың теңгеден астам ақшаны соған жұмсайтын едім… Форманы арнаулы дүкеннен алдық, 8 мың теңгеге шықты. Ал ұл балама бешпет-шалбарды Орталық базардан 16 мың теңгеге сатып алдым. Жалпы алғанда, әр балаға шамамен 40 мың теңге қажет.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында 130 мыңға тарта бала білім алады. Оның 17 мыңға жуығы — мектеп табалдырығын енді аттайтындар. 1-сынып оқушылары биыл жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқитынын айта кету керек.

Бетті дайындаған Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button