Билік

Басқарма және басшы ең үздік деп танылды

Өткен жылдың соңында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен арнаулы байқаулар өткізілгені белгілі. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең үздік жұмыстарды анықтауды көздеді. Байқау «Ең үздік департамент (басқарма, бөлім)», «Өз мамандығының озаты», «Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші» тақырыптарымен үш номинация бойынша жүрді.

Осы байқаудың нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының жұмысы ең үздік деп танылды. Ал осы басқарманың бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек Халық «Өз мамандығының озаты», «Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші» атанды. Сөйтіп, аймақтық байқаудың үш номинациясы бойынша да жүлделі бірінші орынды аталған басқарма және оның басшысы жеңіп алып, байқаудың бірінші дәрежелі дипломдарымен марапатталды.

Осымен байланысты жақында біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агентігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек ХАЛЫҚҚА жолығып, әңгімелескен едік.

– Балтабек Сағындықұлы, сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең ауыр міндет екенін білеміз. Байқаудың үш номинациясы бойынша жеңімпаз болуды сол қиын жолдағы табыстарыңызды мойындау, бағалау деп түсінуге болатын шығар?

– Әрине, біз Елбасының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі саясатын басшылыққа ала отырып, қоғамдық кеселдің бұл түрімен бітпес күрес жүргізіп келеміз. Мұны ел, халық көріп отыр. Ол және бір күннің не бір жылдың ісі емес, жылдарға созылып келе жатқан табанды жұмыстар. Мұны ескермеу мүмкін емес. Оның үстіне, әр байқаудың өзінің ережесі, талабы болады. Біз байқаудың сол талаптарын толық орындап, жазба жұмыстар тапсырдық. «Ең үздік департамент (басқарма, бөлім)» номинациясы бойынша басқарманың 2007-2008 жылдар аралығындағы жұмысына толық сараптама жасаған слайд түріндегі 142 беттен тұратын диаграммалық көрнекі материалдар әзірленді.

Ал өзім байқауға екі номинация бойынша қатыстым. «Өз мамандығының озаты» номинациясы бойынша байқауға 124 беттен тұратын жұмыс өткіздім. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен байланысты жасалған шаралар, әдіс-тәсілдер, тәжірибелер айтылады. «Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші» номинациясы бойынша тапсырылған жұмысымның арқауына ұзақ жылғы алған сабақтар, тәжірибе алмасу кезіндегі шетелдерден үйренген үрдістер, сыбайлас жемқорлықты тиімді жүргізуге байланысты көптен көкейде жүрген ойлар, заң актілерін жетілдіруге қатысты түйіндер кірді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл марапаттар бізге оңайлықпен келген жоқ. Байқаудың ережесіне сай, әр номинация бойынша жеңімпазды 12 өлшем бойынша анықтайтын қазылар алқасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі біздің күнделікті қызметімізге, жазба жұмыстарымызға лайықты бағасын берді деп ойлаймын. Партия атынан берілген үш бірдей марапат – соның жемісі.

– Аймақтық байқауларды өткізудегі мақсат не?

– Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға мемлекеттік органдардың қаншалықты араласып отырғанын саралау. Осы бір қоғамдық кеселдің әр аймақтағы таралу деңгейін, дәрежесін білу, өзіндік ерекшелігін анықтау. Мұндай шаралар еліміздің әр аймақтарындағы сыбайлас жемқорлықтың нақты жағдайын білуге мүмкіндік береді. Сол арқылы онымен күресудің тиімді жолдары белгіленеді.

Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықты бұлайша зерделеудің шаралары 1993 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алғашқыда ол бірнеше аймақпен шектелсе, қазір Қазақстанның барлық облыстарын қамтитын болды. Немесе жұмыстың ауқымы кеңейді.

Сыбайлас жемқорлықты зерделеудің жолдары көп. Ең қарапайым түрі әлеуметтік сараптау көрсеткіштеріне сүйену болмақ. Бұл жерде, әрине, алыпқашпа сөз, өсек-аяң емес, өмірін сыбайлас жемқорлықпен күреспен тікелей байланыстырып жүрген әлеуметтік топтардың пікірлері негізге алынғанда ғана ол көрсеткіштер көп пайда келтіреді. Зерделеуде шараның сондай жағына назар аударған жөн.

Қарап отырсақ, сыбайлас жемқорлықпен килікпей отырған әлемде бірде-бір ел жоқ. Әңгіме соның қоғамда қаншалықты орын алып отырғандығында. Қазақ «Шыдамның да шегі бар» деп бекер айтпайды. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінде де шек, өлшем бар. Оны саралап, салмақтап біліп отыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдардың стратегиясының маңызды бөлшегі деп ойлаймын.

– Сыбайлас жемқорлықтың арыз-шағым туғызатыны қашаннан белгілі жағдай. Бұл бір жағынан оның бар екенін білдіріп, бұл індетпен күрес жүргізуге жол ашады. Оны жоюды тездетуге жәрдемдеседі. Әрине, ол үшін әрбір мекемеде арыз-шағымдармен жұмыс дұрыс жолға қойылуы керек. Бұған сіз не айтасыз?

– Медальдың екі жағы сияқты, арыздың да бірнеше жағы бар. Арыз-шағым көп жағдайда реніштен туатыны рас. Сонымен бірге қоғамдық пікірді білдіретін өтініш, тілек, ұсыныс түріндегі хаттар да аз кездеспейді. Сондықтан біз оған халықпен жанды байланыстың бір түрі деп қараймыз. Және арыз-шағымдармен жұмысты тиісті жолға қойып, үнемі жетілдіріп келеміз.

Арыз-шағымдардағы айтылған жағдайларды анықтау үшін қызметтік тексерулер жүргізіледі. Көп жағдайда ол бізге сыбайлас жемқорлықтың түпкі көздерін анықтауға мүмкіндік береді, аталған індетпен күресудің тиімді шараларының дүниеге келуіне септігін тигізеді.

Арыз-шағымдардың түсуін, деңгейін бағалауда белгілі бір қиындықтар да бар. Көп жерде арыз-шағымданушылар қолдау таба бермейді. Тіпті, мемлекеттік органдар өкілдері тарапынан шағымданушының мән-жайына бармай, оны айыптап, қисынсыз әрекеттерге баратындары да табылады. Арызданушы адам қорғаушы  таба алмай зәбір көреді, сөзі аяқ асты етіледі, шара алынбайды.

– Арыз-шағымның көбеюі мемлекеттік мекемелердің жұмыстарын бағалауға кері әсерін тигізеді деп түсінетіндер де табылады. Содан да, әсіресе, тәртіп қорғау органдары тұрғындардың көрер көзге шағымдарын қабылдамайды, тіркемейді. Бұл қалай?

– Мемлекеттік органдардың қызметін бірыңғай арыз-шағымдардың азайып, көбеюімен бағалаудың қисыны жоқ. Ол арыз-шағымның сипатына байланысты болады. Оған объективті түрде зерттеу жүргізу керек. Ал тұрғындардың арыз-шағымдарын мемлекеттік мекемелердің қабылдамауы, тіркелмеуі қылмыс болып табылады. Ол сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды. Мұндай әрекеттердің талайы Тәртіптік кеңестік отырысында қаралып, жазаға тартылғанын көпшілік жақсы біледі. Сайып келгенде, мемлекеттік органдардың қызметінің өз деңгейінде болмауы, олардың жұмыстарында жариялылықтың жетіспеуі де арыз-шағымдардың тууына себепші болатыны белгілі. Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кездесіп тұратын бір-бірінің «шен, шекпенін» қорғау, «ішкі былықты сыртқа шығармау» секілді теріс түсініктер арыз-шағыммен жұмысқа кері әсерін тигізеді. Мемлекеттік органдарға арызданып, шағымданушы адамдар әділ шешім тауып, дұрыс ақпарат ала алатынына барлық уақытта сенімді болуы қажет.

Жемқорлықпен күресудің тағы бір тиімді жолы – жариялылық. Қазір жемқорлықпен күрестің нәтижелерін жария ету, қоғамдық тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізу батыл тәжірибеге енді.

– Біздің қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа соқтыратын әрекеттер негізінен қандай жағдайларда ұшырасып жүр?

– Мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу кездерінде. Салық салаларындағы заңдылықтардың сақталмауымен, кеден бекеттерінен өткізу және құжаттар әзірлеумен, МАИ инспекторларының көліктерді тексеруімен, техникалық байқаулар жүргізумен байланысты жиі ұшырасады. Әсіресе, осы соңғы мекемеде  көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу кезінде түскен қаражаттың ешқандай бақылауда ұсталмауы мүлде төзгісіз жағдай.

Жемқорлықтың тағы бір көзі туралы «Нұр Отан» партиясының өткен жылғы қараша айында өткен форумында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Түрлі дәрежедегі кейбір мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметті өз бизнесімен қоса атқара жүріп және соңғысына жан-жақты көмек көрсете отырып, жағдайын жап-жақсы жасап алған. Жекелеген шенеуніктер қарапайым адамдардың мұң-мұқтаждарына құрметпен қарамайды, қызмет бабын теріс пайдаланады. Олардың арасында «Нұр Отан» партиясының мүшелері де кездеседі. Жұртшылық оны біледі. Мұндай шенеуніктерді қатаң жазалау қажет», – деп ашық айтты.

– Осы басқосуда Президент бұл кеселмен тікелей күресуге тиісті бірқатар мемлекеттік мекемелерге, қоғамдық орындарға зор міндеттер жүктеді. Олардың алдыңғы қатарында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстардағы Тәртіптік кеңестерін де атады.

– Елбасының бұл сенімі мен тиісті талабы үдесінен шығу үшін біз қамшы салдырмай жұмыс жүргізу қажеттігін ұғындық.

Тәртіптік кеңес тек өткен жылы 13 отырыс өткізіп, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабында қарастырылған, яғни сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын іс-әрекеттер бойынша 68 тәртіптік іс қарады. Бұл құқық бұзушылықтар негізінен қаржы полициясының, прокуратураның және ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексерулер жүргізулерінің нәтижесінде анықталды. Әсіресе, бұл істе прокуратура қызметкерлері елеулі белсенділік көрсетті. Алайда керісінше ішкі істер, салық, кеден, шекара қызметтері және әскери полиция органдары соңғы үш жылдың көлемінде Тәртіптік кеңеске бірде-бір ұсыныс түсірмеді.

Тәртіптік кеңестің отырысында қаралған істерге талдау жүргізсек, олар негізінен басшылық лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты болды. Құқық бұзушылықтар көбіне еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қатысты  қабылданған басты заңында көрсетілген «шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылықтар көрсету» және «кімге болса да табыс алуға байланысты кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыруды заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету» арқылы жасалатындығы анықталды.

Тәртіптік кеңестің өткен жылғы отырыстарында жауапкершілігі қаралған 15  шенеунікке ескерту, 13-іне сөгіс, 3 адамға қатаң сөгіс беру ұсынылды. Ал 2 шенеуніктің қызметіне сәйкес  еместігі туралы, 2 лауазым иесін жұмыстан босатуға ұсыныс  жасалды. Сондай-ақ, тәртіптік жауапкершілігі қаралған 45 адамға қатысты тәртіптік іс материалдары шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік  органдарға немесе лауазымды адамдардың қарауына жіберілді.

Қызмет бабын пайдаланудың түрі көп. Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы әкімшілік айыппұл салыну керек жеке және  заңды тұлғаларға тиісті шара алмаған. Сөйтіп, шешімдер әзірлеу мен  қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылықтар көрсеткен. Ал Ойыл ауданы бойынша әділет басқармасының бастығы азаматтардың арыз-шағымдарына уақтылы жауап бермеген. Осындай іс-әрекеттерімен жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін  қараудың тәртібін әлденеше рет бұзған. Тәртіптік кеңес оларды жұмыстан босату жөнінде ұсыным жолдауға шешім қабылдады.

Тәртіптік кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуына бақылау жүргізу мақсатында биылғы жылы мемлекеттік органдарға барлығы 295 тексеру жүргізді. Бұл жүргізілген тексерулердің қорытындылары, сабақтары биылғы жылғы жұмыстың барысында жан-жақты ескерілуде. Әр жылдың өзінің ерекшелігі, алға қоятын міндеті бар. Қазіргідей экономикадағы бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында қоғамдық өмірдің күрделене түсетіні белгілі. Оны жеңілдетуге, дағдарысқа қарсы тұруға біз де өз ісімізбен үлес қосуымыз керек. Және ол жеңіл де емес.

– Аймақтық байқаудың қорытындысымен Сізге «Өз мамандығының озаты», «Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші» номинациялары бойынша бірінші орын және бірінші дәрежелі екі диплом тапсырылды. Осы номинациялар бойынша байқауға тапсырған жазба еңбектеріңізде еліміздегі мемлекеттік қызметті жетілдіруге, көрсетілетін қызмет саласын арттыруға және сыбайлас жемқорлықты жоюға қатысты бірқатар ұсыныстар да айтқансыз…

– Иә, мен еліміздің заңдарындағы сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік туғызатын нормаларды алып тастау қажет деп есептеймін. Мәселен, айыппұл салғанда 50-ден 100 есеге дейін, 100-ден 500 есеге дейін деп көрсетілген нормалар жемқорлыққа итермелейтін сияқты көрінеді. Меніңше, айыппұлдардың мөлшері нақты бір мөлшерде белгіленуі тиіс. Сол сияқты қылмыстың немесе әкімшілік жаза тағайындау мерзіміндегі 1 жылдан 5 жылға дейін, 5 жылдан 10 жылға дейін, тағы сол сияқтылардың нақты бір мерзімі көрсетілгені дұрыс сияқты. Мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге байланысты ойларым бар. Мысалы, мен еліміздің салық органдарына жалпы халықтың табысы туралы мәлімет (декларация) тапсыруды іске асырған жөн деп есептеймін. Сонда жыл сайын әр азаматтың қандай мүлікті қалай иемденгені белгілі болады. Сол кезде шенеуніктің ағайынының атына заңсыз тапқан мүліктерін аударып қоюына тыйым салынады.

Әңгімелескен Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button