Билік

Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз

Дүйсенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХV сессиясы болды. Онда Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз” деген тақырыпта баяндама жасады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:


Құрметті Ассамблея мүшелері!

Қымбатты сессия меймандары!

Сіздерді Қазақстан халқы Ассам­блеясы 15-ші сессиясының ашылуымен шын жүректен құт­тықтаймын!

Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңы­ра­ғы. Оның әрбір сессиясында мем­лекет өміріндегі өзекті мәселелер тал­қыланып, келелі шешімдер қа­былданып келеді.

Бұл саяси құрылым халқы­мыз­дың жүрек қалауымен, қоғамның ізгі тілегімен құрылған. Сондықтан көпшіліктің көкейінде жүрген ма­ңыз­ды мәселелер осы мінберде айтылуда.

Ассамблея осы жылдар ішінде байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтады. Ол еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына, татулық пен сыйластықтың берекелі бекетіне айналды.

Мәртебелі органның сессия­ла­рын­да қоғамдық өмірдің сан сала­сын қамтитын, оның келбетіне ық­пал жасайтын әлеуметтік мәні зор мәселелер де талқыланды.

Біздің үлгімізді шетелдік мәр­тебелі меймандар да өнеге тұтуда. Олар сессия жұмысына арнайы қатысып, Ассамблея қызметінің жаңа қырларын үйренуде, бағыт-бағдарынан тәлім алуда.

Ең бастысы, Ассамблеяның әр­бір сессиясын қарапайым халық тағатсыздана күтеді. Өйткені бар­лық этносты бауырына басып, құ­ша­ғына алған бұл құрылымның әр­бір жиынында ортақ Отанымыздың келешегіне қатысты аса маңызды ой-пікірлер, ұсыныстар ортаға са­лы­нады. Сессияның бүгінгі мәжілісінде де осындай өзекті мәселелер тал­қыланып, шешім қабылданады деп сенемін.

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Қымбатты сессияға қатысушылар!

Бүгін біз өте маңызды мәселені – Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасы туралы мәселені талқылауға жиналдық.

Ассамблеяның осы сессиясы күрделі кезеңде өтіп отыр.

Жаһандық экономиканың күй­реп түсуі әлемдегі этносаралық және дінаралық қатынастар проб­ле­масын ушықтырып жіберді. Мы­салдар көп-ақ – Кавказ, Таяу және Орта Шығыс, Орталық және Шы­ғыс Африка елдері. Дәл осын­дай кезеңде ұлттың топтасқандығы мен бірлігін сақтаған елдер дағдарысқа қарсы табыстырақ әрекет етуде, тұрақты дамып, жаңа биіктерге қол жеткізуде. Ешқандай қысылып-қымтырылмастан біздің Қазақстанды осындай мемлекеттер қатарына жатқызуға болады.

Жаһандық дағдарыс бізге аңдау­сызда келген жоқ. Біз оған әзір едік. Мемлекеттің дағдарысқа қар­сы ауқымды шараларының мәні мы­нада еді, дағдарыстың әлеуметтік құны қазақстандықтар үшін барын­ша төмен болуы тиіс. Біз үшін Ұлт­тық қор, сондай-ақ теңдестірілген бюджет саясаты қауіпсіздік жасты­ғына айналды.

Мемлекет банк жүйесіне, ша­ғын және орта бизнеске, аграрлық сек­торға қолдау білдірді. Көмек әр ауыл­ға дейін жетті, мұны сіздер білесіздер.

Ел өңірлерінде болып, мен халық мемлекеттің шараларын қолдайтынына, біздің бірлігіміз бен келісіміміз қай кездегіден де күшті екеніне тағы да көз жеткіздім.

Сондықтан да мен өз үзеңгілес­те­ріме – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының барлық мүшелеріне осынау күрделі кезеңдегі сіздердің қолдауларыңыз үшін шынайы риза­шы­лық сөздерін айтқым келеді!

Сіздердің 1995 жылы Ассам­блея­ның бірінші сессиясы жұмы­сына қатысқандарыңыз сол тарихи форумда өркен жайған көңіл күйді еске түсірулеріңізге болады.

Ол кезде біз елдің барлық пат­риоттық күштері біріккен жаңа тұр­­пат­ты институтты қалып­тас­тыр­дық. Біз эволюциялық даму мен са­ла­матты прагматизмнің пайдасына, қарапайым адамдардың берекетті­лі­гі мен өркендеуі үшін тотали­тар­лық өткеннен, сілкіністер мен жұ­мылдырушылық жолынан біржола­та бас тарттық. Нақ осыны біз ҚХА-ның басты мақсаты етіп қойдық.

Ассамблея әрдайым сауатты да нақты әрекет еткенін атап өткім келеді. Сондықтан да біздің елі­міздің сенімді өрлеуі авторларының бірі болды.

Бүгінде Ассамблея арнаулы Заң­мен айқындалған жаңа құқық­тық мәртебенің аясында жұмыс істейді. Ол ұйымдық тұрғыда әлдеқайда күшейтілді.

Ассамблея Парламент Мәжілісі­нің 9 депутатын сайлайды, осы­лай­ша, жас қазақстандық демократияның іс-қимыл үстіндегі күшіне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның жұмыс тәжірибесі шетелде кеңінен белгілі. Бұл тәжірибені АҚШ-та, Қытайда, Ресейде, Фран­цияда, Ұлыбританияда және басқа елдерде зерттеу үстінде.

Тұтастай алғанда Қазақстан хал­қы Ассамблеясы – таза қазақ­стан­дық саяси жаңашылдықтың нәти­же­сінде қалыптасқан өзіндік те бірегей институт. Ол этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңыз­ды рөл атқарды және атқарып келеді.

Бүгінде біздің Ассамблея кәме­лет­тік кезеңге аяқ басты. Біз оның қызметі жаңа жүйелік қасиеттер дарытуға тиіс шепке келіп жеттік.

Біріншіден, бүгінде Ассамблея елдің барлық мемлекеттік және қо­ғамдық институттары секілді жа­һандық дағдарыс айқындап берген күрделі жағдайда жұмыс істеуде.

Бұл, мен бірнеше рет айтқа­ным­дай, біздің бәріміз үшін жаңа сапалық жағдайға көшуді білдіретін жаңа есеп нүктесі.

Екіншіден, ҚХА жұмысы жиыр­ма бірінші ғасырдың – ақпарат, инноватика және осы заманғы тех­но­логиялар ғасырының, соның ішін­де адамдық коммуникациялар са­ла­сының да талаптарына сай болуы тиіс. Ассамблеяның саяси пар­тиялармен, ҮЕҰ-мен және аза­мат­тық қоғаммен басқа институт­тар­мен әріптестіктің жаңа форму­ласын әзірлеп, олармен жұмысты жаңа жағдайларда түзуі керек.

Үшіншіден, Ассамблеяның жұ­мы­сын біздің еліміз дамуының жаңа міндеттері тұрғысынан түзету ма­ңыз­ды. Ең алдымен, патриоттық тәр­бие, азаматтықты және мемле­кет­тік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бағыттар бойынша.

Тұтастай Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясы жаңа идеялар туын­дату­шы және, сонымен бір уақытта, мемлекеттің ұлттық бірлік саяса­ты­ның сенімді тірегі болуға тиіс.

Нақ сондықтан өткен сессияда мен Қазақстанның Ұлттық бірлік доктринасының жобасын әзірлеуді тапсырғанмын. Ол сіздерге тараты­лып берілді. Оның жобасы бой­ын­ша мамандар, сарапшылар, ғалым­дар көп жұмыс істеді. Оны саяси партиялардың, этномәдени орта­лық­тардың, ҮЕҰ-лардың қатысуы­мен мұқият талқылау, толымды қо­ғамдық сараптамадан өткізу қажет.

Бүгін Доктринаны жетілдіріп, менің Жарлығымның жобасын әзірлейтін арнаулы жұмыс комис­сия­сын құру керек.

Өз тарапымнан осы құжат қан­дай болуы керек деген ойларыммен бөліскім келеді. Доктрина, бір жағынан, біздің тіпті де аз емес тәжірибеміздің қорытындылануы, ал екінші жағынан – алға ілгерілеудің, ұлт саясатын жүргізудің ұзақ мер­зімді және орта мерзімді страте­гия­ларының, елдегі саяси тұрақты­лық­ты, бірлік пен келісімді одан әрі нығайтудың берік негізі болуы тиіс.

Осынау стратегиялық құжатты әзірлеу барысында секілді Ассам­блея­ның практикалық жұмысында да жіті назар аударуды қажет ететін бірқатар маңызды жәйттер бар.

Ұлттық бірлік доктринасы басты үш сұраққа нақты да ұғынықты жауаптар беруі тиіс.

Бірінші сұрақ – ұлттық бірлік дегенде біз нені түсінеміз.

Бұл демек біздің елімізде тұратын топтасқан этностық, діни және басқа әлеуметтік-мәдени топтардың қоғамдастығы болу.

Айталық, ең көпұлтты ел – бұл АҚШ, онда жүздеген этностар бар, бірақ та олардың бәрі – америка­лық­тар. Бразилияда ресми сапар­мен болғанда мен өзім үшін мы­на­ны атап өттім, бұл ел де көпұлтты, бір­ақ та барлық тұрғындар – бра­зи­лиялықтар. Осы заманғы фран­цуз­дар ұлтына оның бұрынғы отар­ларындағы азаматтар өздерін Фран­цуз республикасына жатқызады. Осыған ұқсас үдерістер Австра­лия­да, Малайзияда, Сингапурда, Үн­дістанда және басқа елдерде жүріп жатыр.

Осы заманғы әлемде ұлттық бірлік ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толеранттылық, азаматтық және осы елдің мемлекеттік тілін мін­детті түрде білу секілді шарт­тармен анықталады.

Біз осы жолмен жүруге тиіспіз. Бірақ бұл үшін уақыт керек. Бізге асығуға болмайды.

Бүкіл әлем африкалық-амери­ка­лық Барак Обаманың АҚШ Президенті болып сайлануына таңғалысты. Ал табыстың құпиясы жай ғана. Ол АҚШ-та “қара немесе ақ Американың” жоқ екенін, “азия­лық немесе латын Амери­ка­сы” жоқ екенін нақты да табанды түр­де айтты. Америка Құрама Штат­тары – бұл біртұтас халық. Ондағы әркім жұлдызды-жолақ жалауға берілген және Отанын қорғауға тұруға әзір. Барак Обама нақ осылай дейді. Ол ядролық қа­ру­сыз әлем үшін күресуді ұсынады, әлемді бөлуге емес, оны біріктіруге уәде берді. Және оған әлі көп іс ат­қа­руға тура келеді. Нақ осылар үшін оны Президент етіп сайлады.

Ал бұл дегеніміз осынау жыл­дардың барлығында мен сіздерге айтып келе жатқан нәрселер, біз сіздермен бірге жылдан-жылға жүргізіп келе жатқан сол саясат!

Нақ осының арқасында біздің елімізде қазіргі кездегі тұрақтылық және болашаққа деген сенімділік бар.

Екінші маңызды сұрақ – неге бізге ұлттық бірлікті нығайту маңызды? Мұнда біздің бәріміз біртұтас пікірдеміз.

Оны бір түсінікпен білдіруге бо­лады – бұл ел ішіндегі қауіпсіздік. Оған сыртқы қауіпсіздік байланыс­ты. Бастысы – бұл елдің өркенді дамуы, ал осыдан барып біздің бәріміздің берекеттілігіміз шығады.

Осы мінберден өзімнің барша бауырларыма – қазақтарға айрықша сөз арнағым келеді.

Ұлыстың ұйытқысы болған қымбатты қандастарым, құрметті қазақ бауырларым!

Бүгінде дүние жүзінде 200-ге таяу мемлекет бар. Ал 3 мыңға жуық этностың өзіндік ұлттық мем­лекеті жоқ. Біз ата-бабалары­мыз­дың аңсар-арманына қол жет­кі­зіп, мыңжылдықтың түйіскен то­ғысында тәуелсіз мемлекет құрдық.

Біз, қазақтар, араға ғасырлар салып өз жерімізде алғаш рет еркін тыныстап, еңсе тіктедік. Қазақ тілі өркен жайып, балаларымыз ана тілінде тәрбие алып келеді.

Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсет­кен қамқорлығымызға риясыз алғысын айтып келеді.

Дәуір алмасып, заман өзгерді. Қазір байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда. ХХІ ғасырда қазақтар мемлекетқұраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналуда.

Бұл ретте тағы бір айта кететі­нім – Қазақстанның тәуелсіздігінің болашағы үшін, өсіп-өркендеу үшін, нығаюы үшін қазақтың – өзіміздің ұлттың бірлігі керек. Егер бәріміз жармасайық билікке деп жан-жаққа кететін болсақ, осы тәуелсіздіктен, еркіндіктен айры­ла­тын боламыз. Мен мұны әдейілеп айтып отырмын.

Қазақ халқы өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, бұл тарихи миссияны абы­рой­мен атқарып шығады деп сенемін.

Үшінші сұрақ – ұлттық бірліктің негізі не болып табылады? Қазақ­стан халқының бірлігі басты үш тұғырға негізделген.

Біріншіден, ол біздің ортақ та­рихы­мыз. Оның қасіретті беттерінен қажетті сабақ ала білу маңызды.

Түрлі этностардың бұрын орын алған азаптары мен ащы тағдыры болашақта қайталанбас үшін оларды әркез ескере білу керек.

Иә, аштық та, қуғын-сүргін де, соғыс та, жер аударулар да болды.

Бірақ бұл деректерді біз өткен уақыт пен бүгінде жоқ адамдарды бостан-босқа сынау үшін пайдалан­баймыз. Оның үстіне бұрынғы Ке­ңес Одағының барлық халықтары да зардап шекті.

Бір кезде бізге жамандық істел­гені үшін жайдан-жай біреулерге жамандық жасауға болмайды. Өткен өтіп кетті. А.С.Пушкин айт­қан­дай, шляпамызды шешіп, өт­кенге тағзым етейік те, болашаққа бет бұрайық, білек сыбана еңбекке кірісейік.

Қазақстанда жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, өз еріктерінен тыс қазақ жеріне келген халықтардың, бүгінде бізбен бірге жүргендердің ата-бабаларының жер аударылған жылдықтары аталып өтеді.

Бұл іс-шараларға халық Ассам­блея­сы, барлық этномәдени орта­лық­тар белсене қатысады. Осынау қайғылы оқиғалар туралы жадымыз біздің этностарымызды бір-бірінен ал­шақтатпайды, керісінше, досты­ғы­мыз­ды нығайта түседі. Сол уақыт­тың тоталитарлық мәшинесінен біздің бәріміз де зардап шектік.

Менің атыма осыдан 15 жыл бұрын Көкшетаудан кетіп, қазірде Германияда тұрып жатқан Людвиг Лейхнерден хат келді.

Ол өз үйінде шағын музей ашып, оған қазіргі заманғы Қазақ­станның тарихы мен өмірі туралы материалдар жинайтынын, сөйтіп оларды көршілеріне, қонақтарға көрсететінін жазады.

Хатта мынадай сөздер бар: “Волга бойынан қоныс аударған немістерді қонақжайлылықпен қарсы алып, бәрін де – тамағын да, тұрғын үйін де, жылуын да бөліскен қазақ халқы туралы жадымыз өшпеуге тиіс”.

Біздің еліміздегі өзге этностар­дың өкілдері де қазақтарға дәл осындай жылы алғыс сезімдерін білдіреді.

Германия, Грекия, Израиль сияқ­ты шетелдерде бола жүріп мен қазақ халқына және біздің жері­мізге шынайы ризашылықтарын білдіретін бұрынғы қазақстан­дық­тарды кездестіремін. Маған алғыс айта отырып, олар қазақтардың бұ­рын­ғы буынына, яғни өздерін қар­сы алған біздің әкелеріміз бен ана­ларымызға өз ниеттерін жеткізеді деп білемін. Менің ойымша, біздің ата-бабаларымызды алдауға құ­қы­мыз жоқ. Біз оларға лайық болып, осы жұмыстарды жалғастыруымыз керек.

Екіншіден, ол барлық қазақ­стан­дық этностар үшін ортақ құн­ды­лықтар. Біз ұлан-ғайыр және қой­науы байлыққа толы жерде бірге өмір сүріп жатырмыз.

Біз ол жерде қалалар мен ауыл­дарды, зауыттарды, электр стан­са­лары мен жолдарды бірге салып жатырмыз. Біз бөлшектеу мүмкін емес зор мәдени құндылықтарды да бірлесе жасап жатырмыз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде бізде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айтты, Пас­ха­ны, Рождествоны бірлесіп атап өтеміз. Бұлар барлық қазақстан­дық­тардың, ойлары ізгі және ниеттері жарқын барлық адам­дар­дың мерекелері.

Бұл халық пен елдің шынайы қуатының неде екені неғұрлым айқын көрініс беретін күндер.

Осының арқасында біздің қо­ғам­да үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға қамқорлық, жай­ма-шуақ қонақжайлылық, тату көршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты.

Адамдар арасындағы мұндай қарым-қатынастар барлық елдерде бірдей байқала бермейді.

Және ең соңғы, үшінші тұғыр – ол біздің ортақ болашағымыз. Тәуел­сіздік алғаннан кейін қазақ­стандықтар бірлесе отырып өз тағдырларына еркін таңдау жасады. Біздер болашақты бірігіп орнатып жатырмыз. Елді дамытып, өзіміздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін университеттер, мектептер, ауруханалар салудамыз.

Егер біз оларға достық пен бауырластық, сенім мен толерант­тылық сезімдерін дарыта алсақ, оларда бәрі де болады.

Тұтастай алғанда, Ұлттық бірлік доктринасының мазмұнына қатыс­ты көзқарастар осындай.

Бұл этносаралық және конфес­сия­аралық қарым-қатынастардың бүкіл кешені бойынша біртұтас іс-қимыл бағдарламасы болмақ. Ол әрбір қазақстандық саясаткердің “үстелдік кітабы”, әрбір депутат­тың, басқарушының, ғалым мен журналистің іс-қимылдары үшін нұсқаулық болуды көздейді.

Кез келген саяси құжаттар мен заңдар онымен салыстырылуға тиіс, елдің 2020 жылға дейінгі даму стра­тегиясында оның қағидаларын ес­керу қажет. Біздің аталмыш құжат­ты бірге және мұқият әзірлеуге тиіс екендігіміздің себебі де, міне, осында.

Енді болашаққа арналған кейбір нақты міндеттер туралы. Этносара­лық келісімнің әлеуетін нығайта түсу үшін төмендегідей бағыттарда бірқатар шараларды жүзеге асыру керек.

Бірінші. Ең алдымен білім мен тәрбие беру жүйесі арқылы, БАҚ-тарда этносаралық қарым-қаты­нас­тар тақырыбын әдепті жазу ар­қылы, қазақстандықтардың құқық­тық мәдениетін арттыру арқылы азаматтық біртектілікті, қазақстан­дық қоғамдағы толеранттылықты дамыту қажет.

Білім және ғылым министрлігі қа­зақстандық қоғамның ерекше­лік­терін ескере отырып, этно- және по­ли­мәдени білім беруді дамыту жөнінен тұжырымдамалық ұсы­ныс­тар дайындауы керек. “Толерант­ты­лық негіздері” атты факультативтік курс әзірлеп, оны мектептер мен жоо-ларға енгізу қажет.

БАҚ-тарда этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас­тар­ды әдептілікпен жазу – маңызды мәселе.

Бұл бағытта көп жұмыстар іс­телді, тиісті заңдар қабылданды. БАҚ-тарда этносаралық тақырыпты жазу кодексі жұмыс істеп тұр.

Осы тәжірибені дамытып, қа­зақстандық патриотизм тақырыбын бел­сенді насихаттап, адамдардың бой­ына барлық этностық топтардың мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрмет сезімін дарыту керек.

Ассамблея жанынан этносара­лық қарым-қатынастар мәселесі бойынша Жетекші журналистер мен сарапшылар клубын құрған жөн.

Екінші бағыт – мемлекеттік тілді одан әрі дамыту.

Мемлекет барша қазақстандық­тар­дың қазақ тілін біртіндеп үй­ре­нуі үшін барлық жағдайларды жасап отыр.

Енді ҚХА ел халқының мемле­кет­тік тілді меңгеруінің жалпы­ұлт­тық үдерісіне басшылық жасауы ке­рек. Ол үшін ешкімге қысым жаса­май және ешкімді төмендетпей, қажетті шаралар кешенін жүйелі де табанды жүзеге асыру қажет.

Демек бұл – мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының желілерін кеңейтіп, оларды әрбір қалада және аудан орталығында, жоо-лар мен өз­ге де мекемелерде құру керек де­ген сөз. Оларға көмектесіп әрі ын­таландырып отыру қажет. Мем­лекет жеткілікті қаржы бөліп отыр, оларды тек дұрыс пайдалану керек.

Оқытудың инновациялық формаларын батыл және кеңірек енгізу қажет.

Субтитрлері бар мемлекеттік тілдегі телерадио хабарларының үлесін арттырудың, қазақ тілді интернет-кеңістіктерді дамытудың маңызы зор, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді қазақ тіліне көптеп аудару қажет.

Кеңестерде қазақ тілінде сөйлей берсін, бірақ ілеспе аударма арқы­лы сөйлейтін болсын. Ол қиын емес қой.

Бұл істің табыстылығы тек мемлекетке ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның белсенділігіне де байланысты.

Өзге этностардың өкілдерін қазақ тіліне оқытуда этномәдени бірлестіктердің бастамашылық танытуларына болады.

Мемлекеттік тіл – ол халық бір­лігінің негізгі факторы. Біздің қоғам, интеллигенция мемлекеттің қазақ тілін дамытуға көңіл бөлмеуі жөніндегі ұсақ, ызалы және попу­лис­тік пікірлерден жоғары тұруы тиіс. Оларды мен естіп жүрмін. Әсі­ресе, егер олар артында ешқан­дай нақтылы іс жоқ, барлық жауап­кершілік тек мемлекетке ғана жүк­теле салған, әншейін бос сөздер болса одан бетер орынсыз.

Сонымен бірге мемлекеттік тіл­ді дамыту оны әлі де білмейтіндерді кемсітуге апарып соқтырмауға тиіс. Біздің азаматтарымыздың консти­ту­циялық құқықтарын бұзуға жол берілмейді, құқық қорғау орган­да­ры оларды шұғыл тыйып отыруы керек.

Бүгінде біз қазақстандықтардың өскелең ұрпағының бойында мемлекеттік тілді білуге деген қан­дай қызығушылықтың оянып жат­қанын көріп жүрміз. Мұны барын­ша ынталандыру қажет. Біздің бірлігіміздің осынау бағытына деген адалдығы үшін олардың ата-аналарына рахмет те айту керек.

Қазақ тілін орыс тіліне қарсы қою қате.

Орыс тілі біздің мәдениет бай­лы­ғының ажырамас бөлігі, әлемдік білімдердің қалың қатпарларын тану­дың, ұлтаралық қарым-қаты­настың тілі болған және болып қала береді.

Айтыңыздаршы, бүгінде Қазақ­станның этностары өзара қай тілде сөйлеседі? Орыс тілінде. Біз игер­ген кезде, болашақта ол тіл қазақ тілі болуы мүмкін. Бірақ бүгінде бұл рөлді орыс тілі атқарып отыр.

Жұмысты тілдердің үштұғырлы­ғы бағдарламасы бойынша белсенді жүргізу маңызды деп есептеймін.

Жалпы, тілді меңгеру үшін оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек. Тосқауыл қоюлармен және дөрекі мәжбүрлеумен бұл істе еш нәрсеге қол жеткізе алмайсың.

Және біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа таби­ғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіспіз.

Сонымен бір мезгілде біз Қа­зақстанда тұратын барлық этнос­тар­дың ана тілдерін, мәдени мұра­ла­ры мен дәстүрлерін еркін дамыту үшін бұдан әрі қарай да барлық жағдайды жасайтын боламыз.

Сондықтан Тілдердің қызметі мен дамуының 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарлама­сын әзірлеп, қабылдау қажет.

Үшінші. Біздің қоғамдағы кон­фессияаралық келісім ұлттық бір­лік­тің маңызды құрамдасы болып әрекет етеді.

Қазақстанда діндердің заңнама­лық теңдігі мен үнқатысуы қағи­дат­тары мызғымайды. Сонымен қатар мемлекет жалған-діни бірлестіктер­дің қызметіне қарсы тұратын болады. Мұнда еліміздегі барлық діни бірлестіктердің белсенді ұстанымы қажет етіледі.

Бұл арада еліміздегі ең көп­сан­ды конфессия – Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасына ерекше рөл беріледі. Өз діндарлары ара­сын­да осындай адамгершілік-тәр­бие­лік жұмысты біз Орыс право­славие шіркеуі мен Қазақстандағы өзге де конфессиялардан күтеміз.

Діни сала – әркімнің жеке өз ісі, бұл мәселені адам өзі шешеді. Соңғы кездері біз қандай да бір дін­нің тереңіне бойламай, діндер­дің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына дендеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз.

Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Бұған діндердің өзі тыйым салады.

Сондықтан жастарға ерекше назар аудару қажет. Бүгін кейбір жас қазақстандықтар діни білімді шет елдерден алады. Олардың нақты дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын экстремистік идея­лар­дың ықпалына түсіп қалатын оқиғалары да бар.

Біздің шешуші конфессиялар мем­лекеттік органдармен ынтымақ­таса отырып, дінге сенуші жастар­мен белсендірек жұмыс жүргізіп, олардың шынайы діни білім алуларына көмектесе алар еді.

Мүмкін бізге Дін істері жөніндегі арнайы агенттік құру керек шығар. Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп келісілген ұсыныс беруді тапсырамын.

Бізге қазіргі дүниені жанжалдар шырмап жатқанын ұмытуға бол­майды. Және де олардың көпшілігі діни факторды пайдалану әрекеті­мен байланысты болып келеді. Со­лай болса-дағы дінаралық жанжал­дар қазір де, болашақта да құтыла алмайтын үдеріс болып табылмай­тыны тағы анық.

Бұл жанжалдардың себебі жа­һан­дану мен ақпараттық ашықтық үдерістеріне тікелей байланысты. Аталған мәселелер жалған-дін делініп жүргендердің ішке енуіне жағдай туғызады. Біз зайырлы елміз, бірақ мемлекет бір шетте тұрмауы тиіс. Бұл – мемлекеттік органдар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды жұмыс.

Төртінші. Ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей байланысты.

Бірінші кезекте ҚХА Хатшылы­ғы­ның үйлестіруші рөлін күшейтіп, Ассамблея жанынан “Ақсақалдар алқасын” құру керек. ҚХА жанын­дағы Ғылыми-сараптамалық кеңес белсендірек жұмыс істеуі тиіс. Эт­нос­аралық қарым-қатынас мәселе­ле­ріне қолданбалы зерттеулер жүр­гізетін ғалымдар үшін грант та­ғайын­дау қажет.

Халық Ассамблеясына Жастар конгресімен көбірек жұмыс істеу, мысалы, “Жастар Қазақстан халқы­ның бірлігі үшін” жалпыұлттық фо­румын бірлесіп өткізу керек.

Үкімет және облыс әкімдері деңгейінде этномәдени бірлестіктер­ге, оның ішінде әлеуметтік тап­сырыс тетігі арқылы, мемлекеттік қол­­­дауды кеңейту туралы мәселе­лер­ді тереңірек қарастырған жөн.

Қазақстан халқы Ассамблеясы желісі бойынша елімізде бейбітші­лік пен келісімге үлкен үлес қосып жүргендерді салмақты ынталандыру туралы мәселені ойластыру маңыз­ды. Еліміздегі мұндай адамдарды бәрі білулері тиіс.

Мысалы, “Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі қоғамдық наградасын неге тағайындамасқа. Мұның Ассамблеяның беделін көтеруге жұмыс істейтіні сөзсіз.

Бесінші. Этносаралық және кон­фессияаралық қарым-қатынастың қа­зақстандық моделінің әлемдік та­ны­малдылығын кеңірек тарату керек.

Осы мақсатта Қазақстанның ал­дағы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын пай­да­лану маңызды, мұнда шешуші ба­сымдық ретінде этносаралық және конфессияаралық толеранттылық тақырыбы таңдап алынғаны белгілі.

Бұл “Еуропаға жол” мемле­кет­тік бағдарламасында да көрініс тапқан.

Ассамблея Хатшылығына ұлт­ара­лық келісімнің қазақстандық тә­жірибесін жинақтап, негізгі еуро­па­лық тілдерде “Қазақстан: бірлік пен келісімнің интегралдық матрицасы” атауымен арнайы басылым шығару керек.

Біз Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізіп, онда жұмыс тәр­тібінің жеке пункті ретінде қаты­сушы елдер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қарау бастамасын көтердік. Бұл идея Ұйымдағы біздің көптеген әріптестерімізден қолдау табуда.

Алдағы жылы Қазақстанның бас­тамасымен БҰҰ жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың ха­лықаралық жылына арналған конференция өткізу жоспарланып отыр. Бұл мәселелердің бәріне де Қазақстан халқы Ассамблеясы бел­сене қатысуы тиіс.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Қымбатты қазақстандықтар!

Өздеріңіз білетіндей, бұдан он жыл бұрын мен жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығы сыни болатынын ескерткен едім. Осылай болды да шықты.

Жуырда өзімнің “Дағдарыстан шығу кілті” және “Бесінші жол” мақалаларымда мен бүгінгі жаһан­дық дағдарыс – бұл жүйелік дағ­да­рыс екенін атап өткен болатынмын.

Қазіргі кезде әлемдік деңгейдегі ғалымдар, жетекші сарапшылар мен саясаткерлер жаһандық дағ­дарыстың, және әрине, әлемдік қо­ғамдастықтың одан әрі дамуының негізгі үш нұсқасын талқылауда.

Бірінші нұсқа – дағдарыстың өз негізінде бір реттік сипат бар, ол түбіне жетті және қазір рецес­сия­дан шығу басталуда. Яғни, бәрі де бұрынғы қалпына қайтып оралады.

Екінші нұсқа – біз түпке құладық, бірақ та қалпына келу кезеңі 10-15 жылға созылады.

Үшінші нұсқа – бүгінгі дағ­да­рыс – жүйелік, жаһандық, созыл­ма­лы. Оның әлемдік әлеуметтік-экономикалық формацияның ауысуына әкелуі ықтимал.

Бүгінде сарапшылардың екінші, және тіпті үшінші нұсқаларға ыңғай білдіретіндері барған сайын көбейе түсіп келеді.

Мен өзімнің соңғы мақала­ла­рым­да көрсеткенімдей, біз оқи­ға­лардың кез келген бағытына дайын болуға тиіспіз.

Біз әлемдік дағдарыстың алғашқы қыспағына төтеп бердік. Енді бүгін болашақтағы кез келген күрделі қауіп-қатерлерді лайықты еңсеру үшін қоғамды біріктіру маңызды.

Сондықтан, ұлттық бірлігімізді ны­ғайтып, біз мемлекетімізді күшей­те түсеміз. Нақ сондықтан бірлік біздің стратегиялық таңдауымыз болып табылады.

Алда зор да жауапты жұмыстар тұр.

Оның табысты болатынына және еліміздің дамуында маңызды кезеңге айналатынына сенімдімін.

Бәріңізге жемісті жұмыс тілей­мін.

Құрметті қауым!

Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты.

Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – Отанымыздың жарқын болашағының кепілі болмақ.

Бүкіл Қазақстан халқы мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алдымен Ассамблея мүше­лері, мына сіздер, жауап беруге тиіссіздер дер едім. Сіздер бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерінің жанды айғағысыздар.

“Береке басы – бірлік”, дейді қазақ. Ал береке-бірлігі жарасқан елдің туы биік, болашағы жарқын болатынын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Біз дүние жүзі бір-бірімен етене араласып, біте қайнасқан кезеңде өмір сүрудеміз. Әлемді шарпыған дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Жаһандық сипатқа ие болған қиындықтар қайта айналып соғуы мүмкін. Сондықтан, ең қастерлі қазынамызды – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет!

Олай болса, қашанда еңселе­ріңіз биік, татулығымыз баянды болып, ел келешегі жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін.

Рахмет!

Қазақстан халқы Ассамблеясының

ҮНДЕУІ

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дүние жүзі мойындаған этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің қазақстандық ерекше үлгісі қалыптасты.

Барлық қазақстандықтар, өзінің этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда көрсетілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарға ие болып табылады. Мемлекет әрбір қазақстандық этностың өзіндік ғұрпын, тілі мен мәдениетін жаңғырту және сақтауға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениетаралық және этносаралық үнқатысудың ерекше тетігіне, халықтық дипломатияның, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-әрекетінің нақты құралына айналды.

Аталған бағытта жүргізілген шаралардың арқа­сын­да Қазақстанда сенім мен төзімділіктің, ниет­тестік және өзара түсіністіктің ерекше үлгісі қалып­тасты. Сонымен қатар қазіргі таңда, бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың әсеріне байланысты Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Дағдарыс салдарын еңсеру үшін, дағдарыстан кейінгі кезеңде жүйелі, сәтті дамуды жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлік пен ұйымшылдық қажет.

Қазақстан Президенті стратегиялық маңызды бастама – Ұлттық бірлік доктринасын қабылдауды ұсы­нып отыр. Қоғам бірлігін қамтамасыз ету мем­ле­кет қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін сақтаудың, әлеу­меттік-экономикалық және саяси дамудағы стра­те­гиялық басымдықтарды жүзеге асырудың басты шарты болып табылады. Бұл – біздің болаша­ғы­мыздың негізі, өрлеу мен тұрақты дамудың басты факторы.

Біз Мемлекет басшысының ұсыныстарын толықтай қолдаймыз. Этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін, ғылыми қауымдастық және ел болашағына алаңдаушылық білдіретін барлық азаматтарды Доктринаны талқылау және қабылдау жұмысына қатысуға шақырамыз.

Аталған бағдарламалық құжаттың ережелерін жүзеге асыру этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісін әрі қарай нығайтып, қазақстандық тәжірибені өзге елдерге үлгі ретінде ұсынуға мүмкіндік береді.

Біздің еліміз жоғары халықаралық міндет – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қызу дайындалу үстінде. Еліміздің бұл ұйымға төрағалыққа сайлануы қазақ­стандық даму үлгісінің халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуына дәлел болып отыр.

Біз, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері, Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың күшті және өркен­деген Қазақстанды құруға, қазақстандық қоғам­ды ұйыстыруға бағытталған саясатын толықтай қолдаймыз.

Біз бірлік пен ұйымшылдықсыз ұлы міндеттер мен жеңістерге жету мүмкін емес деп санаймыз. Міне, сондықтан, ұлттық бірлік – біздің стратегия­лық таңдауымыз!

Біз ортақ үйіміз Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімнің сақталуына барлық күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз!

Астана қаласы, 2009 жылғы 26 қазан.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button