ДенсаулықМереке

Мейірімді медбике

Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланысты. Осы салада отыз бес жыл еңбек еткен Қарлығаш Дүйсенғалиева алдына келген науқастан көмегін аяған емес.

Қарлығаш Тұрғанәлиқызы  Батыс Қазақстан облысының тумасы. Алғашқы еңбек жолын Орал қаласындағы ауруханада санитарка болып бастапты. Кейін Оралдағы медицина колледжін бітіріп,  Қаратөбе ауданындағы жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөліміне медбике болып жұмысқа орналасады.

— Былай қарағанда медбике қызметі аса қиын жұмыс тәрізді көрінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді.  Тамыр мен бұлшық етті дәл тауып, науқастың денесін жарақаттамай ине салудың өзіне үлкен ептілік керек. Өзім осы салада жүріп талай адамның алғысына бөлендім. Аллаға шүкір, еш өкінішім жоқ, — дейді Қарлығаш Дүйсенғалиева.

Науқастың қасы мен қабағына қарап, ауруынан айығып кеткенше бәйек болып жүретін медбикенің еңбегін әріптестері де жоғары бағалады. Оның ынта-жігеріне риза болған тәжірибелі дәрігерлер ақыл-кеңесін аямады. Маманның кәсіби біліктілігін анықтайтын сынақтарда Қарлығаш үздік атанып жүрді.

— Ол уақытта барлығы орыс тілінде жүргізілетін еді. Оралдың шалғай ауылы Тұрдығұлда туып-өскен мен үшін, орыс тілін үйрену өте қиын болды. Бірақ қайткенде мықты маман боламын деген ынтамның арқасында тілді үйреніп алдым. Білмегенімді дәрігерлерден сұрадым. Өз ісіме жауапкершілікпен қарап, сөз келтірмеуге тырыстым, — дейді ол.

Қарлығаш Тұрғанәлиқызы өмірлік серігін де осы салада жүріп жолықтырды. Орал қаласындағы ауруханаға хирург болып келген ақтөбелік Қайырғали Дүйсенғалиевпен танысты. Кейін отбасын құрып, Ақтөбеге келін болып түсті.  1986 жылы қаладағы №1 перзентханаға  анестезиологтың көмекшісі болып  жұмысқа орналасты. Тәжірибелі дәрігерлер Талшын Үкібасова, Қапе Құдайбергенұлы, Қасақбай Семерханұлы секілді білікті мамандармен бірге он жыл еңбек етті.

Перзентханада істеген жылдары көп нәрсені үйрендім. Ауруы асқынған аналарға көмектесіп, отадан кейін түзеліп кетуі үшін көмегімді аямадым. Ол уақытта медицина қызметкерлерінің барлығы алдына келген науқасқа жаны ашып, оның сауығып кетуі үшін бар күшін салатын еді. Ал қазір жағдай сәл басқаша. Жауапкершіліктен қашатын әріптестеріміз де бар, — дейді тәжірибесі мол медбике.

Қарлығаш Дүйсенғалиева 2005 жылдан бастап облыстық әкімдіктің шаруашылық бөлімінде медбике болып жұмыс істейді. Сол уақыттан бері әкімдік қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетіп келеді. Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар көп уақытын жұмыс орнында өткізіп, денсаулықтарына мән бермейтіні бар. Кейде жұмыс бабында сырқаттанып немесе егілетін болса, барлығы Қарлығаштың көмегіне жүгінеді. Дәрігердің нұсқауымен екпе салып, көмегін көрсетеді. Былайғы кезде де көмек сұраған адамдардан бас тартқан емес. Қолы жеңіл медбикені шақыратын қала тұрғындары көп.

Қарлығаштың жұбайы Қайырғали Дүйсенғалиев те қазір осы саладағы тәжірибелі дәрігердің бірі. «Қуаныш» клиникасында травмотолог болып еңбек етеді. Ал кенже ұлы Төрежан қазір М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің бесінші курсында оқиды. Екінші ұлы Нұржан экономист мамандығын бітірсе, қызы Дина тұрмысқа шығып, сәби сүйіп отыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button