Мереке

Елдігіміздің белгісі

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні. Бұл мерекенің маңызы зор. Өйткені осы күні еліміздің әр азаматының мақтаныш сезімін оятатын қазіргі қолданыстағы мемлекеттік рәміздер өмірге келді. Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков осы жөнінде ой толғайды.
— Әр жаңа, жас мемлекеттің тәуелсіздік алып құрылған кездегі ең бірінші мақсаты — мемлекеттік рәміздерін: Туын, Елтаңбасын, Әнұранын бекітіп алу болмақ. Өйткені бұл таңбалар — мемлекеттің мемлекеттігін көрсететін белгілер. Осы белгілер арқылы жаңа мемлекеттің саяси-экономикалық бағыты айқындалады. Салтанатты шараларда мемлекеттілігі паш етіліп, айбыны асқақтайды. Сондықтан әр мемлекет осыны алдына мақсат етіп қояды. 1991 жылы желтоқсанда еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады.
Биыл осы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі республика бойынша тойланады, тойланып та жатыр. Бүкіл елімізде болып жатқан бүгінгі шаралардың барлығы тәуелсіздіктің осы мерейтойына арналуда. Экономика саласындағы жетістіктер, осы кезеңдерде ашылған зауыттар, салынған жолдар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім салаларындағы жетістіктердің барлығы осы ел тәуелсіздігімен байланыстырылуда. Ал бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күнінің оған тікелей қатысты.
Мемлекеттік рәміздер Қазақстан Конституциясының тоғызыншы және отыз төртінші баптары бойынша бекітілген. Мемлекеттік рәміздерді қолданудың арнайы белгіленген ережелері, заңдары бар. Одан ауытқуға болмайды.
Мемлекеттігіміздің белгісі саналатын бұл рәміздер оңай келген жоқ.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланды. Рәміздерді жасауға, бірінші кезекте өнер қайраткерлері қатысты. Сонымен бірге, ол кезінде бүкілхалықтық сипат алды, күллі жұртшылық өз ойларын, пікірлерін білдірді. Солардың ой-ұсыныстарын топтастырып, қаперге ала отырып, өнер қайраткерлері рәміздерді өмірге әкелді. Сондықтан мұны жалпыхалықтық іс болды десек қателеспейміз. Тіпті өнер қайраткерлерінің өздері де бұған жүздеген адам боп, көптеп қатынасты. Сондықтан бұл көпшілік бұқаралық сипат алған байқау болды. Оған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өте үлкен мән берді. Өйткені оларда елдің саяси құрылымы, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, қазақ халқының менталитеті ескерілді. Сондай тарихи құжатқа Елбасы қол қойды. Ол 1992 жылы 4 маусымдағы қол қойылған Қазақстан Республикасының Туы, Әнұраны және Елбаңбасы туралы заң еді. Содан бері бұл күн — біздің елімізде Мемлекеттік рәміздер күні болып атап өтіліп келеді.
Сол маусымның алтысы күні Әнұран алғаш рет өнер театрында орындалды. Президенттің Ақордасында Ту көтерілді.
Әнұранның қабылданған алғашқы нұсқасы, оның кейін өзгертілгені есімізде. 2005 жылы Президент сайлауы өтті, соған жиналған көпшілік, бұқара халық жиынның соңында өздері туды көтеріп, соншалықты жүрек толқынысымен «Менің Қазақстаным» әнін орындады. Ол зауыттарда, оқу орындарында, түрлі салтанаттар өткен алаңдарда айтылды. Елбасы жігер беретін екпінді ән екенін атап, Әнұранға лайық деп 2006 жылы 10 қаңтарда бекітті. Міне, бұған биылғы қаңтарда он жыл толды. «Менің Қазақстаным» әнін жазған кезде композитор Шәмші Қалдаяқов 26 жаста, өлеңін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста еді. Елуінші жылдардың ортасында КСРО-дағы саяси жағдайларға байланысты Қазақстан территориясын бөлшектеу әрекеті күшейді. Осыған жас патриоттардың рухани қарсылығы «Менің Қазақстаным» әні арқылы көрінді. Әнді халықтың арасында тарату үшін оны насихаттап, көрсету керек, мәтінін газет-журналдарға жариялап, әнді Қазақ радиосынан орындау керек еді. Алайда оны қараған редакторлар әннің «менің елім, менің жерім» деп, Қазақстанның территориясы тұтас болуы керегін айтып тұрғанын, астарлы ұғымды түсініп, түрлі себептер айтып, жарияламай қойды. Сонда Шәмші Қалдаяқов белгілі әнші Жамал Омароваға жолығып, әнді ұсынады. Тамаша ән әйгілі әншінің орындауында эфирге шығып кетеді. Атақ-дәрежесі зор әнші Жамал Омароваға кім не дей алады? Бұл әнді неге айтасың дей алмайды. Жер-жерге «Менің Қазақстаным» әні солай тарайды. Бүкіл халықтың жүрегінен орын табады. Соған шаттанған Шәмші Қалдаяқов: «Осы әнім менің болашақта гимн болады» деген екен. Сол айтқаны аумай келіп, елу жылдан кейін Қазақстан Республикасының гимні болды. Әннің мәтінінің ертеректе жазылғанын, еліміздің Тәуелсіздік алуына орай саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани өзгерістерге байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәтініне аздаған өзгерістер енгізді. Бұрынғы мәтін үш шумақ, үш қайырма еді, қазіргі мәтін екі шумақ, екі қайырма, құрылым жөнінен осындай өзгерістер болды. Мазмұн жөнінен де жігер беретін сөздермен ауыстырылды.
Ең жиі және барлық жерде қолданылатын рәміз — Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік туы. Біздің туымыздың түсі көк, ортасында алтын түсті күн тұр. Күннен жерге нұр төгіледі, бірақ бұл жерде суретшілер ерекше шешім тапқан. Күннің айналасында моншақтай тізіліп алтын дәндер тұр. Алтын күн — алтын дән. Қазақстан — дүниежүзіне астық шығаратын іргелі ел. Жылына 17-20 млн тонна астық өндіреді. Ендеше, біздің байлығымыз да, бақытымыз да сол нанда, астықта. Туымыздағы бейнеленген суреттің мазмұнының бірі — осы. Күн астында қанатын жайып қыран келеді. Әр елдің рәміздерінде қыран, бүркіт бар, бірақ олардың бейнесі түрліше. Оның бірі атылайын деп қанатын қомдап, бірі тырнағын шығарып тұр, енді бірі екі басты болып келеді. Біздің қыран биік аспанда қанатын жайып самғап, бейбіт жағдайда ұшып келеді. Ол біздің еліміздің ұстанған бейбіт саясатын көрсетеді. Бірақ ол қыран қырағы, сонау аспанда жер бетіндегінің бәрін көріп шолады. Тудың бір жағында қазақтың ою-өрнектері бедерленген.
Барлық рәміздерді лицензия алған мекемелер ғана шығаруға құқылы. Биылғыдай мерейтой алдында Мемлекеттік рәміздер жиі қолданылады. Себебі еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына барлық жерде түрлі шаралар өтуде. Рәміздерді қолдануда ешқандай кемшілік болмау керек, олардың стандарты сақталу қажет. Барлығы ережеге, заңға байланысты орындалуы керек.
Рәміздердің ішіндегі тұрақты пайдаланылатыны Елтаңбамыз. Қазақтарда ерте замандарда да таңба болғаны белгілі. Мысалы, тасқа жазылған ру таңбалары. Елтаңба — мемлекеттің таңбасы. Біздің таңбамыз шеңбер көлемінде, ортасында шаңырақ тұр. Қазақ «Шаңырағың шайқалмасын!» деп тілек айтады. Үш күлдіреуіш қазақтың Үш Жүзі әрқашан да бір болсын деген мағынаны білдіреді. Елбасымыздың тынбай айтып келе жатқаны да — қазақ халқының бірлігі, біздің қоғамымыздағы тұрақтылығы. Осы болса, біздің тәуелсіздігіміз берік болады. Облыстық және аудандық әкімдіктердің жанында мемлекеттік рәміздерді насихаттап отыратын комиссиялар жұмыс істейді.
Біздің Ақтөбе облысындағы ерекшелік — Тұңғыш Президенттің атындағы қалалық саябақта Мемлекеттік рәміздерге арналған кешенді көрініс бар. Сондағы ұзындығы 20 метр, ені 10 метр Ту 91 метр биіктікке көтерілген. Неге? Себебі, тәуелсіздік алған жыл —1991, сол мағынаны көрсетіп тұр. Бұлардың барлығы бірлікті, тәуелсіздікті, патриотизмді насихаттайды. Біздің облыстағыдай биік көтерілген ту өзге жерде жоқ, Астанада ғана бар. Ұйтқи соққан боран мен желде, қар мен жаңбырда Туды бұлай биікке көтеріп ұстап тұру үлкен инженерлік- техникалық қуатты қажет етеді. Бұл жерде Тумен қатар, Елтаңбамыз мен Әнұранымыз, еліміздің Конституциясы, Елбасының портреті де тұр. Осы жерде жас сарбаздарды әскерге шығарып салу, мемлекеттік қызметшілерден ант қабылдау сынды патротизмге арналған шаралар өтеді. Яғни ақтөбелік жастарға патриоттық тәрбие беру орталығы деп айтуға болады.
Біз рәміздерімізді осылай қадірлеп, қастерлеп сақтап, нығайтсақ, озық елдердің қатарына қосыламыз. Сондықтан әр қазақстандық осыған үлесін қосуы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button