ЖаңалықтарМереке

Белсенді демалыс фестивалі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырыла ұйымдастырылған «Мен және менің әлемім» атты фестивальді тамашалады.

12-шағын аудандағы демалыс аллеясында өткен шараға «Ақтөбе жастары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен «Ақтөбе жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйытқы болды.

Бүгін Ақтөбе қаласы жастарының фестивалі өтуде. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл шара балалар мен жасөспірімдерді де қамтиды. Шараны өткізудегі мақсатымыз — жас буын өкілдерінің бос уақыттарын тиімді әрі белсенді өткізуін насихаттау. Әрбір ата-ана өз баласының болашағына алаңдайды. Кішкентайынан осындай белсенді іс-қимылға әуестенген балалар болашақ өмірде де салауатты өмірді ұстанады деп ойлаймыз, — дейді «Ақтөбе жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол Шыма.

Өңір басшысы алдымен BMX деп аталатын, велосипедтердің көмегімен түрлі трюктер жасаудан өзара жарысып жүрген жасөспірімдердің қасына барды. Бұл спорт түрімен бүгінгі күні қаламызда 150-ге тарта бала айналысады.

Облыс әкімімен кездесу сәтін сәтті пайдаланғанды жөн көрген Никита Майер атты BMX спортын шебер меңгерген жасөспірім өзінің өтінішін жеткізді.

Біз негізінен осы жерге келіп жаттығамыз. Бірақ бізден басқа ата-аналар да кішкене бүлдіршіндерін осы жерге алып келеді. Оларды жарақаттап алудан қорқамыз. Осы алаңқайдың айналасын қоршап, тек қана BMX спортымен айналысатындарға арналған жер ретінде қайта жабдықтаса. Соған сізден көмек сұраймыз, — деді Никита.

Бұл спорт түрімен айналысатындарды облыстық әкімдік ғимаратының жанында да көріп қаламын. Көліктер жүріп жатқандықтан ол жер қауіпсіз емес. Сондықтан арнайы дайындалған алаңда жаттығу керек, — деген Бердібек Сапарбаев Никитаға «Ақтөбе жастары» мекемесінің басшысымен бірге арнайы алаңқай дайындау үшін жер белгілеуді тапсырды.

Жаңа алаңқай қаланың барлық аудандарындағы жасөспірімдер келе алатын орталық бір жерден белгіленуі керек, — деді тапсырмасын нықтаған Бердібек Машбекұлы.

Фестиваль аясында жасөспірімдер арасында сонымен қатар үстел теннисі мен Street workout бойынша да жарыстар ұйымдастырылды.

Ағылшын тілінен «көшедегі жаттығулар» деп аударылатын жаңа спорт түрі «Street workout»-ты қаламызға алғаш әкелгендердің қатарында жүрген Ислам Есенғазиев жастардың темекі шегу, ішімдік ішу секілді зиянды әдеттерге бой ұрмай, спортты серік етулері үшін тренажерлері бар арнайы алаңдардың қаламызда көбірек болғанын қалайтындарын айтты.

Өңір басшысы «Ақтөбе жастар қауымдастығының» белсенділерімен де сұхбаттасты. Жастар қаладағы құрылыс жұмыстарына қатысуға дайын екендіктерін айтады. Арайлым атты қауымдастық мүшесі қала жастарының   ғашықтарға арналған саябақ ашу туралы өтініштерін жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі «Ғашықтар аллеясын» салу ісінің жақында қолға алынатынын, биыл Сазды өзенінің «Нұр Ғасыр» мешіті жағындағы жағалауында жаңа саябақ құрылысының басталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары аясында турниктері мен спорттық тренажерлері бар шағын алаңқайлар салу да қарастырылмақшы.

Өңір басшысы «Барлығымыз аулаға» атты кішкентай бүлдіршіндер мен балалар арасында ұйымдастырылған асық ату секілді ұлттық ойындар мен басқа да аула ойындары жарысын тамашалады.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button