Жаңалықтар

Бұл төртінші зауыт және соңғы емес

Жаңа өндіріс

 Көктемнің соңғы күні ақтөбеліктерге  өз сыйын қалдырды. Мұғалжар ауданында шағын мұнай өңдеу зауыты ашылды.

Іске қосылуына облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев қатысқан  индустриялық-инновациялық бұл жоба  облысты индустрияландырудың аймақтық картасына кіреді. «ҚазИнРусс-трейдинг» компаниясының бас директоры Мұрат Долгиевтің берген сипаттамасына қарағанда, Мұғалжар ауданының Темір көпір бекетінде орналасқан бұл аз тоннажды мұнай өңдеу зауыты тәулігіне 300 тонна өнім шығарады.

— Нақтылай түссек, жалпы өндірістің қуаты айына 9,3 мың тоннаны құрайды. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 3 миллиард теңгеден асады және ол біздің өз қаржымыз. Мұнда 131 жұмыс орны ашылды. Бұл жобаның ерекшелігі — біздің компанияның арнайы тапсырмасы бойынша көмір сутегі шикізатын өңдейтін қондырғы қойылған. Қондырғының құрамында өзге де қызметтер атқаратын жабдықтар мен құрылғылар бар. Соның нәтижесінде жоғары сапалы ЕВРО-4 бензині және ЕВРО-4 қысқы дизель отыны алынады, — дейді бас директор.

— Мен бірінші кезекте, мұнда қаржы салып, қорытындысында жақсы табыс табуға болатынына сенген компания басшыларына ризашылығымды білдіремін. Бұл біздің облыстағы мұнай өңдейтін төртінші шағын зауыт, үлкен қуаныш. Бар болғаны жыл ішінде қазіргі заманғы технологиямен осындай кәсіпорын іске қосылып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары зауыттың лентасын салтанатты жағдайда қиып тұрып.

Шағын зауыттың салтанатты ашылуынан кейін Ғали Есқалиев компания басшыларымен бірге зауыттың жабдықтарын қарады және тетікті басып, іске қосты.

Мұрат Долгиевтің бағалауынша, мұнай өңдеу зауыты қолайлы жерге орналасқан.

— Зауыт көлік инфрақұрылымы дамыған өңірде тұр. Қажетті шиізат жеткізушілер де іргеде. Біздің өніміміздің 70 пайызы Қазақстанға, 30 пайызы ТМД елдеріне шығарылады, — дейді компания басшысы.

Жаңа кәсіпорын бензин мен дизель отынынан бөлек, жеңіл, тамақ өнеркәсіптері салаларының қажетіне жарайтын өзге де қосымша өнімдер шығарады.

 Санат РАШ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button