Жаңалықтар

Бос тұрған ғимараттар тиімді пайдаланылуы тиіс

Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындардың ғимараттарын тиімді пайдалану және оңалту мәселелері облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте сөз болды. 

Осы жылдың ақпан айында 68 бос тұрған ғимарат пен коммуналдық меншіктегі иесіз нысандарды тиімді пайдалану жөніндегі шаралар жоспары қабылданған болатын. Олардың алтауы сенімгерлік басқаруға берілді, 16 ғимаратқа мемлекеттік заңды тұлғалар орналасты, 25-сі жекешелендірілмек. Қолдануға жарамсыз 25 нысан есептен алынады.

Бүгінге дейін аукцион арқылы 10 нысан сатылды, сатып алушылар болмағандықтан 7 ғимарат сатылмады. Ауылдық елді мекендердегі ғимараттар мәселесін де шешу керек. Мұндай нысандарға ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтындар қызығушылық танытулары мүмкін.

— Ескі, апатты жағдайда тұрған нысандар есептен шығарылуы керек. Бос тұрған ғмараттарды сату немесе одан әрі қарай пайдалану үшін сенімгерлікпен басқаруға берілуі керек. Олардың әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Босап қалған жылжымайтын мүлікті саудаға шығарып, сатып алушы келмеді деп қарап отыруға болмайды. Ақпараттық науқан ұйымдастырған жөн. Бос ғимараттарды тиімді пайдалану жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болуы мүмкін, ол қосымша салықтық төлемдер түсіреді, — деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдеріне, тиісті басқарма жетекшілеріне осындай нысандар бойынша жұмыс істеп, шаруашылық айналымға енгізу керектігі тапсырылды. Сонымен бірге жылжымайтын мүліктерді қосымша тексеріп, тиімді қолдану бойынша ұсыныстар енгізу күтіледі.

Бүгінгі таңда облыста 10 өнеркәсіптік нысанның жұмысы тоқтап тұр. Олардың қатарында химия өнімдері мен мотор майы, құрылыс материалдары, темірбетон және трикотаж бұйымдары, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және жинау бойынша, сонымен бірге т.б. өндіріс орындары бар.

Жергілікті билік тоқтап қалған кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында инвестиция тарту жұмыстарын қолға алып келеді, олар іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылуы мүмкін. Бердібек Сапарбаев өндірісі тоқтап қалған нысандарды қалпына келтіру үшін мемлекеттік қолдау қажет екенін де жасырмады.

— Тұралап қалған өнеркәсіп нысандарын сауықтыру үшін мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының жұмыстары жыл соңына дейін оң нәтиже көрсетулері тиіс,— деп мақсат қойды өңір басшысы.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button