Жаңалықтар

Түйетөбе — қасіретті жылдар жаңғырығы

Әдеттегідей бұл жолы да Түйетөбенің басына жиналған халық саны көп болды. Түйетөбе — сталиндік зұлмат жылдарында жазықсыз боздақтар жаппай атылған жер. Міне, сол жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақтары жыл сайын 31 мамырда қасіретті төбе басында орнатылған ескерткішке барып, ата-баба рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырды.

Қазақтың тарихындағы ең бір қайғылы, қасіретті жылдар — 30-50-ші жылдардың аралығы. Ашаршылықтан енді ғана басын көтерген қазақ халқы саяси қуғын-сүргінге тап болды. Сол 30-шы жылдарда қазақтың жартысы қырылды, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткеннен сабақ алып, ең құнды байлығымыз — Тәуелсіздігімізді сақтап тұру үшін халықты елде ауызбіршілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.

Тарихшылардың есептері бойынша, 30-шы жылдардағы репрессия кезінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбірулерінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны педагогикалық институттың тарих факультетінің Сергей Гуцалов басшылығындағы археологиялық отряды Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтады. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі байқалған.

Менің атам Сейсенғали Қарақұлов Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қызылқорған ауылында 1874 жылы дүниеге келген екен. Ол мешіт ұстап, діни сауаттарын ашу үшін шәкірт оқытыпты. Оның бар кінәсі осы ғана. «Молда болдың» деп жазықсыз жала жабылған. 1937 жылы пайғамбар жасына келгенде тамыз айында ұсталып, қазан айында ату жазасына кесілген, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қуат Жамалов.

Ол 1989 жылы облыстық мемлекеттік қауіпсіздік департаментінен атасының ақталғаны туралы хабарлама алады.

Әкем Досмұрат 1941 жылы осы жерде атылған. Өзім 1935 жылы туғанмын. «Бай, батырақ, қожа…» деді. Байларды кәмпескелейтін уақыт болды ғой ол кезде. Ата-бабамыздың мал-мүлкін кәмпескелеп, жер аударды. Ал әкелерімізді түрмеге жапты. Сосын атты. Мен өзім жетім қалдым, — дейді Байғанин ауданының тұрғыны Түрікпен Досмұратов.

Митингке жиналғандарға қасіретті жылдарға байланысты Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры тарапынан дайындалған қойылым көрсетілді. «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жазықсыз құрбандардың рухына Құран бағыштады, Свято-Никольский кафедралдық соборының дін қызметшісі, әке Николай дұға оқыды. Облыс және қала басшылығы мен мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың атынан гүл шоқтары қойылды.

Түйетөбе басындағы шарадан кейін «Нұр Ғасыр» мешітініде облыс әкімінің атынан боздақтар рухын еске алу асы берілді. Асқа саяси қуғын-сүргін құрбандарының туысқандары, саяси партиялардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтардың басшылары және қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.             

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button