Жаңалықтар

Ақтөбе қаласы дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыруға 116 млрд теңге қажет

Ақтөбе қаласының 2016-2018 жылдардағы дамуының кешенді жоспарының негізгі бағыттары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен өткен кеңесте талқыланды.

Облыс орталығының кезеңдер бойынша дамуы осы құжатта белгіленген. Сондай-ақ мұнда негізгі мәселелерді шешумен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да көзделген.

Кешенді жоспарда көрсетілген негізгі бағыттардың бірі — кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамту.

Қазір Ақтөбе қаласының тұрғын үй қоры 8,9 млн шаршы метрді құрайды. Шаһарда тұрғын үйлер көптеп пайдалануға беріліп жатқанына қарамастан, әлі 17 мың адам кезекте тұр.

— Бұл мәселені шешу үшін жоспарда 200 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу қарастырылған, бұл арқылы 3 мыңнан астам кезек иесі пәтерлермен қамтылады, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын.

Жаңа үйлерді көптеп тұрғызу инженерлік-байланыс желілерін дамытуды талап етеді. Әсіресе, «Нұр Ақтөбе», «Батыс-1», «Батыс-2» аудандарындағы тұрғын үй шоғырларын сумен, газбен, электр қуатымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ жер учаскелері мен жеке үйлер салуға жер алатындар кезекте тұрған Ақшат-2, Красносельское-2 және Шилісай-2 ауылдарына инженерлік-байланыс жүйелерін жүргізу жоспарлануда. Оған қоса тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты басқа да құрылыстар қолға алынатын болады: су көзі жүйелері, жылумен қамту құбырлары, т.б.

Кешенді жоспарды жүзеге асырудың арқасында білім объектілерін тұрғызу, көлік жолдарын салу, қаланы жайлы ету мен көгалдандыруға қатысты мәселелерді күн тәртібінен алып тастауға мүмкіндік туады.

Жалпы алғанда, аталған құжат бойынша Ақтөбе қаласының 3 жыл ішіндегі 14 маңызды бағыт бойынша даму перспективасы белгіленген кешенді жоспарды жүзеге асыруға шамамен 116 млрд теңге қаржы қажет.

Кешенді жоспарды жасақтау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім. Өңір басшысының айтуынша, облыс орталығының өз даму бағдарламасы болуы керек және бұл бағдарлама кезеңдер бойынша дамуды одан әрі сатылай жоспарлауға мүмкіндік беруі тиіс.

— Кешенді жоспар Ақтөбе территориясының даму бағдарламасымен, Бас жоспармен, Ақтөбе агломерациясын дамыту және мемлекеттік салалық бағдарламаларды жүзеге асыру бағдарламасымен үндес болатындай дәрежеде жасақталуы керек. Осы тұрғыда бірқатар кемшіліктер бар. Оның үстіне кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде қол жететін мақсаттық индикаторлар қаперге алынуы тиіс. Сол себепті құжатты толықтыра түсу керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Қала әкімдігіне кемшіліктерді түзеп, жаңартылған кешенді жоспарды ұсынуға 10 күн мерзім берілді.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button