Жаңалықтар

Толыққанды интеграциялық бірлестік

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және  Ресей Федерациясының басшылары қатысты.

Іс-шара барысында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды. ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толып отыр.

— Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде  қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. Құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ЕАЭО-ның бірлескен нарығы Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы байланыстырушы буын болуы тиіс екендігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнамсыз жайттардың барлығы үшін сынақ екеніне, ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды және биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын айтты.

Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деңгейдегі қадамдарды үйлестіру жұмыстарын күшейтуді талап ететінін атап өтті.

Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қырғызстан Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістің негізгі мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жою үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.

Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.

Келіссөздер қорытындысында ЕАЭО қызмет етуінің практикалық мәселелері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды.

 akorda.kz

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button