Мереке

«ҚАЗАҚОЙЛ АҚТӨБЕ» ЖШС-ның балаларға тартуы

Жыл сайын 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнін «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-сы ерекше атап өтеді. Компания биыл да бұл мерекені кең көлемде ұйымдастырды. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта орналасқан  «Капитан Бриг» балалар ойын-сауық орталығында арнайы мерекелік шара өтті. Кішкентай «патшалардың» құрметіне арналған кешке 400-ден астам  бала қатысты.

Бұл күні «Капитан Бриг» балалар ойын-сауық орталығының алаңы балалардың шат күлкісіне толды. Бірін-бірі қуалаған балдырғандар алаңда асыр салып ойнады. Компанияның әкімшілік бөлімі басшысының орынбасары Гаухар Борашеваның айтуынша, орталықта бұндай шара биыл екінші рет өткізіліп отыр.

— Бұған дейін балаларға арналып түрлі байқаулар, оның ішінде фотосурет, сурет салу секілді жарыстар ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестірілетін. Түрлі қойылымдар көрсетілетін. Бірақ соңғы жылдары бала санының өсуіне байланысты мерекені тойлау ауқымын да кеңейтіп отырмыз. Өткен жылдан бастап «Капитан Бриг» балалар ойын-сауық орталығымен келісім жасап, балдырғандарды осы жерге шақыратын болдық. Себебі орталықта кішкентайларға қажетті ойыншықтар мен ойын алаңы көп, әрі бір мезетте барлық баланы бір жерге жинауға болады.

Бүгін орталыққа  мекемеде қызмет ететін азаматтардың балалары келді, яғни төрт жүзден астам бала бар. Оның ішінде аудан оқушылары да қатысып отыр. Серіктестік тарапынан қызметкерлердің балаларына ерекше қамқорлық көрсетіледі. Мәселен, студенттерге оқу ақысы төленсе, оқушыларға демалыс орындарына жолдама, сырқаттанып қалса, әлеуметтік көмек беріледі. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сәбилер үйіндегі кішкентайларға түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі, — дейді Гаухар Борашева.

Биыл компания қызметкерлерінің балалары Ақмола қаласындағы «Сұңқар» және Алматы қаласының маңындағы «Арман дала» демалыс орындары мен өзіміздің қала шетіндегі «Әсем» лагеріне барады. Ал өткен жылы балдырғандар Қостанай, Көкшетау қалаларындағы демалыс орындарында тынығып қайтыпты.

Ертегілер елінде

«Капитан Бриг» балалар ойын-сауық орталығындағы негізгі шара сағат 10.00-де басталды. Сахнаға шыққан сайқымазақтар балдырғандарға арнап ән айтып, би биледі. Олардың қылығына балалар қол шапалақтап, мәз болды.  Балақайларды ортаға шақырып би билетті. Түрлі спорттық жаттығулар жасатты. Соңында барлығына балмұздақ  пен түрлі ойыншықтар үлестірді. Осыдан кейін асфальтқа сурет салу жарысы басталды. Балалар өз қиялдарына ерік беріп, әп-сәтте алаңқайды қызылды-жасылды бейнеге айналдырды. Бірі гүл салса, екіншісі күн, үшіншісі өзінің отбасын, жан-жануарларды бейнеледі. Ал сурет сала алмайтын кішкентайлар су бұрқақтың айналасында су шашып, мәз болысты. Асфальтқа мысық суретін салған он жастағы Аружан Байтасова мерекенің көңілді өтіп жатқанын айтты.

Осындай шараға жыл сайын қатысамын. Өте қызықты ұйымдастырылады. Өзім қатарлы қыздармен танысамын. Барлығымыз бірге ойнап, әткеншек тебеміз. Мен сурет салуды ұнатамын, —дейді ол.

Аружанның әкесі Нұрлан Әлібекмола кен орнында жұмыс істейді. Әр жыл сайын екі қызы мен ұлын мерекелік шарадан қалдырмайды екен.

Мерекеге қыздары Жанель мен Әнельді алып  келген Ұлан Бижанов та компанияның қамқорлығына дән риза.

Сегіз жылдан бері Қожасай кен орнында машинист болып жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде компания ұйымдастыратын балалар мерекесінің куәсі болып келемін. Өте керемет өткізіледі. Қыздарым да әбден үйреніп алған. Мереке жақындаған сайын «қашан барамыз» деп жиі мазалайды.  Былтыр  үлкен қызым Қостанайға барып, алған әсерін әлі күнге дейін айтады.

Ал биыл екінші қызым Жанель Алматыға барамын деп қуанып жүр. Компанияның бұл бір ғана көмегі, бұдан басқа түрлі материалдық жеңілдіктер береді, — деді Ұлан. Ал ұлы Мирас пен бір жастан енді асқан қызы Мирлияны алып келген Динара Санғұлованың серіктестікке айтар алғысы шексіз.

Күйеуім Саянның  Әлібекмола кен орнында оператор болып жұмыс істегеніне төрт жылдан асты. Осы уақыт ішінде компания тарапынан түрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. Қандай да бір қиын кезде серіктестік басшылығы қызметкерлерінің жағдайына, олардың отбасына көмек қолын созады,  бейжай қарамайды. Өткен жылы күйеуім көзіне ота жасады. Отаға қажетті қаржыны компания төледі. Егер бала ауырып немесе өзге де қиындықтарға тап болып жатсаң, ең алдымен компания тарапынан көмек көрсетіледі. Күйеуім кезекті еңбек демалысына шыққан кезде де материалдық  көмек беріледі.  Осы ретте «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігінің басшылығына алғысым шексіз. Ал балалар мерекесін тіпті ерекше ұйымдастырады.  Жыл сайын демалыс лагерьлеріне жолдама береді. Жаңа жыл қарсаңында әр балаға он мың теңгелік «Симба» дүкенінің сертификатын және тәтті толы қорапшалар сыйлайды, — дейді Динара.

Субұрқақтың қасында ойнап жүрген Албинаның анасы Оксана Бекетова да балаларға арналған шарадан қалмайтынын айтты.

Мерекелік кеш өте керемет ұйымдастырылған. Үлкен қызым Альбина мен ұлым Расулдың қызығы әлі басылар емес. Бірі әткеншекке мінсе, екіншісі үйшіктерді аралап кетеді. Қадағалап тұрмасаң, таба алмай қаласың. Солар үшін әлі жасқа толмаған егіз қызым Русалина мен Розалинаны да әкелдім, — дейді күліп Оксана.

Оксананың күйеуі Руслан Әлібекмола кен орнында жұмыс істейді. Егіз қыздар дүниеге келгенде компания әрқайсысына қомақты қаржы беріпті. Мереке сайын ескерусіз қалдырмай, түрлі сыйлықтар жібереді. Серіктестік тарапынан осындай қамқорлық жасалып жатқанына Оксана дән риза.

Мерекелік бағдарлама үш бөлімнен тұрды.  Бірінші бөлім бойынша  «Барбоскин» тобындағы үш жастан бес жасқа дейінгі кішкентайлар ойын ойнады, сабын көпіршіктерін тамашалады, сурет салды.  Ал «Фиксики» тобына бес жастан жеті жасқа дейінгі балалар енді. Олар би биледі, топтасып флешмоб өткізді, «Фикси шоу» бағдарламасын тамашалады. Ал «Пиратский квест» бөліміне жеті жастан асқан балалар қатысты. Олар тығылған шар, өлген адамның сандығы, зергерлік бұйымдарды іздеп, тапты. Мерекелік кеш түнгі сағат 12.00-ге дейін жалғасты. Балалардың қуанышында шек болмады, үйлеріне көңілді қайтты.  Осындай қызықты кешке куә болған үлкендердің де көңілі көтеріліп қалды.  Олар бір сәтке күнделікті қарабалас шаруадан бет бұрып, өздерінің ең нәзік сезімдерін балғындарға білдіруге уақыт тапты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button