Мереке

Бұл — менің Ақтөбем!

Сенбі күні ақтөбеліктер қала күнін атап өтті. ҚР Тұңғыш Президенті

Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «Ақ тілекпен…» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Бұл күні Орталық саябаққа жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Әсіресе, жастар қала күнін ерекше тойлады. Саябақ сахнасында бір топ жас флешмоб билеп,  Ақтөбе қаласының тарихы, мәдени құндылықтары туралы викториналық сұрақтарға жауап берді. Саябақтың кең сахнасында белгілі әншілер, шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік іс-шара барысында «Ақтөбе» вокалды-аспаптық ансамблі, «Сұңқар» тобы, «Кавказ жүрегі» ансамблі, «Triple step» бишілер тобы өнер көрсетіп, белгілі әншілер Аллаберген Жақсыбаев, Қайрат Қапанов, Арман Жиеналиев, Еркебұлан Құмаров, Нұржан Оразовтар әннен шашу шашты.

Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама аясында «Бриллиант», «Подиум» сән агенттіктері қаламыздың белгілі киім салондарының сән үлгісін көрсетіп, жиналғандарды таңғалдырды.

Бағдарлама аясында жас суретшілер «Менің Ақтөбем!» атты асфальтқа сурет салу байқауына қатысып, өздерінің әсем қалаға деген сүйіспеншіліктерін суреттері арқылы  білдірді.

Ақзада Сапарова, қала тұрғыны:

Бүгінгі мерекеге отбасымызбен бірге келдік. Балаларым жыл сайын Ақтөбе қаласының туған күнін ерекше ықыласпен күтеді. Орталық саябаққа келіп, әншілердің, өнерпаздардың өнерін тамашалап, көрмені араладық. Көңіл күйіміз көтеріліп, бір серпіліп қалдық. Ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаймын. Қаламыз гүлденіп, өркендей берсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Мерекелік іс-шаралар аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалалық Мәдениет үйінің эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі қала саябақтары мен ашық алаңдарында өнер көрсетіп,  ақтөбеліктерге «Музыкалық шашуын» тарту етті. Сондай-ақ, бұл күні қала жастары «Battle for Olympus» атты жаңа заман билерінен өткен қалалық  чемпионатқа қатысты.

Айта кету керек, қала күнінде А.Пушкин атындағы демалыс саябағында «Рюкзак» бард- клубы ақтөбеліктерге концерттік бағдарлама ұсынып, ретро әндерді әуелетті.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button