Мереке

Сурет авторлары — «ғажаптың» мүшелері

Облыстық «Руханият»  музейінде 1 маусым — Халықаралық балалар күніне арналған  «Бар мейіріміміз — балаларға»  атты мерекелік іс-шара өтті. Оған «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінде тіркелген мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Шара барысында балалар үйлерінен салып алып келген суреттерін қазылар алқасының талқысына ұсынды. Әр бала өзінің салған суретін қазыларға түсіндіріп берді. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Атыраубаев, дизайнерлер Жұлдыз Туралина, Сандуғаш Кеңесовалар балапандардың туындыларын бағалап, сыйлықтар тапсырды.

Байқау қорытындысы бойынша Рамилә Саласиева бірінші орын, Арина Пелепенко екінші орын және ең кішкентай қатысушы Лилия Дүйсенбаева үшінші орынға ие болды.

Балалар түрлі ойындарға, психологиялық тренингтерге де қатысты. Ән шырқап, би де биледі.

Музей әдіскері Айман Мұрзағалиеваның айтуынша, мұндай шара облыста бірінші рет ұйымдастырылып отыр. «Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында әрбір екі ай сайын ұйымдастырмақпыз. Қыркүйек айында осы балалардың қолымен жасаған бұйымдар бойынша үлкен жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз, Тәуелсіздік мерекесіне де балалардың тартуы бар», — дейді ол.

 Перизат Оңайбек,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай

 мемлекеттік университетінің 1-курс студенті. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button