Экономика

Ақтөбенің айраны

 «Қазақстанда жасалған»

Өткен жылдың соңында ғана жұмысын бастаған жергілікті сүт зауытының өнімдері бүгінде өзімізде ғана емес, көршілес Ресейде де сұранысқа ие. Несие алып, ортақ серіктестік құрған Мирболат Ақдәуітов пен Сергей Палиев кәсібі арқылы нәсібін тауып отыр.

— Екеуміздің де осы салада еңбек етіп жүргенімізге аз болған жоқ. Бір жылдары бір кәсіпорында қызметтес те болдық. Кейін «Өзіміздің ісімізді жүргізейік» деп жан-жаққа кеттік. Арада бірнеше жыл өткен соң бірігіп, ортақ кәсіп ашуды дұрыс деп шештік. Өйткені бизнесте де жалғыздық оңай емес… Бұған дейін жиған-тергенімізді — жалпы сомасы 200 миллион теңгемізді осы іске жұмсадық. Зауыт ашу — өте күрделі шаруа, оны әрі қарай алып кету екі есе қиын. Сондықтан Сергеймен ақылдаса келе, мемлекеттен несие алуға бекіндік. Сөйтіп, қажырлы еңбектің арқасында былтыр қыркүйекте алғашқы өнімімізді шығардық, — деп әңгімесін бастаған Мирболат «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 75 миллион теңгені 5 жылға бөліп төлеуге алғанын айтты.

«Агрофирма Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінде 52 адам жұмыс істейді. Оның негізгі бөлігі Хромтау ауданындағы зауытта еңбек етеді. Айына жүз тонна өнім шығаратын кәсіпорынның нарықтағы атауы — «Milky Land». Яғни ол ағылшын тілінен аударғанда — «Сүт мекені» деген мағынаға саяды. Бұның сырын кәсіпкер былай деп түсіндірді:

— Әрине, брендті қазақша не орысша етіп қоюға болатын еді. Бірақ, біз ертеңгі күнімізді де ойладық. Халықаралық деңгейде жұмыс істеу — әу бастағы мақсатымыз еді.  Сол себепті, көпшілікке түсінікті ұғымды таңдадық.

Шүкір, бірте-бірте ой-мұратымыз жүзеге асып келеді. Бүгінгі күні Ресейдің Орск қаласына тауарымыз тасымалданып жатыр. Біз қалағандай көлемде болмаса да, бастысы — сұраныс бар. Өніміміз алдағы уақытта көршілес мемлекеттердің басқа да өңірлеріне экспортқа жіберіледі деген жоспарымыз да жоқ емес. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарымен да келіссөздер жүргізіп, ол жақпен де байланыс орнатпақшымыз. Айтпақшы, жақында Түркістан қаласындағы сауда желісі сүт-айранымызды тұрақты түрде сатып алуға ұсынысын білдірді, осылай жер-жерде әріптестігіміз нығая беретініне сенімім кәміл. 

Мирболат Елтайұлы зауыт сүт өнімдерінің кең түрін, атап айтсақ, айран, қатық, май, қаймақ, сүзбе, ірімшік, т.б. дайындайтынын тілге тиек етті. Кәсіпорынның 25 түрлі өнімін шаһардағы ірі супермаркеттер желісінен табуға болады. Ал олардың бағасы, серіктестік өкілінің сөзінше, тұрғындарға қолжетімді. «Мәселен, біздегі жарты литр айранның құны — 125 теңге болса, 1 келі май 1700 теңгеге саудаланады», — деп сөз арасында келтірді ол.

 Сүттің сапасы шөпке байланысты

Шикізатты алуда үлкен қиындықтарға тап болып отырған әңгімелесушіміз ең басты мәселе — осы деп отыр.

— Біз жаңа сауылған сүтті өзіміздің облыстан — Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандарынан алып отырмыз. Өкініштісі, олардың ешқайсысы біз қалағандай мөлшерде бере алмайды. Сосын сүттің де түр-түрі болатынын ұмытуға болмайды. Майлылығы, ащылығы, жалпы сапасы жағынан әрқилы шикізат қажет болса, бізге біртектес сүт қана ұсынылады. Себеп — сиырлардың түгелдей дерлік барлығының жейтін шөбі бір. Ал зауыт әртүрлі сүттен тиісінше әртүрлі өнім шығарады. Айран мен сүзбе дайындайтын сүт бірдей болмауы керек. Осы жағынан ауыртпалықтар бар. Бұл мәселеге жергілікті билік, ауылшаруашылық саласы назар аударып, мал тұқымын асылдандырса, шаруа қожалықтарына қамқорлық танытса екен дейміз.

Сәті түскенде бұл салада бәсекелестіктің де ерекше екенін айтпай кетуге болмайды. Бір қынжылтатыны, тұрғындар жергілікті тауар өндірушілерден гөрі, шетелдік импортқа бүйрек бұрып жатады. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, осы арқылы олар өзгелерді қолдаса, екіншіден, өзінің денсаулығына атүсті қарайды. Неге десеңіз, шетелдік өнімдердің қай-қайсысында да консерванттар, жалпы жасанды қоспалар өте көп. Олар сөйтіп өнімдерінің жарамдылық мерзімін ұзартады, пайда көруді ғана ойлайды. Ал адамдардың асқазаны уланып жатыр… Бізде болса, бәрі табиғи, түрлі майларды қоспаймыз. Қанша айтқанмен, жерлестеріміздің саулығын, өзіміздің беделімізге нұқсан келтірмеуді алдыңғы орынға қоямыз, — деп ағынан жарылады М.Ақдәуітов.

Республикалық, облыстық деңгейдегі көрме-жәрмеңкелерге ұдайы қатысатын кәсіпорын жыл соңына таман йогурттардың бірнеше жаңа түрін шығаруды мақсат етіп отыр. Өйткені өзіміздің балқаймақ іспеттес ауылдың дәмінің заманауи баламасы үлкен-кішінің сүйіп һәм іздеп жейтін асы екен.

 Не дейсіз?

 Әліби САБЫР,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас менеджері: 

 — Осы жылдың мамыр айындағы соңғы санайғақтарға көз жүгіртетін болсақ, «Даму» қоры жүргізетін бағдарламалар арқылы барлығы 135,75 миллиард теңгеге 1766 жеке кәсіпкерлік субъектілері қолдау тапқан. Кеңінен тоқталсақ, 63,5 миллиард теңге көлемінде субсидиялау құрылғысы бойынша 586 жоба мақұлданған, олардың ішінде 12,1 миллиард теңгеге — 156 жоба ауылдық жерлерде орналасқан. Яғни қолдау тапқан барлық жобаларға шаққанда бұл 26,6 пайызды құрайды. Кепілдендіру құрылғысы бойынша кепіл құны 2,2 миллиард теңге, жалпы құны 5,37 миллиард теңге болатын 157 жоба қолданып, олардың ішінде — кепіл құны 0,5 миллиард теңге, жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын 56 жоба ауылдық жерлерде орналасқан.

Сондай-ақ, қаржылай емес бағдарламалар аясында барлығы 28 946 кәсіпкерге қызмет көрсетілді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button