Басты жаңалықтарДенсаулықМереке

Медбикелердің қызметтік міндеттері кеңейеді

12 мамыр — Халықаралық медбикелер күні

Дәрігерлердің айнымас серігіне айналған, науқастардың қас-қабағына қарап, дертіне дауа дарытуға ұмтылатын медбикелер бүгін кәсіби мерекесін атап өтуде.

Медбике — медицина саласында науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін денсаулық сақтау саласының бір буыны. Емдеуші дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі  медбикенің көрсетілген ем-домды ұқыптылықпен жасап, өз міндетін

жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінгі күні біздің облыста 10082 медицина қызметкері бар. Оның 6680-і — орта буын қызметкері.

  • Қазір медицина саласындағы соңғы реформаларға сәйкес, медбикелердің қызметтік міндеттері кеңейіп жатыр. Бұрын тек дәрігерге көмекші ретінде қызмет етсе, қазіргі медбикелердің, жеңіл-желпі ауру түрлерін қарап, тексеруге мүмкіншілігі бар. Атап айтсақ, науқастарға дәрі алуға рецепт жазып беру, белгілі бір ауру түрлеріне ем-дом жасауға кеңес беру. Сондай-ақ, бүгінгі күні халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аурудың алдын алу, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру сияқты жұмыстарды да атқару медбикелер міндетіне кіреді.

Бүгінде қалалық емханалардың көбінде учаскелік дәрігердің жанында осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізетін медбикелер жұмыс жасайды, — дейді басқарма басшысы.

Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінгі күні  дәрігерлер арасында кадр тапшылығы болғанымен, орта буын өкілдерінің көбейгені байқалады. Жыл сайын облыс бойынша 30-40 жас маман жұмысқа қабылданады. Оның ішінде медбикелердің үлесі мол.

  • Негізінен, медицинада ауыр жұмысты медбикелер атқарады. Атап айтсақ, науқасқа ем-дом жасау, оларды күту, бақылау, қысымын өлшеу, науқас туралы оның туыстарына хабар жеткізу. Сондықтан медбикелердің көтерер жүгі ауыр, — дейді Әсет Қалиев.

Оның айтуынша, алдағы уақытта облысымызда «Жедел жәрдем» мамандарының қатары парамедиктермен толығады. Яғни, тұрғындарға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар даярланады.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас медбикесі Ағиба Мәжікенованың айтуынша, қазір қалалық емханалар мен облыс орталығындағы аурухана медбикелері өзара бірлесіп отырып, облыс әкімдігі мен Ақтөбе қаласы әкімдігі ғимаратында қызметкерлерге арнайы қызмет көрсетіп, кеңес беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, қан қысымын өлшеу, көздің ішкі қан қысымын өлшеу, қант диабетін анықтау, кеңес беру, т.б.

  • Медбикелердің кәсіби мерекесі қарсаңында биыл екі акция ұйымдастырып отырмыз. Шараның мақсаты — облыс, қала тұрғындарына тегін көмек көрсету, кеңес беру, халықтың денсаулығын жақсарту, алдын алу.

Сондай-ақ, осы салада көп жылдар қызмет жасап, табысты еңбек етіп жүрген медбикелердің еңбегін бағалау, марапаттау мақсатында «Үздік медбике» байқауын өткіздік.  Жалпы облыс бойынша биыл 107 қызметкер марапатталады, — дейді А. Мәжікенова.

 

РАИСА — АҒА МЕДБИКЕ

Ақтөбе қалалық балалар клиникалық ауруханасының жаңа туған нәрестелер патология бөлімінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан аға медбике Раиса Усина —  көңілі жайдары, адамгершілігі мол, қарапайым жан.

Әріптестерінің арасында беделді, тәжірибесі мол, бөлімге келген әрбір ана мен баланың жағдайына жанашырлықпен қарайтын ол — өз мамандығының нағыз иесі. Оны алғаш көргенде-ақ, балалар медбикесі болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың.  34 жылдың ішінде жаңа туған нәрестелермен жұмыс істеудің, оларға күтім жасаудың қыр-сырын терең меңгерген.

Раиса Дүйсенқызы Ақтөбе медициналық училищесін бітіріп, 1982 жылы медбике қызметін осы ауруханадан бастапты. Сол кездегі №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы аталған қазіргі қалалық аурухана —  оның осы саладағы төккен тері мен еткен еңбегінің куәсі.

  • Өз мамандығыңды игеріп, өз ісіңнің жемісін көргенге не жетсін? Осы уақытқа дейін қызмет барысында небір сәттерді басымыздан кешірдік. Жаңа туған нәрестелермен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл жерде ең бастысы, ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Олардың әрқайсысына күтім жасап, уақытымен емін қабылдатып, аналарға ілтипат көрсетіп, ақыл-кеңес беру керек. Бұл жұмыстың барлығын және шын ниетіңмен жасауға міндеттісің. Себебі кіп-кішкентай «періштелерге» қалай қабақ түйіп қарайсың? — дейді аға медбике.

Оның айтуынша, №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы 2006 жылы қалалық балалар клиникалық ауруханасы болып ашылған. Қазір аурухананың жаңа туған нәрестелер патология бөлімінде 3 дәрігер, 15 медбике жұмыс жасайды. Қызметкерлердің барлығы —  жоғары білікті мамандар. Бөлім 30 орынға арналған.

  • Біздің бөлім жаңа туған нәрестелерге 28 күнге дейін күтімін жасайды. Қазіргі кезде бөлімде 31 нәресте жатыр. Олардың дені неонатальдық (нәрестелік кезеңдегі) сарғаюмен ауырған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша ем жасап, оларға фототерапия жасап жатырмыз. Бөлімде нәрестелердің ем алуына қажетті жабдықтар жеткілікті, — дейді Раиса Дүйсенқызы.

Аға медбикенің айтуынша, ауруханада  «Кювез» аппараты жұмыс істейді. Аппараттың  тиімділігі сол, жаңа туған сәбидің денсаулығын қайта қалпына келтіреді. Мәселен, нәресте неонатальдық сарғаюмен ауырғанда ол белгілі бір қалыптағы ауада тыныс алуы керек. Ал фотошам сәбидің денесін қорғап, оны сарғаюдан айықтырады. Сондай-ақ, шала туған нәрестелерді жетілдіру үшін осы аппарат қолданылады.

  • Біз нәрестелерден бөлек аналарға да қолдау көрсетіп, демеу боламыз. Тұңғыш сәбиін дүниеге әкелген аналарға ақыл-кеңесімізді айтып, баланы қалай емізу керек, оларға қалай күтім жасау керектігін үйретеміз. Лекциялар жүргізіп, бейнеслайдтар көрсетеміз, — дейді ол.

Раиса Дүйсенқызы өз ортасына беделді медбике ғана емес, жаңа туған нәрестелердің қорғаушысы. Олай дейтініміз, баласы сырқаттанған барлық туыстары мен таныстары Раисаны іздеп табады. Оның көмегіне жүгінеді.

  • Медбикелер — медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын. Сондықтан біз, медбикелер, қай кезде де жеке басымыздың мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоямыз. Өз жұмысымызды үлкен жауапкершілікпен атқарамыз, — дейді аға медбике.

.

  МЕЙІРІМ

14 жыл бойы Шалқар ауданы Бегімбет ауылында акушер болып, талай баланың кіндігін кескен Жанна Өтебаева қазір Ақтөбе қаласындағы №6 қалалық емханада

алдын ала егу кабинетінің медбикесі болып жұмыс істейді.

Жұмысы көрінбейтін, бірақ атқаратын міндеті зор бұл қызметке Жанна өткен жылы ауысып келіпті. Бұған дейін ол Шалқар ауданының Бегімбет ауданында акушер, одан кейін Хромтау аудандық ауруханасында алдын алу кабинетінің медбикесі болып қызмет жасаған.

  • 1997 жылы Ақтөбе медициналық училищесінен акушерлік мамандығын аяқтап, елге келіп жұмыс жасадым. 14 жыл сол ауылда акушер болып, жүздеген баланың жарық дүниеге келуіне үлесімді қостым. Талай баланың кіндігін кесіп, кіндік шеше атандым. Жастайымнан осы мамандықты қалағанымнан кездескен қиындықтардың бәріне төзіп, өз ісімді жауапкершілікпен атқардым, — дейді медбике.

Жанна Өтебаеваның өмірінде қызығы мен шыжығы мол жұмыстағы еске алар қызықты оқиғалары мен қызметте кездескен қиындықтары көп. Соның бір мысалы, Бегімбет ауылының тұрғыны Гүлден Убайтжанова баласы Темірланды жедел жәрдем көлігінде дүниеге әкелуі еді.

  • 2004 жылдары ауылдағы перзентхана жабылып, тек акушерлік кабинет қана қалған еді. Содан бастап ауыл әйелдері аудан орталығына барып босанатын болды. Гүлден Убайтжанова да біздің кабинетке келіп қаралып, сәбиін тағатсыздана күтіп жүрген. Уақыты жетпей толғағы қысып, аяқ астынан Шалқар қаласына жеткізу керек болды. Баланы аман алып қалу үшін жедел жәрдем көлігіне отырып, қалаға жол тарттық. Дәрі-дәрмек, қажетті құрал-жабдықтарымды алып шыққанмын. Қалаға жетпей келіншек қиналып, амал жоқ, жолда босандыруға тура келді. Шекесі торсықтай ұл туды. Есімін Темірлан деп қойды. Қазір сол бала 2-сыныпта оқып жүр, — дейді Жанна Өтебаева.

Оның тәжірибесіндегі ең алғашқы сәби Аружан Әбдірашова қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 1-курсында оқиды. Ең кішісі балабақшада тәрбиеленіп жүр.

Өзі туған өңірге қызмет етуді борыш санаған Жанна осылай 14 жыл ішінде талай әйелдің өміріне арашашы болды, перзентханадан баласынан айырылып жалғыз кеткен талай әйелдің тағдырына куә болды.

Ал қазір Жанна қалалық емханада ересектер мен балаларға алдын ала жасалатын екпелер егеді. Оный айтуынша, қазір қала тұрғындары сіреспе, құтырма, туберкулез ауруларына қарсы екпе алып жатыр.

  • Біздің жұмысымызды көп адам оңайға санайды. Алайда әр адамға екпе егіп, оның денсаулығының қалыпты болуына, алдын алу шараларының дұрыс орындалуына алаңдайтынымызды ешкім түсіне бермейді, — дейді ол.

Жаннаның айтуынша, қазір медбикелер жаңа заман талабына сай жан-жақты сауаттанған, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, жанашырлық қабілеті зор. Олардың арасында игілікті істе адал еңбегімен елге танылып, шипалы қолымен талай жанның сауығуына септігін тигізіп жүргендер аз емес.

Біздің түйгеніміз, Жанна да осы топтағы медбикелердің көш басынан көрініп жүрген орта буын қызметкерлерінін бірі.

Өзінің кәсіби біліктілігімен қоса мейірімділігімен қала тұрғындарынан алғыс алып жүрген медбике Жанна Өтебаева  отбасында ардақты ана болып отырған ақ халатты абзал жан.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button