Спорт

Бапкерлер сайысы: Юрий Уткульбаев басым болып тұр

Премьер-Лига

Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен соңғы екі ойынды бапкерлер сайысы деуге де болатын сияқты.

9 мамыр — Жеңіс күні өткен кездесуде Юрий Уткульбаевтың жігіттері «Атырау» командасын 1:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ жанкүйерлер 1 мамыр күні «Ақтөбе» осындай есеппен оза шауып келе жатқан «Оқжетпесті» де ұтқанын естен шығара қойған жоқ.

Ал бұл екі ойынның бапкерлер сайысы болатын себебі, қос Владимир — «Атыраудың» бас бапкері Владимир Никитенко да, «Оқжетпестің» бас бапкері Владимир Муханов та кезінде біздің «Ақтөбенің» тізгінін ұстаған болатын. Рас, олар басқарған кездегі құрам ылғи тәжірибелі футболшылардың ордасы еді. Ал қазір, мысалы, кешегі турда алаңға шыққан «Ақтөбе» құрамы футболшыларының орташа жасы 24-тен де асып жарымайтын болса, атыраулықтар — 28-29 жас аралығындағылар. Және бұл көрсеткіш біз бен біз кездесіп келе жатқан барша клубтардың арасындағы тұрақты айырмашылық.

Тағы бір ерекшелік, «Атырау» бұған дейін қатарынан төрт тур бойы жеңіліссіз ойнап келе жатса, «Оқжетпес» Ақтөбеге келгенге дейін қатарынан бес тур бойы жеңімпаз атанып келе жатқан болатын. Іріктелген футболшылардан жасақталған екі команданы да іріккен — жас ойыншылар.

Енді 9 мамыр күнгі ойынға оралсақ, голдың пенальтиден соғылғаны болмаса, «Ақтөбе» атыраулық футболшылардың адымын аштырмай қойды. Марат Ситдыков, Виктор Крюков жасаған соққылар, бұрыштамаға айналған Дидар Жалмұқанның тепкісі, Никита Бочаровтің екі рет қақпа маңайындағылардың есін шығарғаны, Илья Михалевтің қапы қалғаны, әйтеуір, бірінші таймда қарсыластар қақпасына қалайша гол соғылмағанына таңғалуға болады. Оның үстіне Куасси Куаджа тәрізді қорғаушыларымыз да еш абдыраған жоқ, шабуылдарға май құйып отырды.

Бірінші таймды сүреңсіз өткізген «Атырау» кездесудің екінші бөлігінде қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты, бірақ еш нәтиже шығара алмады. Оның есесіне ақтөбеліктер қос өкпеден қысқан шабуылдарын үдете түсті. Осындай шабуылдардың бірінде оң жақ қанаттан ақтөбелік Никита Бочаровтың қақпа маңайын нысанаға алып шірене соққан добын атыраулық қорғаушы Валерий Коробкиннің қолы (аяғы емес) кері серпіді. Төреші Денис Тевяшов еш ойланбастан он бір метрлік айып нүктесін көрсетті. Пенальти орындауға келген Дидар Жалмұқан еш қателескен жоқ, қақпашы Жасұр Нарзиқұлов солға қарай құласа, доп оң бұрышқа зып етіп еніп кетті — 1:0.

Рас, ақтөбелік футболшылардың бұл голды еселей түсерлік те ынтасы жеткілікті болып еді, әттең, мүмкіндіктерді сәтті пайдалана алмай қалды. Әуелі Никита Бочаровтың, одан соң Абат Айымбетовтың соққылары нысанаға жетпеді. Мұндай кемшін тұстарды бас бапкер Юрий Уткульбаев та мойындады. «Бүгін ойыннан гол соғудың сәті түсерліктей-ақ болып еді, шапшаң шабуылдарға бірнеше рет артық күшпен шықтық. Бірақ сәті түспей қойды. Әйтсе де, қалай дегенде де, мүмкіндіктер болды-ақ. Әсіресе, алғашқы кезеңде қос қанат белсенді қимылдады. Дегенмен бірде қарсыластарымыз жақсы қорғанды, бірде біздің шеберлігіміз жетпей жатты. Жетістіктерге ұмтыламыз», — деді ол кездесуден соңғы баспасөз мәслихатында. Бұл да құр уәде емес екеніне сенуге болады. Олай дейтініміз, міне, жас команда бұл кездесуде жарақатына байланысты ойыннан тыс қалған тәжірибелі капитан Самат Смақовтың орнын жоқтатпастан заңды жеңіске жетті.

Кездесуде, расын айту керек, «Атырау» сапындағы Александр Куретян, Павел Шабалин, Ұлан Қонысбаев тәрізді футболшылар да соққылар жасап бақты, бірақ Самат Отарбаев қақпасының құлпына кілт табудың еш мүмкіндігі болмай қалды.

Осылайша 10-турдан соң «Ақтөбе» турнир кестесінде 5-орынға мығым орналасты.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 1:0

Гол авторы: Дидар Жалмұқан, пенальти, 74-минут (1:0)

Ескерту қағазын алғандар: И.Михалёв, 75-минут; А.Тотай, 90+1 минут («Ақтөбе») — В.Коробкин, 73-минут («Атырау»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси  Куаджа, Михаил Петролай (капитан), Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Илья Михалёв (Абат Айымбетов, 79-минут), Егор Азовский, Дидар Жалмұқан (Сандро Цвейба, 85-минут), Асланбек Кәкімов (Абылайхан Тотай, 57-минут), Виктор Крюков.

«Атырау»: Жасұр Нарзиқұлов, Александар Дамчевски, Владимир Аржанов (Александр Макась, 76-минут), Александр-Паул Куртеян, Пшемыслав Трытко (Павел Шабалин, 61-минут), Алдан Балтаев, Алексей Мулдаров, Владислав Кузьмин, Ұлан Қонысбаев, Валерий Коробкин, Алтынбек Сапаров (Абдель Ламанж, 75-минут).

9 мамыр. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 5500 адам.

(10-тур кездесулері туралы толық есеп газетіміздің келесі номерінде ұсынылады).

 

Екінші лига

 

БІРІНШІ РЕТ СҮРІНДІ

 

14 команданың арасында сынға түсіп келе жатқан «Ақтөбе-U21» үшінші турда алғаш рет сүрінді.

7 мамыр күні Талдықорғанда өткен «Жетісу-U21» командасымен кездесу кезінде жастарымыз бірінші таймға қосылған үшінші минутта (45+3) өз қақпасына гол жіберіп алды да, қарымта доп салудың сәтін түсіре алмады — 0:1. Бұл — ақтөбелік жастар қақпасына енген алғашқы гол.

Тағы бір айта кетер жайт, талдықорғандық төреші кездесудің 27-минутында ақтөбелік екі футболшыны (оның біреуі осыған дейін 3 гол соққан Игорь Бойчук), талдықорғандық бір ойыншыны жасыл алаңнан қуды.

Осы турдан соң «Ақтөбе-U21» 6 ұпаймен екінші орынға түсті. Бірінші орынға 7 ұпаймен «Қайрат-U21» командасы шықса, үшінші орында «Астана-U21» тұр.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button