АуылЖаңалықтар

Қарабұтақтың орманы көгереді

Тазалық айлығы

Табиғатты оңалтудың бір жолы — көгалдандыруға ерекше көңіл бөлу, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу. Қарабұтақ мемлекеттік орман шаруашылығының директоры Нұрлан Жұмашев басқарған ұжым биыл көктемнің қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, далалыққа тал-терек отырғызуға жинақы кірісті.

— Біздің қарамағымызда 36 мың гектар орман алқабы бар, — деді шаруашылық басшысы, — бұл аймаққа Бөгетсайдан бастап, Қарабұтақ, Ырғыз, Комсомол өңірі кіреді. Қазір бізде 57 жұмысшы еңбек етеді. Басты міндетіміз — бұрыннан бар орманды күтіп-ұстап, жыл сайын жаңғырту, жасарту жұмыстарын жүргізу.

Жұма күні қарабұтақтық орманшылар түгелдей далалық алқапқа шығып, жаппай көшет отырғызуға кірісті. Бұл шараға жан-жақтағы учаскелерде еңбек ететін жұмысшылар түгел жиналды. Олар бас-аяғы екі-үш күнде тынымсыз еңбек етіп, межелі шаруаларды тиянақтамақшы.

Бөгетсайдан келген орманшы Марат Қиынбаев жас көшеттерді жұмысшыларға таратып, оларға жөн сілтеуде. Тәжірибелі маман Ақалмас Дүйсенов «жердің көгергені — елдің көгергені» деп өз жұмыстарына ынталылығын білдірді.

Осыдан бірер күн бұрын ғана Сары ишан қорымы маңына егілген 464 түп ағаш бүр жара бастапты. Енді оған күтім жасалып, өріске шыққан малдан қорғау жұмыстары жүргізілмекші. Алдағы уақытта Былшық би ескерткіші айналасына да тал-теректер отырғызылмақшы.

Аудан әкімі Аманғали Бердалин жақында ғана көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсету үшін бір миллион теңге бөлетіндігін айтқан. Бұл қаржыға орманшылар Қарабұтақ селосындағы паркті, басқа да халыққа қызмет ететін орындарды жаңғыртпақшы.

Ұжымдағы Нұржан Төрежанов, Қайрақбай Сүлеев секілді тәжірибелі мамандар жастарға үлгі көрсетуде.

Орман шаруашылығының көптен жинақталып қалған өзіндік проблемалары да аз емес. Мәселен, ескіден келе жатқан тәлімбақ өзеннің арғы бетінде қалғандықтан пайдалануға жарамсыз болып тұр. Сондықтан орманшылар өскін шығаратын уақытша учаскені іске қосуға мәжбүр болып отыр. Ағаш отырғызудың технологиясын жетік білетін мамандар да жоқтың қасы. Техника жағы жеткіліксіз, кілең ескі-құсқы.

Жаз айларында өрт қаупі қашан да болып тұрады. Сондықтан жақын маңда жаттығу әрекетін ұйымдастыру қолға алынбақшы.

Шаруашылық директоры Қостанайдан, Қазалыдан, өзіміздің Мәртөктен өскіндер алдырып, егіп жатқанын, бұл жұмыстардың жүйелі жүргізіле беретінін айтты.

…Сонымен, орман шаруашылығы ауласындағы ерекше күтімге алынған көшеттер енді аз күнде бой көтеріп, жайқалып тұрмақшы. Қарабұтақтық орманшылар бұған нық сенімді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button