БілімБасты жаңалықтар

Облыс әкімі жас ғалымдармен кездесті

Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жас ғалымдар кеңесінің алғашқы жиынына қатысты. Басқосуда кеңестің жұмыс жоспары пысықталып, жастар ғылымды дамытудағы ой-пікірлерін ортаға салды.

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев ғылым, білім, өндірістің басын біріктіріп, ғылымдағы жаңалықтарды өндіріске енгізуді жүктеген болатын. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін осы үш саланың ықпалы зор. Елімізде бірінші рет Ақтөбеде жас ғалымдарға қолдау, көмек көрсету, олардың ғылыми жобаларын тиімді пайдалану мақсатында аймақ басшысының тапсырмасымен  ақпан айында жас ғалымдар кеңесі құрылған болатын. Жиында сөз алған облыс әкімі жастарға жүктелген міндеттің жауапкершілгі зор екенін айтып, өңір дамуына ықпал ететін ғылыми жобаларды қолдауда қаржылай да көмек көрсететіндігін жеткізді. Жас ғалымдар кеңесі үшін бюджеттен 10 миллион теңге бөлініп отыр. Аймақ басшысының айтуынша, нәтижесі мол жобалар көбірек болса, оны іске асыру үшін қаржы да көбірек бөлінетін болады.

Әсіресе, информатика, жасыл экономика саласындағы тың жобаларды жүзеге асырып, күнделікті тұрмыста қолдануымыз керек. Жастар кеңесін құрудағы мақсат —  осы жаңа бастамаларды қолдап, өңірдің экономикасын дамытуға пайдалану, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде азық-түлік өнімдерінің денін сырттан таситынымызды айтты. Көкөністі өсіру үшін жер көлемі де көп, су қоры да мол. Дегенмен, тиімді пайдалана білмеудің салдарынан дайын өнімді ғана тұтынамыз. Сондай-ақ, жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды тек қана шикізат күйінде сатып, өзге елдерден сол өнімдерімізді дайын күйінде қымбат бағаға сатып аламыз.

Қазақстанда шамамен 70-ке жуық атаумен сүт сатылады. Ал Белоруссияда сүттің 230 атауы бар. Біздегі сүт өндірісінің сиқы — осы. Сүт өнімдерінің санын, сапасын арттыру туралы әңгіме басқа. Бұл ретте ғалымдардың көмегі қажет, — деді облыс әкімі.

Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Олжас Смағұлов кеңес жұмысы туралы баяндама жасады. Жас ғалымдардың материалдары жинақ етіп шығарылады. Сондай-ақ тоқсан сайын  электрондық үлгіде ақпараттық бюллетень  шығарылады. Еліміздегі жас ғалымдардың басын қосып,  конференция өткізу де жоспарланып отыр.  Жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру мақсатында мектептерде ғылым апталығы өткізіледі, флешмоб ұйымдастырылады.

Басқосу барысында жастар жаратылыстану, техникалық, медициналық, ауылшаруашылық салалары бойынша зерттеу жұмыстары, ізденістері туралы айтты.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында білім алған Ақмарал Баспақова жемсау ауруының таралуы және профилактикалық шаралар туралы зерттегенін баяндады.

Жемсау ауруы йод жетіспеушілігінен болады. Йодтың пайдасы зор. Ең бастысы, йод адамның интеллектуалдық қабілетінің артуына септігін тигізеді. Ал біз күнделікті тұрмыста йодталған тұзды қалай сақтау керектігін білмей жатамыз. Йодталған тұз жабық ыдыста болуы қажет. Оны ашық қалдыруға болмайды. Өйткені ашық қалған ыдыстағы тұздан йод ұшып кетеді. Демек, мұндай тұздың организмге пайдасы жоқ, — деді Ақмарал Баспақова.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Өтеген Сариев шикізатқа тәуелділіктен құтылу үшін металл сынықтарын сыртқа сатпай, өзіміз өңдеп, өндіріске пайдалану керектігін айтты.

Мамандығым — металлург. Облыстық әкімдіктің ұйытқы болуымен жақында облыстағы өндіріс орындардың, ірі кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен таныстық. Ақтөбеде екі кәсіпорын металл өңдеумен айналысады. Металл өңдеудің үш түрі бар: металды кесіп өңдеу, металды қысыммен өңдеу және металды құйып өңдеу. Аталған өндіріс орнында металл кесіп өңделеді екен. Шикізатты Ресейден алады. Кәсіпорындардың басшыларының айтуынша, Ресейден шикізат алу оңай шаруа емес.  Өйткені олар көп көлемдегі тапсырыс берушілермен ғана жұмыс істейді. Сөйтіп, бұл кәсіпорындардың тапсырысын уақытында жібермейді. Сырттан тасымалданатын шикізаттың құны, жол шығыны қымбатқа түсетіндіктен, одан дайындалған өнімнің де бағасы арзан болмайды. Ақтөбеде  ай сайын 1000-2000 тонна металл сынықтары шетелге сатылып жатыр. Менің  ұсынысым, сол металл сынықтарын өзімізде балқытып, өңдеуге болады. Сонда шикізатқа тәуелділіктен құтыламыз, — деді жас ғалым.

Ақтөбеде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 100-ден астам жас білім алып келген.

Мемлекет біздің әлемнің озық, жетекші университеттерінде білім алуымыз үшін қаржы аямай, инвестиция салды. Сол инвестицияны қайтаратын уақыт жетті. Енді біздің де мемлекеттің экономикасы қарқынды дамуы үшін инвестиция құюға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруымыз қажет, — деді  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жайық Сұлтан.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, жастардың жұмыстарына табыс тіледі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

  

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button