ЖаңалықтарТарих

Имандылық мектебі

Ертең Ақтөбеде Қабақ баба атындағы мешіттің ашылу салтанаты өтеді.

Мешіт құрылысы 2009 жылы ресми басталған еді. Биыл аяқталып, енді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағына берілмек.

Біз «Мешіт атауына ие болып отырған Қабақ кім еді? Оның арғы-бергі тарихы қандай? Неге оның аты беріліп отыр?» деген мәселенің басын ашықтаған дұрыс деп есептейміз. Қабақ туралы 2001 жылы жарық көрген облыстық «Ақтөбе» энциклопедиясында: «Айтұлы Қабақ (шамамен 1611-1689 жж. қазіргі Өзбекстан, Шыршық өзені, Аққайран деген жер) Ноғай Ордасының билеушісі Мұсахан ұрпағы. Ел ұйытқысы болған би. Есімі руға  шыққан. Сайрам соғысының (1681-84) қаһарманы Тілеу Айтұлының туған ағасы. Ағайынды екеуіне қатысты  «Тілеу-Қабақ» дейтін ән бар. Ойраттарға қарсы күрескен Бақтыбай, Жарас, Қарабас батырлардың, отарлық езгіге қарсы күрескен Есет Көтібарұлы, Ерназар, Бекет батырлардың, Әзберген Мұңайтпасұлының, т.б. әйгілі  адамдардың арғы атасы. Ақтөбе облысында ондаған мың ұрпақтары тұрады»  деп таңбаланған (221-б.). Бұған қосарымыз Қабақ баба халық жадында діни қайраткерлігімен сақталған. Ел аузындағы «Қабақтың жары молда, сексеннің бәрі молда» деген сөз де, Шалқар өңіріндегі мешіттердің имамдарының Қабақ ұрпақтары болғандығы да Ақтөбедегі жаңадан ашылып жатқан мешіт атына осы тарихи тұлғаның есімінің берілуінің қисынын негіздейді.

Энциклопедиялық стилмен сығымдалып, қысқа тұжырымдалған бұл деректердің астарын аша түссек, Қабақтың туғанына биыл 405 жыл толып отыр, есімі руға шыққан, ел ұйытқысы болған би, оның үстіне Ноғай Ордасының билеушісі Мұсаханның ұрпағы. Ноғай Ордасының билеушілерін «хан» деп атамай «ұлы би» деп атаған, орыстардың «ұлы князь» дегені сияқты. Мұса — Ноғай Ордасын 1457-1502 жылдар аралығында билеп, мемлекетін экономикалық жағынан көтеріп, айбарын асырып, елін батыс пен шығысқа бірдей танытқан ірі тұлға. Мұса бұрынғы Алтын Орданың  көптеген шұрайлы жерлерін өзіне қаратып, халқының өрісін кеңейтті. Оның билік құрған заманында Еділ мен Жайық арасы, Ор, Жем, Қарғалы-Елек өзендерінің бойы, Мұғалжар тауына шейінгі аралық  ноғайларға қарады. Орта ғасырлық қазақ тарихшысы Қадырғали бек Жалайыри: «Атасынан соң Мұса би болды. Ол ұлысты өзі биледі», —  деп жазады. «Шайбани-наменің» авторы, тарихшы Камал әд-Дин Бинай оны «Қыпшақ даласының билеушісі» деп атаса, Ғийс әд-Дин Хондемир «Дештідегі әмірлердің әмірі» деп таңбалайды. Ноғай Ордасының тарихын зерттеуге біраз ғұмырын, күш-қайратын жұмсаған, «История Ногайской Орды» деген монография жазған москвалық танымал тарихшы В.В.Трепавлов «Муса — истинный создатель независимого Мангытского юрта, т.е. Ногайской Орды»  деген тұжырым жасайды және Мұсаның Алтын Орданың тұтқасын 17 жыл ұстаған Ер Едігенің тікелей ұрпағы екенін айғақтайды. Мұса ұрпақтары кейінгі бірнеше хандық пен ұлыстарда билік құрған. Орыс тарихында кездесетін князь Юсуповтар, князь Шайдаковтар, князь Урусовтар да — Мұса ұрпақтары. Жыр-дастандардағы  Орақ пен Мамай, Қарасай мен Қази, Алшағыр, Қалу, Сары — Мұсаның ұрпақтары.

Мұсаның есімі әйгілі «Қырымның қырық батырына» енген. Онда «Мұса хан» эпосынан үзінді бар. Толық нұсқасын Нұрпейіс Байғанин жырлаған. Бұл эпостың тарихи негіздерін зерттеуге академик В.М.Жирмунский айрықша ден қойған.

Энциклопедияда Қабақтың туған інісі деп аталып отырған Сайрам соғысының (1681-84) қаһарманы Тілеу Айтұлының атақ-даңқы бұл күнде респулика зиялыларына тегіс мағлұм. Ойраттарға қарсы күрескен Бақтыбай, Жарас, Қарабас батырлар туралы жария көрген деректер де қазір баршылық. Ал Қабақтан тараған Көтібар, Арыстан, Бекет батырларды ұлы академик-жазушы Мұхтар Әуезов исі қазаққа танытып кетті. Көтібар мен Арыстан жазушының «Айман-Шолпан» пьесасына арқау болса, «Бекет батыр» тарихи жыры туралы арнайы зерттеу жазды. Мұнымен шектелмей, «Бекет» атты драмалық шығарма тудырды, онысы 1939 жылы Алматыдағы опера-балет театрында қойылды. Бекеттің ел тәуелсіздігі үшін күресін ұнатпаған совет өкіметі оны кейін сахна төрінен алдырып тастады.

Осы тұста айта кетер бір айрықша жағдай, Қабақ бабаның ұрпақтары ішінен хандардың шығуы. Қабақтың үлкен баласы Қангелді, одан Қалдыбай хан туған. Ұлттық  «Қазақстан» энциклопедиясында: «Қалдыбай хан Қангелдіұлы  (т-ө.ж.б.)  – батыр, қоғам қайраткері. Қазақ Ордасын жоңғар басқыншылығынан қорғауда көзге түскен. 1681-84 жж. Сайрам маңындағы соғыстарда ерлік көрсеткен.  Қазіргі Өзбекстан жерінде ел билеп, «қарадан шыққан хан» атанған. Пұсырманұлы Қарабас, Жарас батырлардың, Шекті Мөңке бидің ұстазы. Түркістан қаласында бір көше Қалдыбайдың есімімен аталады» — делінген (5-т., 496-б.). Қалдыбай 1681-84 жылдардағы Сайрам соғысына ағасы  Тілеумен бірге бастан-аяқ қатысқан. Тілеудің сүйегін жау қолынан алып шығуда, оны Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуде айрықша қайрат қылған. Қалдыбайдың хан болғандығы туралы 1992 жылы Алматыдан басылып шыққан «Алты ата Әлім» атты кітапта атап өтіледі (Алты ата Әлім. – Алматы: Рауан,  1992. 22-23 беттер). Біз бұдан отарлық езгіден құтылып,  тәуелсіздік алған бойда-ақ Қалдыбайдың аты кітапқа түскенін, тасқа басылғанын аңдаймыз.

Қалдыбайдың айрықша тұлға болғандығы турасында тағы бір нақты айғақ 1994 жылы Алматыдағы Ер-Дәулет баспасынан жарық көрген, белгілі тарихшы Х.Табылдиевтың «Кіші жүз рулары. Шежіресі мен тарихы» деген ғылыми-танымдық кітабында аққа қарамен таңбаланған. Онда былай жазылған:  «Қабақтан  атақты адамдар баршылық. Солардың ішінде қарадан хан болған (қазіргі Өзбекстан, Бұқар, Хиуа жерінде) Қалдыбай, Әзбергендер», – делінген (53-бет). Басқасын былай қойғанда ұлттық энциклопедиядағы, «Шекті Мөңке бидің ұстазы» деген деректің өзі Қалдыбайдың кім болғанын айғақтайды.

Қабақтың тағы бір ұрпағы Әзберген Мұңайтпасұлы туралы С.Мұхтаров, И.Асқар, С.Сайфулмаликова зерттеулер жазды, тарихшы  Жанар Есіркепова  2010 жылы «Әзберген би Мұңайтпасов: өмірі және қазақ азаттық қозғалысындағы орны» деген тақырыпта диссертация қорғады.

Алматылық тарихшы, профессор Сабира Сайфулмаликова «Әзберген Мұңайтпасұлы кім еді?» атты зерттеуінде Әзбергеннің әуелі Хиуаның бегі, содан соң ханы атағын алғанын көрсеткен. 1856 жылы 11 тамызда генарал-губернатор В.А.Перовский Сыртқы істер министрлігіне: «Есет Көтібарұлын қолдаушылардың бірі Әзберген Хиуадан бек атағын алды», – деп жазады (53-б.).

1870 жылы Ырғыз үйезі бастығының Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған хатында: «Хиуа ханы өз халқының салты бойынша би Әзберген Мұңайтпасұлын хан жариялады», – делінген (қараңыз: С.Сайфулмаликова «Әзберген Мұңайтпасұлы кім еді?»// «Қазақстан тарихы» журналы, № 5 , 2006 ж. 56-б.).

Өзі би атанып, ел билеген, аты руға шыққан Қабақ бабамыздың арғы аталары Едіге, Мұса хандар десек, одан тараған ұрпақтардан, міне, осындай белгілі тұлғалар өрбіген.

Облыстық «Ақтөбе» энциклопедиясындағы мәліметті тарата талдау барысындағы бұл деректер, газет оқырмандарына Ақтөбеде жаңадан ашылып жатқан мешітке Қабақ Айтұлы атының тегіннен-тегін берілмегендігін көрсете алады деп ойлаймыз.  Хақ Тағала мешіттің ғұмырын ұзақ қылып, абырой беріп, Қабақ бабаның есімін  қиямет қайымға дейін өшірмегей. Ұрпақтарды оң жолға бастағай.

 

Жұма-Назар АСАНҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button