ЖаңалықтарЭкономика

Аймақаралық кооперация: Аралдың балығы, Қазалының кәмпиті

Аймақаралық кооперация аясында облысымыз еліміздің оңтүстік аймақтарымен әріптестік құру жұмыстарын күшейте бастады. 6 наурыз күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Орда» базарында өткен Қызылорда және Ақтөбе облыстарының тауар өндірушілері өнімдерінің көрме-жәрмеңкесін аралады.
Ақтөбеге Сыр өңірінің кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері делегациясын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бастап келді.
Екі аймақтың кәсіпкерлері өздері өндіретін өнімдерді екі жаққа да тиімді шарттармен жеткізу мәселелерін тікелей талқылау мүмкіндігіне ие болды. Қос облыстың тауар өндірушілері импорт алмастыру тақырыбын, сонымен қатар көршілес облыстардың өнеркәсіптерінің даму динамикасына оң ықпал ету жолдарын саралады.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтарға кооперацияларға бірігу керектігін айтып, осылайша бір-бірін қажетті азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуге шақырды. Мұның нәтижесінде импорт көлемін азайтуға болады. Қызылордада шығарылатын өнімді ақтөбелік кәсіпкерлер сол жақтан сатып алулары керек. Сонымен қатар, біздің өңірдің әлеуетімен танысқан қызылордалықтар да Ақтөбеден шығарылатын өнімдерді өздеріне апарып сатулары тиіс. Бұл өз кезегінде аймақтардың экономикасын дамытуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз жоғарылауына жол бермейді, — деген Бердібек Сапарбаев екі облыс арасындағы экономикалық байланысты одан әрі тереңдету үшін барлық жағдайдың бар екенін айтты. Тасымал бойынша да ешқандай кедергі жоқ. Өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын автокөлік және теміржолдары бар.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Ақтөбе және Қызылорда облыстары арасындағы аймақаралық кооперацияның негізгі тұжырымдамалары мен бағыттары бір айдың ішінде әзірленуі тиіс. Содан кейін екі облыстың басшылары аймақтардың өзара тиімді ынтымақтастығына бағытталған аймақаралық кооперация туралы келісімшартқа қол қоятын болады.
— Қызылорда дегенде ең алдымен күріш еске түседі. Сол күрішке қоса балық, тұз, картоп, сәбіз, пияз, ет, тағы басқа азық-түлік өнімдерін алып келдік бүгінгі жәрмеңкеге. Тұтынушылардың Қазалыдан әкелінген мұз кәмпитке деген сұранысының да жоғары екенін байқап қалдым жаңа, — дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов. Оның айтуынша, көршілес облыс екі жақты әріптестікке дайын. Мәселен, қызылордалық мал өсірушілер Алға ауданында ашылған ет комбинатына қызығушылық танытып отыр. Жаңа комбинат олардың өнімдерін шетелге экспорттауына мүмкіндік береді. «Біз Ақтөбеден бидай мен өндіріс саласының өнімдерін сатып аламыз. Екі облыс арасында өңіраралық кооперацияны дамытудың әлеуеті үлкен. Алғашқы қадамдар жасалды. Енді оны әрі қарай дамыту керек», — дейді Серік Қожаниязов.
Ішкі интеграцияны дамыту және өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдарды мейлінше болдырмау мақсатымен қолға алынған бұл шара жалғасын таппақ.
— Елбасының өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде орналасқан үш облыспен келісіміміз бар. Міне, бүгін Қызылорда облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткізіліп отыр. Қызылорда облысының 20-дан астам шаруашылығы барлығы 130 тоннадай азық-түлік өнімдерін әкелді. Бұл өнімдердің жалпы құны — шамамен 30 миллион теңге. Сонымен қатар, «Ақтөбенің өнімдері» акциясының жалғасы ретінде әрі қызылордалық кәсіпкерлерге таныту мақсатында бұл жәрмеңкеде жергілікті өнім өндірушілеріміз де өз өнімдерін ұсынып отыр. Барлығы 21 кәсіпорын қатысуда. Бұл жәрмеңкенің жалғасы ретінде алдымыздағы апталарда кезегімен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтары өз өнімдерін ақтөбеліктерге ұсынатын болады. Содан кейін біздің азық-түлік тауарын өндірушілеріміз де аталған облыстарға барады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Аян Ықылас.
«Орда» базарының аумағында өткен жәрмеңке барысында қала тұрғындары мен қонақтары көрші облыстың тауарлары және қызметтерімен танысып, Ақтөбе базарларындағы бағаларға қарағанда біршама арзан бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндіктеріне ие болды. Мәселен, қызылордалықтар күріштің келісін 150 теңгеге саудалады, ал жергілікті сауда орындарында күріштің келісі — 220 теңге. Картоптың келісі — 50 теңге, пияз — 35 теңге, сәбіз — 45 теңге. Аралдың балығы мен Қазалының мұз кәмпиті де сатылды. Жәрмеңке кезінде жалпы құны 40 миллион теңгенің 150 тонна өнімі саудаға шығарылды.
—Қызылорда облысының Қазалы ауданынан әкелінген шұбаттан дәм таттым. Өте жақсы, сапасы ұнады. Барлық тауар түрлері бар, бағалары да арзан. Осындай жәрмеңке апта сайын өткізіліп тұрса, халыққа да жақсы болар еді, — дейді жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының бірі Жолдыбай Сейітжан.
Жәрмеңкенің боларын БАҚ арқылы естіп, балаларымен бірге арзан бағамен сатылатын азық-түлік өнімдерін алуға келген Сара Шәрипова апай да дән риза.
— Бұрын жәрмеңкеге бармайтын едім. Бірақ қазір барлық зат қымбаттауда. Сосын жәрмеңкеде азық-түлік бағаларының арзан екенін естіп, келіп тұрмыз. Біраз азық-түлік сатып алдық. Бағалары тиімді. Мысалы, сүт сатып алдым. Басқа базарлармен салыстырғанда өте арзан. Мына сатып алған заттарым: күріш, сәбіз, картоп, пияз, балық — мұның барлығы Қызылордадан әкелінген екен, — дейді ол.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button