Басты жаңалықтар

Пияз 35, Сәбіз 40, Күріш 150 теңгеден сатылды

Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Табыс», «Алтай» базарлары мен «Орда» сауда үйін аралап, халық көп тұтынатын негізгі азық-түлік түрлерінің бағаларын жеке өзі бақылады.
Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Базарларды басқару» ЖШС еліміздің өзге де облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей сауда қарым-қатынасын құрудың қамын жасауда. Мақсат — сапалы өнімді тұтынушыға делдалсыз жеткізіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Жоғарыда аталған сауда орталықтарында бұл күні «Ақтөбе өнімдері» атты көрме-жәрмеңкелер өткізілген болатын. Жәрмеңкелерге Ақтөбе қаласы мен аудандардың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері және қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты. Арзан әрі сапалы жергілікті өнімдерді сатып алуға келген тұрғындардың саны да көп болды.
Өңір басшысы коммуналдық базардың сауда қатарларын аралап, ет, дәнді дақылдар, сүт және көкөніс өнімдерінің бағаларын сұрап білді. Бағаларда қымбатшылық байқалмайды. Содан да болар пияз, картоп сынды көкөніс түрлерін қапшығымен алып жатқандар жиі ұшырасты.
— Біздің бағаларымыз басқа сауда нүктелерімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Оңтүстік өңірлермен әріптестік негізінде соңғы аптада Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан 50 тоннадай көкөніс әкелінді. Бұрын бұл өнімдер делдалдар арқылы жеткізілетін болғандықтан олардың бағалары да қымбат еді. Ал қазір пияз 35 теңгеге, сәбіз 40 теңгеге, күріш 150 теңгеге (қаладағы орташа бағасы 220 теңге) сатылуда. Халық та разы, — дейді «Базарларды басқару» ЖШС директоры Рақымжан Таңсықбаев.
Ал жеміс-жидек түрлерінің негізінен шетелдерден әкелінетіні белгілі. Десек те базар басшылығы өнім алар кезде сауда сөрелерін жергілікті арзан өніммен толтыратындарын айтып сөз беріп отыр. Бүгінгі күні басты мәселе — қорға жиналатын көкөніс пен жеміс-жидектерді сақтайтын қосымша қоймалар қажет-ақ.
«Ақтөбе» ӘКК Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Иманғали Мусиннің мәлімдеуінше, бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының әкімдіктері және ол өңірлердегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен 30-ға тарта фьючерстік келісімшарттарға қол қойылыпты.
Облыс әкімі базарға келген қала тұрғындарымен де тілдесті, олардың өтініш, шағымдарын тыңдады. Тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын бөлім мен ет сатылатын павильонды аралады. Ол ет сатушы саудагерлердің бағаларды тұрақты ұстап, көп өзгерте бермеулерін қатаң талап етті.
«Алтай» жекеменшік базарын да аралап көрген өңір басшысы ондағы тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын бөлімде болды. Арнайы ұйымдастырылып отырған бұл нүктелердің бағалары да коммуналдық базардағы бағаларға ұқсас. Әкім бау-бақша өнімдері ұсынылған сөрелер қатарын аралап, өздері дайындаған жеке өнімдерін саудалап тұрған жандардың еңбегіне деген ризашылығын да жасырмады.
— Жұрт қалай жұмыс жасау керек екендігін сіздерден үйренсін, — деді өңір басшысы.
Облыс әкімі 11-шағын аудандағы «Орда» сауда орталығында ұйымдастырылған «Ақтөбе өнімдері» атты көрме-жәрмеңкеге де барды. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаған сауда орталығында тұрақтандыру қоры өнімдері сатылған сөрелерде кезектің көптігі байқалды.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button