ДенсаулықЖаңалықтар

Онколог мамандар тапшы

Баспасөз мәслихаты

Қазіргі күні облыста қатерлі ісікке шалдыққан 6 мың 173 адам тіркеуде тұр. Өткен жылы 1467 тұрғын осы дертке шалдықса, биыл қаңтар айында 114 адам тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен баспасөз мәслихатында онколог мамандар аталған дертке қатысты мәселелерді ортаға салды.
1-10 ақпан — Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні. Осыған орай облыстың емдеу мекемелерінде онкүндік өткізіледі. Онкүндік өткізудегі мақсат — онкологиялық аурулардың алдын алу және дертті дер кезінде анықтау, жұртшылыққа скринингтік тексерудің маңыздылығын түсіндіру. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық орталығы бас дәрігерінің онкология жұмыстары жөніндегі орынбасары Марат Көзденбаев аталған ауруды анықтап, ем жүргізу мақсатында облыста бірқатар жұмыстардың атқарылғанын айтты.
Өткен жылы шетелден бірнеше аппараттар сатып алынған. Оның ішінде нақты диагноз қойып, химиялық емді тиімді жүргізуге арналған жоғары технологиялық аппарат науқастардың аурудан дер кезінде айығуына үлкен септігін тигізген. Бүгінгі күнге дейін осы аппарат арқылы 44 адам ем алыпты.
Марат Көзденбаев соңғы жылдары республика бойынша қатерлі ісікке шалдыққандардың саны өскенін, оның бір себебі ауруды ерте сатысында анықтауға қатысты екенін мәлімдеді. Аурушаңдықтың көбеюіне байланысты кадр дайындау мәселесі де қолға алынған.
— Облыста онколог мамандар тапшы. Осы мәселені шешу үшін онкологиялық орталықта мамандандыруға арналған оқу курстары өткізіледі. Аудан мен қаладағы емдеу мекемелеріне хат жазып, қатысуға шақырамыз. Бірақ келушілер өте аз. Тіпті қаладағы емханалардан да қатысатындар бірең-саран. Мәселен, Алға ауданында алты айдан бері онколог маман жоқ. Осыдан кейін онкологиялық жағдай туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Белгіленген кесте бойынша онкологиялық орталықтағы мамандарды ауданға жіберіп отырмыз, — деді Марат Көзденбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мәмбетжанова қазір маман даярлауда талаптың күшейгенін, дәрігерлердің отбасын тастап екі-үш жыл резидентурада оқығысы келмейтінін айтты. Соған қарамастан облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан арнайы жоспар құрылып, маман тапшылығын жою мақсатындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Онкологиялық орталықтардағы мамандар аймақтағы онколог мамандары жоқ емдеу мекемелеріне бекітіліп қойылған. Гүлнар Шүкірқызы соңғы кезде ұлттық скринингтің де қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен септігін тигізгенін айтты.
— Әйелдердегі сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігін алдын ала анықтау мақсатында тұрғындар арасында тегін скрининг өткізіліп тұрады. Осы скрининг арқылы әйелдер маммографиядан өтіп, гинеколог, онколог мамандардың кеңесін алады. Сырқат белгісі ерте анықталса, қатерлі ісікті емдеп жазуға болады. Скринингтің тиімділігі мынада — қатерсіз ісікті алдын ала анықтайды, — деген орынбасар тұрғындарды скринингтен қалмауға шақырды.
Ал «Арасан-Ақтөбе» ЖШС директорының орынбасары Гүлнар Сидашева 5 ақпан күні облыстың емханалары мен онкологиялық орталықта сағат тоғыздан кешкі беске дейін онколог, маммолог, проктолог мамандар тегін кеңес беретінін айтты. Сондай-ақ 9 ақпан күні «Алтай» базарында үлкен акция өтеді. Бұл жерде де мамандар тұрғындарды тегін қабылдайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button