ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Гүлдене бер, нұрлы елім!

Ғ.Жұбанов атындағы филармонияда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, қазақ кәсіби музыкасының негізін салушы, академик А.Жұбановтың 110 жылдығына орайластырылған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, дирижер Қайырғали Қожанбаевтың «Гүлдене бер, нұрлы елім!» атты шығармашылық кеші өтті.
Бүгінде есімі республикаға белгілі Қайырғали Қожанбаевқа ұлы ұстазы Ахмет Жұбанов: «Қайырғали — шебер домбырашы, ойлы музыкант, дирижерлық аппараты жағынан, ол — өз алдына ерекше тұрған жас», — деп баға берген екен. Сол ұстаздың үлкен үмітін ақтап, саналы ғұмырын қазақ музыкасын өркендетуге арнаған Қайырғали Қожанбаевтың кешін А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі А.Жұбановтың «Би күйімен» бастады. Одан әрі биыл туғанына 90 жыл толатын ақын, композитор жерлесіміз Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Қ.Қожанбаевтың «Нұрлы елім», Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған «Алматыға таянғанда» әндерін филармония әншісі әрі актер Саламат Мұқашев нәшіне келтіріп орындады. Композитордың «Исатай деген ағам бар» (Махамбет Өтемісұлының өлеңіне жазылған) және Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қазақстан» әндерін Өркен Сағиев, халық аузынан тастамай айтып келе жатқан «Гүлдәуренді» (сөзі Мұхтар Құрманалиндікі) Аймұрат Мәжікбаев, жерлесіміз Өтежан Нұрғалиевтің сөзіне жазылған «Сағындым анамды» Манзура Сапарова шырқады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Қ.Қожанбаевтың «Бұлақ вальсі» (сөзі Кәрім Айнабековтікі) әнін айтты.
Кеш барысында халық оркестрдің орындауында Қазанғаптың «Жем суының тасқыны», «Боз жорға аттың бөгелек қағуы», Жайлау Асылхановтың «Асау-Барақ» сынды күйлерін тыңдап, бір жасап қалды. Шебер күйші Жайлау Асылханов Қ.Қожанбаевтың «Ағлен», ал арқалы күйші Асылбек Кенегесов «Серпін» күйлерін төгілтті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button